Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.02.2022
154
Ағынан ақтарылып
Ашығын айтар болсам сыр жасырмай,
Мінезім мөлдір бұлақ жылғасындай.
Шапқылап ағып келем ақ бұлақ боп,
Аптығым әлі күнге бір басылмай.
Мен неге байыз тауып басыламын,
Тынымсыз толқын атып тасынамын.
Тыңдауға тамылжыған ғашық әнін,
Арайлы ақ таңдарға асығамын.
Қондырып әр адамның басына күн,
Келеді шуақ болып шашырағым.
Қиындық кезіксе де жасымадым,
Арманды асуларға асығамын.
Үңіліп әр отбасы, әр ұяға,
Жүгініп үлкен-кіші, кәрияға,
Ағынан ақтарылып ағатұғын
Айналғым келеді әппақ дарияға.
Ашығын айтар болсам сыр жасырмай,
Өмірім аз болса да бір ғасырдай,
Көңілім Хан-Тәңірдің тұлғасындай,
Тәңірім бірге жүрген құрдасымдай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter