Өлеңдер ✍️

  26.02.2022
  140


Автор: Абдрахман Асылбек

Түгіскен

Ата мекен Түгіскен,
Атың маған тым ыстық.
Өсе келе біліскен
Өзің екен туыстық.
Бабалардың тұрағы
Балбыраған тыныштық.
Көрсем көзім тұнады,
Қойның толы ырыс-құт.
Жазы-қысы жайлаған
Таласыңның* аңғарын,
Мыңғыртып мал айдаған
Өз әкем ғой шалдарың.
Сансыз бие байлаған
Аса* бойы әсем ғой.
Сары саба сайлаған
Ол өзімнің әжем ғой.
*Түгіскен жер аты Талас.
*Аса – Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты өзендер.
Бара қалсаң жол түсіп,
Таңдай кеуіп күн ұзын,
Туған айдай толқысып,
Жеңге ұсынар қымызын.
Ата шығар ұлым деп,
Аға шығар інім деп,
Іні шығар күлімдеп,
Айтпайды ешкім бұл кім деп.
Бабаларым, бар ағам
Өр көкірек, ер кілең.
Мен солардан нәр алам,
Мен солардан өрбігем.
Өткен күннен жоқ белгі,
Биыл өзге былтырдан.
Қызғалдақтай көктемгі
Қарындас та құлпырған.
Малмен өскен бірегей
Қайран бабаларым-ай!
Керек десең – кілегей,
Керек десең – сары май.
Жиылмайды дастарқан,
Бұрқ-бұрқ қайнап қазаны.
Бір ұлы той басталған, –
Үзілмейді жаз әні.
Жан тербейді жарасты үн,
Көшіп-қонса қырға ауыл.
Жағасында Таластың
Қиқулайды қырғауыл.
Тоқылғаидай айнала
Жасыл желек пүліштен.
Ата мекен бай дала,
Жер жаннаты Түгіскен.
Мен өзіңде туылдым,
Мен өзіңде жылындым.
Мен өзіңнің ұлыңмын,
Мен өзіңнің жырыңмын.
Жүрсем-дағы жырақта,
Үндерің бар құлақта,
Іздерім бар құмақта,
Көздерім бар бұлақта.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу