Өлеңдер ✍️
КҮТІП АЛ
Қайтып келем
күтіп алсаң сен мені,
Өзге өтініш
болмақ емес менде енді.
Өтті күндер мағынасыз,
мәні жоқ,
Сен екен –
ғой жүрген оның сәні боп.
Өтті бәрі.
Кездесулер.
Табысулар. Қуаныштар.
Сағыныштар, бәрі жоқ.
Оралмады мекеніне
күзде кеткен тырналар,
Уақыт солай өтеді де,
айтылмастан сыр қалар.
Неге қалдым кетіп қалмай,
сол тізбекке ілесіп?
Қарсы соққан
дауылдармен күресіп.
Олар кеткен
жылы жақтан хабар жоқ,
Қыр басынан
салқын самал тұр есіп.
Қалып қойдым қанатым жоқ,
Қаламын,
Жаяулатып бір күндері
сендер жақты табамын.
Ұмытпаңдар қайтар жолды
Ата қоныс – мекенге,
Қадірі жоқ туған жердің бөтенге.
Мен де кетем туған жерге,
Жата кетем тауларыма жетем де.
Сондай жанмын,
Осынымды біл десіп.
Тұрмын мылқау
тыңдаушыммен тілдесіп.
Жеткізбейтін
қуған алыс сағымды,
Не бар маған
Сонша қинап жанымды?
...Аласұрған сезімдер ғой,
шаршатқан,
Жариялап жұртқа
жайған барымды.
1984 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter