26.02.2022
  228


Автор: Уәлихан Шот-Аман Ыдырысұлы

«Қазақ» газетіне шыққан некролог

Семей облысында болған қарындасым Гүлжәнет Жансұлтанқызы Уә- лиханова Қайым Мұхамедханов ағайдан сәлем хат әкелді. Жанымдай жақсы көретін ғалым 1916 жылы 16 июньде, № 185 «Қазақ» газетінде Жүсіпұлы Әбуһрайф жазған бабам туралы мақала-некрологтың көшірмесін жіберіп- ті. «Бұл кімнің бүркеншек аты екен?» деп, біледі-ау деген адамдардан сұ- растырып едім, Рысбек Сарғожин Әлихан Бөкейханов болуы керек дегенді айтты. Қызықты мақаланы ықшамдап оқып көрейікші.


«Мақы Шыңғысұлы Уәлиханов. Бұл кісі — Шыңғыстың үшінші баласы, белгілі Шоқанның інісі. Өткен февральдің жиырма екісінде, жетпіс бір жа- сында дүниеден қайтты. 1845 жылда туып, жас кезінде ауырып, тілден ай- рылып, сөйлеуден қалған. Баласының кемтарлығын ойлап жүргенде, атасы Шыңғыс төренің құлағына тиеді: мылқауларды оқытатын Петербургте мек- теп бар деген сөз. Түк білмейтін мылқау болғанша білетін болсын деп сол мектепке апарып кіргізуге ойланады.


...Шыңғыс төре сол жолында он бір жасар Мақыны бірге ала кетіп, Пе- тербургтегі мылқауларды оқытатын мектепке кіргізіп қайтқан. Мақы сол мектепте он екі жыл ел бетін көрмей, қысы-жазы оқып, мектепті бітіріп, художник болып шыққан. Жиырма екісінде елге келіп, кент іші табиғатына қолайлы болмағандықтан, өмірінің көбін ел ішінде алған. Елде тұрса да ана мектептен алған білімін тотықтырмай, қашан өлгенше орнына жұмсаумен кетті. Бұл кісінің өнер-білімі мылқау түгіл, тілі бар адамда жоқ еді. Көзімен көрмеген адам нанбайтын әр түрлі жат істері бар еді.


План түсіру, сурет салу, русша-мұсылманша неше түрлі машық жазулар, кесте сызу, ою секілділер. Ағаш ісіне келгенде, ағаштан түйме түйетін ше- бер еді. Сағат істеуге де шебер. Қолөнерінен бір ісі Омскіде болған көрмеге түсіп, мақтау медаль берілген. Көп болмаса да аз уақыт үкімет қызметінде де болған.


1884 жылы степной генерал-губернатордың берген аттестат қағазында мынадай қызметте болғандығы көрінеді: 1868 жылы степной генерал- губернатордың канцеляриясына қызметке белгіленген, нақ сол жылы во- енный-губернатордың канцеляриясында Баян-Аульский приказға тілмәш болып белгіленген. Сол жылда Атбасарский окружной приказға Султанский письмоводитель болған. 1868 жылда Кокчетавский уездный начальниктің канцеляриясында письмоводитель помощнигі болып тұрған. Осындай


 


 


қызметтерде болып, өзінің сұрануы бойынша 1884 жылы отставкаға шыққан. Марқұм өзге сақаулар секілді бажылдап тұрмайтын еді, саусақ арқылы әріппен сөйлесетін еді. Саусақ ғарпін білмегендермен русша не мұсылманша жазып сөйлес қылатын еді. Марқұмның мінез-құлығы, тақуалық тазалығы басқа кісіде сирек табылатын еді. Ағасы Шоқан қандай еске түссе, бұл кісі де сондай еске түсетін адам.


Юсіп ұлы Әбуһрайф».


Мақала-некрологты үлкен ғылыми ұқыптылықпен жазылған деуге болады.


«Қазақ әдебиеті», 13 сәуір, 1991 ж.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу