Әңгімелер ✍️
ЕСКІНІҢ КӨЗІ — ТАРИХТЫҢ ӨЗІ
Осыдан бірнеше жыл бұрын Жезқазған облысында тұратын 84 жастағы Далабаев Шенеу ақсақалмен кездескенім бар. Ашаң жүзді, қызыл шырайлы, шоқша сақалды, ділмәр, көргені көп адам екен. Көне дүние тарихынан бас- тап, көз алдында өскен Қарсақпай, Жезқазған өндіріс орындарының дамуына дейін жыр ғып айтты. Одан кейін аңыз-әңгімелерге көшті.
...Арғанатыда басына сәукеле киген қызға ұқсайтын құлпытастар бар...
...Пәлен бұлақтың басында ат тұяғының іздері түскен бедерлі тастар көрдім...
...Ертеде Қаракеңгірде Ноғайлы деген елдің Қарғалы деген ханы болып- ты. Жаугершілік кезінде ел дүркіреп көшкенде хан жиырма бес пұттық алтын астауды қос түйеге артқызыпты...
...Бүгінде Қарғалы ханның ордасы Сандыбайдың Ерденінің баласы Ма- қаттың қорасы. Хан зиратына қойған көктасты 1926 жылы Көкшетаудан кел- ген Дәулетбеков деген жігіт алып кетіп, Мәскеуге жібертті...
Шенеу ақсақалдың осы әңгімелеріне ұқсас хикаяларды сол жолы мен Жаңаарқа ауданында да естідім.
- Түнғатардың қызыл тасы — тау. Қасында Ақсай. Ақсайда биіктігі төрт- бес метр сымтас орнатылған. Оның күн батар кездегі көлеңкесі тұсында қазына көмілген дейді. Сымтастың сырын жақсы білуші едік деп қалмақтар да айтыпты-мыс...
Бұл «Ақтау» совхозында тұратын Жәркен Қалқамановтың естіген аңыз- әңгімелері. Айнала толы аңыздар! Аңыздарда көп сыр бар. Аңызда да кейде шындық бар. Енді бертінгі уақыттағы уақиғаларға көшсек деймін.
Шоқанның кенже інісі Қоқыштың (шын аты Нұрмұхамбет) баласы мар- құм Зұбайыр ағайдың маған былай деп сыр шерткені есімде.
- Шоқан Қашқардан көп нәрсе әкелген. Соның бірі өзің Алматыдағы Орталық музейге тапсырған көк қытайы шара. Ол шараны Махмет атамыз- дың (Шоқанның үшінші інісі — Ш. У.) көршісі Құлбайдың Бәйкені Қызыл-
жарға кеткенде алып кете алмай көлдейлік Әлмағамбетке береді. Әлмағам- бет бірлестіктегі сельпо председателі — жездесі Данкеге сыйлапты. Содан әлгі шара Дәуқара ауылынан бір-ақ шыққанда, сен барып алдың ғой... Шо- қан мойны ұзын келген көкала сырлы кіреңке де (ваза) әкеліпті. Ол пайда- ланылмай ұзақ уақыт сарайда көрімде тұрыпты. Ағайдың бұйымдарының ішіндегі быт-шыт болып сынған, бірақ, су құйса төгілмейтін шыны аяққа біз таңғалушы едік. Бала кезімізде біздің қатты қорқатын тағы бір затымыз Шоқан әкелген шайтан киімді қуыршақ еді. Басы жұдырьпқтай, көзі әсем тас- тан жасалған, бөркі сәукеле сияқты шошайған биік, қозғасаң, қолдары бір- біріне сартылдап соғылып тұратын керемет-тұғын. Бұл аталған нәрселермен бірге біраз дүние-жиһазды мен шетте жүргенде қолды болып кетеді деп, қарындасым Бәтес әкеміздің зиратының басына төрт құлақты сандықтарға салып көміпті. Оның ішінде не ғана болмаған: Шоқанның қағаз-сызулары, жазғандары, фотосуреттері, Шыңғыс бабамыздың дворянин атағын алған дипломы. Және осы сандықта көптеген алтын медаль, гауһар, қымбат тас- тар орнатылған. Айғанымның 14 жүзігі, қақпағының бетінде торғайдың, көртышқанның суреті бар екі табакерка, тағы басқа асыл заттар болған екен. Арасында Абылайдың ба, Мәмкенің бе (Шыңғыстың батыр ағасы — Ш. У.), ұмыттым, арқардың мүйізінен иілген садағы да бар еді. Бәтестің күйеуі көлдейлік Зікіш Қожахметов деген болатын. Ол қоймадан керек дүниелерді алып сата беріпті, керек емесінің көзін жойыпты. Сол себептен ақыры сотта- лып та кетті...
Зүбекеңнің бұл сөздерін естігенде жаным қатты қиналды. Надандық- тан, білместіктен қанша дүние құрыған. Бәрінен де Шоқанға байланысты деректерді айтсайшы!
Ұлы Октябрьмен бірге келген жаңа дүниенің жарлығы со кезде бұл жер- ге жетпегені қандай өкінішті! Жұмысшы-солдат депутаттары советінің 1917 жылы Петроградта шыққан үндеуінде айтылмап па еді:
«Азаматтар, ескі дүние иелері кетті. Олардың артында үлкен мұра қалды.
Ол енді халықтікі.
Азаматтар, бір тасқа да тимеңдер, ескерткіштерді, үйлерді, көне дүниелер- ді, документтерді сақтаңдар — мұның бәрі өз тарихтарың, мақтаныштарың. Бұл топырақта өздеріңнің халықтық жаңа өнерлеріңнің туатындығын ұмытпаңдар!»
Қазақ жерінің біз білмейтін сыры көп. Бірде белгілі археолог Кемел Ақы- шев Батыс Германиядан келген археологтың біздің жерімізде әлі зерттелме-
ген көмбелер көптігіне таңғалғанын айтқан-ды. Шынында да, ондай жұмбақ қазыналар қисапсыз.
Шоқанның атамекенінен қазір де аса бағалы заттар табылып жатыр. Мәселен, 1965 жылы Рақымжанов деген 5-класс оқушысы Сырымбеттегі Қо- жабек Сүгіралиннің ескі жұртынан мөр тауып алыпты. Оны Ғани Дәуітбаев деген қарт мұғалімге беріпті. Мөрде «Сұлтан... ибн Шыңғыс Уалыхан» деген жазу бар. Қожабек — Шоқанның інісі Жақыптың төлеңгіті. Демек, ол мөр Шоқан төңірегіне байланысты екені даусыз. Оны Шоқанның інісі Мақы жа- сауы да мүмкін. Диаметрі сегіз сантиметр дөңгелек қара графиттен жасаған Мақының тағы бір мөрі өз баласы Сәдуақастың немерелері қолында бүгінге дейін сақтаулы.
Ескі мұраларды кейде күтпеген жерден де табуға болады. Жақында әкем Ыдырыстан қалған қағаздарды ақтарып отырып, әлі жарық көрмеген көп- теген дүниені тауып алдым. Олар атақты Орынбайдың, Ақан серінің, Шал ақынның өлеңдері боп шықты.
Әкемнің абзал да ардагер жолдастары көп еді. Солардың бірі Үкілі Ыбырайдың шәкірті — Тырбидың Молдахметі. Ол балуан денелі, кең бұ- ғақты, бетінің аздап шұбары бар, сөзге шешен, ақын адам еді. Домбырасын қолына алып, күркіреген даусымен өлеңді төгіп-төгіп жібергенде, төрден есікке дейін жылжып келіп қалатын. Бәріміз де оны «бота» деп атайтынбыз. Әкемнің Жақсыбайдың Мұхамедиясы деген шежіре құрдасы да болды. Ол 1964 жылдың август айында Көкшетау облысы, «Симферополь» совхозын- да тұрған кезінде барып қайттым. 80 жастан аса бастаған ақсақал Шоқанға байланысты көп әңгіме айтып берді. Оған мақала соңында қайта ораламын... Дәуқаралық Ырысбекұлы Тоқыш шебер әңгімеші еді. Сақ-сақ күлгенде бөрігі шекесінде ойнайтын. Достары жиналғанда айтар әңгімелері таусыл- май, үлгілі, ұлағатты жайларды сөз етіп, небір сырлы сағаттарды қызықпен
өткізетін. Бері келе аралары сирей бастағанда:
Шаппақ түгіл қорқамыз желуге де, Біз-дағы келіп қаппыз елуге де.
Осылай бір себеппен кездеспесек, Замандас, зар болыппыз көруге де. Сыртынан өзімсініп жүрген елім, Үй азайып қалыпты кіруге де, —
деп наз айтуды, өкінуді шығарды.
Қазіргі уақытта бір үйде қонақта жынды суды ішіп отырып, дәмді әңгі- мелер айтпай, үй иесін мақтаудың айналасынан аса алмай, қарта ойнап, жайдақ анекдот боратар кез көбейгені өкінішті-ақ. Біз ата-бабаларымыздың әңгімешілдік игі дәстүрін неге ұстай алмай барамыз деген ой туады. Шіркін, ақсақалдардың әңгімелері дәмді болушы еді-ау!
Шал ақын айтты деген нақыл сөздер есте көп қалыпты. Кедейлік туралы:
Кедейлік, келіп едің бала жаста, Мені ұятты қылдың-ау қарындасқа.
Аш белімнен құшақтап айрылмайсың, Көз танысың жоқ па еді менен басқа?!
...Жоқ болсаң, қызыл түбі үйің болад, Бар болсаң, опыр-топыр жиын болад. Алыстан кедейліктің алдынан шық, Төбесі көрінген соң қиын болад.
Болмаса:
Өктем-өктем сөйлейді малды кісі, Балуанға түседі әлді кісі.
Бар-бар жерден қымызды ішіп алып, Сона көз боп жүреді жарлы кісі.
Адамдардың бойындағы кемшілік жайлы:
Байлық алды тіршілік, денсау болса, Ер жаман, қанағатсыз жемсау болса. Адамзат жасқа жетпей қартаяды
Қатын шайпау, мінген ат қырсау болса...
...Жігіттің мұрты кебер мақтанарда, Желігер иығына дақ саларда.
Адамға кердеңдеген мінез бітер Бастан бақ, дәулет құсы шайқаларда.
Мына төмендегідей жолдар адамның өмірдегі орнын қалай жақсы көрсетеді. Дала Сократының пәлсапасы көңілге қонымды емес пе?
Әр істің ақырына сабыр жақсы, Қайырсыз көп малдан да қадір жақсы. Іс істеп бір атағың шықпаған соң, Жүргеннен бекер тірі қабір жақсы.
Уағында Шоқан Шал ақын туралы жазып кеткен. Өзінің «Қазақтардың шежіресі» деген мақаласында былай дейді: «Қазақтардың ататегі туралы аңыздардың ішінде менің бабам Абылай ханның тұстасы, арғынның ішіндегі атығай руының Құдайберді Бәйімбет бұтағынан шыққан Шал ақынның жыры тартымды. Бұл эпопеяны білетін адамдар аз, өз басым осы уақытқа дейін естіп көрген жоқпын. Шал өзінің жырында қазақтың ататегі туралы ел ішіндегі барлық аңыздарды жиып алып, алаштан (бар қазақ халқы есебінде) тараған тайпалардың және хандар мен ру басыларының, он екі бұтақ атығай руының түп атасы Дауыттың он екі баласының бірі Құдайберді батырға дейінгі шежірені өлеңмен суреттепті».
Шал ақын өз заманының ойлы азаматы, халқының тарихын терең толғаған адам деп түсінеміз. Әкемнің дәптерінде Ақан серіге байланысты әңгімелер де баршылық. Шыңғыстың күйеу баласы — Сәлімжауардың ұлы Қабдолла дүниеден қайтқанда, Ақан сері былай деп көңіл айтыпты:
Дейсіз бе бұл жалғанда өлмеген бар, Тағдырдың құдіретіне көнбеген бар. Атақты жақсылардың баласында Ата-ана, ағайынды көрмеген бар.
Қазақта Шорманұлы асты Мұса,
Мал мен бақ сондай-ақ қой дүние жиса. Омбының қаласында опат болды, Ғажап емес, жігіттер, тәңірім қылса.
Шыңғыстың сүйер ұлы Шоқан еді, Империя патша жұртын тәмам көрді. Өнері жұрттан асқан жігіт еді, Құдайым сапар жолда қаза берді.
Қанжығалы Меңдеке Шаңқы болған, Ішінде Орта жүздің даңқы болған. Қызылжар қаласында Төкіш қайтып, Ол-дағы жақсылардың арты болған.
Сөзімнің осы айтқан жалғаны жоқ, Пәниден өлмей тірі қалғаны жоқ.
Басына жастық, аузына сусын берген Үйдегі қалған жанның арманы жоқ.
Мынау Орынбайдың Шоқан қайтыс болғанда Шыңғысқа көңіл айтуы:
Тұлпар жоқ тұяғынан қайырылмаған, Сұңқар жоқ қанатынан майырылмаған. Тәңірден тағдыр ажал келген күні Кімдерден кімдер жылап айырылмаған?
Бауыры бүтін сау бар ма? Өлімнен үлкен жау бар ма? Пұлсыз берді, құнсыз алды, Оған айтар дау бар ма?
Ал енді Ақан сері мен Орынбайдың әзіл-оспақтары қандай жарасымды. Ақан сері:
Орынбай:
Ореке, біз — бір қайық, сіз — бір кеме, Кез келген жөнсіз сөзді айтты деме.
Көз салған намахрамға харам дейді, Ішіне әйелдердің бардың неге?
Ақыл жаста, ат малда да... —
деп бастай бергенде, Айберген қажы киіп кетіп:
Көп айтып Орекеңді қылма наза, Әркімнің күнәсіна берген жаза.
Барды деп Орекеңді айыптама, Барса да Орекеңнің көңілі таза, —
дегенде Ақан сері енді қажыға:
Бұл сөзім Қажекеңе салмақ болды, Өзіңді іліктірген қармақ болды. Өлеңі Қажекеңнің ұйқаспады,
Бір тілі шүршіт, бір тілі қалмақ болды, —
дейді де Орынбайға қарап:
Біз сізге дұға айтып жар болармыз, Неғылып кемеңгерге пар болармыз. Аузың бұлбұл, аяғың дүлдүлім-ай,
Бір кезде бір күніңе зар болармыз, —
деп сөзін тәмамдапты.
Тағы да әкемнің дәптері ішінде 1916 жылғы июнь жарлығы тұсында патшаға айтылған қарғыс бар:
Құрып қалғыр қу патша, Тақтан түсіп қурасын. Басына қара күн туып, Біздей болып шуласын.
Екі көзі шел болып,
Көре алмай жарық, туласын!
Енді мақала басында аталған Мұхамедия атамызға оралайық. Сол кісі көңіліне көп нәрсе түйген, керек десе тақпақтап сөйлеп кететін көкірегі ашық, парасатты ақсақал еді. Онымен әңгімелескенде сөз салмағын бірден мен жаққа арта сөйледі:
- Балам, мен кейде сендерді түсінбеймін. Бәрің «Шоқан, Шоқан» деп оны ту көтеріп жүрсіңдер. Бірақ, Шоқанға кең далада ақылдасар адамын, ой бөлісер серігін тапқызбай қоясыңдар, бұл ақиқатқа жатпайды. Шоқан ата- анаға сыйлы, ініге үлгі бола білген адам. Оның жолын қуған, ойын түйген жастар аз болмаған. Шоқанның шын аты Мұхамедқанафия екенін көпші-
лік жақсы біледі. Ал лақап аты қалай пайда болды? Естуімше, Шоқан бала кезінде әжесі Айғанымнан бір адым қалмай қасында тізесіне сүйеніп шоқиып, әңгіме тыңдап отыра береді екен. Содан әжесі еркелетіп Шоқаш, Шоқыбай, Шоқан атап кеткен. Шоқан қайтыс болғанда әйелі Айсары Жа- қыпқа шығады, одан Рәбиға деген қыз туады. Рәбиғаны да Шыңғыс Шо- қыбай, Шәукібай атаған... «Ағаға қарап іні өседі», Шоқанның інілері ағасына қатты еліктеген. Көбінің көкірегі ояу, ойы зерек, өнер-білімге құштар аза- маттар болған. Біразын өз көзіммен көрдім... Шоқанның Махмет деген інісі Омбыда ағасының оқыған оқуын бітіріпті. Орта бойлы, сары өңді, үнемі орысша киінуші еді. Қыстауы Жекекөлдің батысында, Қоскөл мен Елецкидің аралығында болды.
Мақы (шын аты Әбілмақыжан) қызыл шырайлы, сымбатты, салтанатты кісі болатын. Тоғыз жыл Петерборда оқыпты. Сәл уақыт қарап отырғанын көргем жоқ, сурет салатын, жазу жазатын, ағаш түйетін. Қыстауы Сырымбет- те, әкесімен бір болды. Өзіңде оның суреттері, бұйымдары сақталған шығар. Ертеректе қайтыс болған Шоқанның Қозыке деген інісі (шын аты Сақыпкерей) батыр тұлғалы жігіт екен. Арқаның серісі Ақанмен бірге жүріп, думан-тойдың ұйытқысы, ән мен жырдың жүйрігі болыпты. Қозыкенің әндерін жас кезімізде талай айттық. «Ай, көке», «Кер құнажын», «Тер қатқан», «Топайкөк» деген әндері әлі күнге есімде... «Топайкөктің» тари- хы қызық. Шоқанның жақсы көретін қарындасы Нүриланы Баянауылдағы Мұсаұлы Сәдуақасқа ұзатқанда Көкшетауға күйеу қосшы боп Жарылғап- берді әнші еріп келеді. Қозыкенің өз аузынан көп әндерді үйреніп алады.
Соның бірі — «Топайкөк».
Көкшетау, Баянауыл — жер науаны, Елінен көктеп, гүлдеп шығады әні.
Баурында Көкшетаудың көкке шалқып, Толғанып шарықтайтын салған әні.
Жарылғап ескі әншінің маңғазы еді, Әнді ерттеп, күйді мінген ардагері.
«Осы әнді Көкшетаудан әкелдім» деп, Баянға алып келіп жайған еді...
Мұхамедия қарттың соңғы әңгімесінде шындық бар. Осы бір әнмен сәлем жолдау деген әдемі салтты «Абай жолында» Мұхтар Әуезов қандай суреттейді! Құдайберді ауылында отырып, қайнына ұрын барып кел- ген Абай Ерболмен қосылып, «әкелген сарқытымыз» деп «Топайкөк»,
«Шырақлым», «Ақ қайың» әндерін айтады... Ұлы суреткер жоғарыда кел- тірілген тарихи деректі қалай шебер пайдаланғанына риза боласың.
ТАРИХ бір орында тұрған жоқ, қоғамның дамуында мәдени мұра байы- ған үстіне байи түседі. Әр ұрпақ шама-шарқынша өз үлесін қосады. Сүрлеуі жоқ жаңа-жолмен жүріп, күтпеген жаңалықтар ашып, белгісіз бояу, кескін- келбет, түр, баға жетпес рухани, әрі заттық қазына әкелетін әр заманның өз қайраткерлері, суреткерлері бар. Біз солардың еңбектерін, атақты әншілердің әнін, күйшілердің күйін, ғалымдардың ойын, ақын-жазушылардың сөзін, сәулетшілердің ғимараттарын келесі ұрпаққа қаз-қалпында бояуын өшірмей жеткізуіміз керек.
Жақында Шара апайдың «Қазақ әдебиетіндегі» мақаласын оқыған едім. Ол кісі өнер жастарымен кездескенде бір қыз: «Апай, Күләш деген кім?» — деп сұрапты. 24 жасында орыстың ұлы өнер қайраткерлерімен бірге КСРО халық артисі атағын алған ардагерімізді білмеу, әрине, өкінішті-ақ.
Бүгін арамызда қандай ірі тұлғалар бар?! Ғабит Мүсірепов, Әлкей Мар- ғұлан, кеше ортамызда Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов болған еді. Соңғы үш ардагердің кескін-келбетін, дауысын, өмір-тіршілігін жан-жақты көрсететін сәттерді сақтай алдық па?
Кешегі өткен Қажымұқан Мұңайтпасов бірнеше дүркін әлем чемпионы болды, 48 елден медаль алды дейміз. Ал осы фактілерге дәлел болар, сол ме- даль, документтердің көпшілігінің із-түзсіз кетуі орны толмас нәрсе емес пе? Біз қазір бұрынғы өткен бабаларымыз Қорқыт, әл-Фараби, Қадырғали Жалаири, тіпті, бертіндегі Құрманғазының бейнесін қолдан жасауға тыры- самыз. Ол тірі адамның бейнесі емес, оспақ ой ғана. Осы орайда Пушкиннің айтқан бір пікірі еске түседі. «Грибоедовтің естелік қалдырмағаны қандай өкінішті! Оның өмірбаянын жазу достарының ісі еді. Амал не, артын- да із қалдырмай арамыздан жақсы адамдар кетіп жатыр. Біз жалқаумыз әрі әуестігіміз жоқ...». Бұл сөздерді өзімізге де арнап айтуға болар еді. Жақында академик Марғұланда болдым. Ол кісімен ұзақ уақыт сөйлесудің өзі сабақ, үлгі. Жасы сексенге жақындап қалса да тарих жайлы сөйлескенде көздері жайнап, талай сырды түптен тартып еркін төгеді. Қазірдің өзінде
үлкен еңбектің үстінде. Қазақтың қолөнері туралы үш томдық кітап дайын- дап жатыр. Маған Орынбайдың Шоқан қайтыс болғандағы жоқтауын тап- тым деп қуанып қояды. Жұмыс столының үстінде жатқан фотоларды көріп таңғалдым. Мәскеудегі тарих музейінің қорынан алынған екен. Бір француз суретшісі 1755–1959 жылдар арасындағы Жетісу бойындағы қазақ-қалмақ соғысын, сосын екеуінің бірігіп қытайға қарсы соғысын бейнелепті... Жер- ге орнатылған және түйеге артылған зеңбіректер... Ұзын бұрымды, ұзын көй- лек киген қалмақтар... Айыр қалпақты, ұзын найзалы қазақтар... Қолбасшылар тұрған жер... Айнала дуалмен бекітілген орда... Ішінде хан шатыры және киіз үйлер... Тұтқындар... Жеңушілер... Ат жарыс... Ойын... Әттең, біздің оқу- лықтарға осындай деректі материалдар жетіспейді-ау деп ойлайсың.
Шынында да, қазақтың жеріне байланысты материалдар ескіден көп кездеседі. Мысалы, 1733 жылы Люрсениус атты суретші профессор Мил- лердің экспедициясына қатысып, Ертіс бойындағы қазақтар өмірінен салған суреттерді көріп таңғалған едік. Бірақ бұлар жалғыз факті емес. Бірде буки- нистер дүкенінен ағылшын жиһанкезі Томас Уитлам Аткинсонның кітабын сатып алдым. Ол да Янушкевич сияқты 1847–1949 жылдары Қазақстанда болыпты. Ең қызығы, ғылыми тұжырымдар жасаумен қатар, ол қарап оты- рып натурадан көптеген суреттер салған. Тақырыбы: қираған қалалар, көм- белер, обалар, зираттар, табиғат көріністері, адамдардың кескін-кейпі, қолөнер бұйымдары, бүркітпен аң аулау сәттері. Кітапта мұндай суреттер 120-дан астам. Ғалымның біздің жерімізді сүйгендігі сонша, Алатау бауы- рында туған баласының атын Тамшыбұлақ деп қояды. Қазақтың әдет- ғұрпын, психологиясын зерттей отырып, ой-өрістерінің кеңдігін, қонақ- жай екендіктерін атайды. Кітаптың бір жерінде «әйелдерді сыйлауды ағыл- шындарға қазақтардан үйрену артық болмас еді» деп те жазады...
Қазақ даласын талай жиһанкез аралаған ғой. Соның ішінде көбіміз біле бермейтін, орыстың ұлы революционер демократы Николай Гаврилович Чернышевскийдің кенже баласы Михаил Николаевич Чернышевскийдің саяхаты. Ол Қазақстан туралы аңызға толы үлкен қолжазба-күнделік қал- дырған адам (Ол күнделік КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институты- ның Ленинград бөлімінде сақтаулы. — Ш. У.). Саяхат кезінде біздің халық- тың мәдениетімен, тұрмысымен танысады. Киіз үйді құру, киіз басу, түрлі ұлттық тағамдар жасау әдістерін сипаттайды. Бірнеше зергерлік бұйымдар- дың әдемілігіне таңғалып, зор баға береді. Қазақ тілінен «Озеро — көл, дождь — жаңбыр» деген сияқты өзіне сөздік жасайды.
Бір қызығы, Михаил Николаевич талантты фотограф та болған екен. Көп көріністерді суретке түсіріп, табанда қағазға басып отырған. Осындай та- рихи материалдардан қаншама альбомдар жасауға болар еді!
Осы жазда Қазақстан өнер музейі Ленинград этнография музейі қорынан қазақтардың қолөнеріне арналған көрме ұйымдастырды. Сол Ленин- град музейінде № 52 коллекция деген атпен Шоқан Уәлиханов жинаған 400-ге жақын бұйымдар бар еді. Амал нешік, біз оны Алматыдағы көрмеде көре алмадық. Сұрастырсақ, ешкім білмеді.
Бізбен көрші орналасқан ірі қалалардың кітапханаларын мұқият зертте- се, талай жаңалық ашуға болар еді. «Правда» газеті 1975 жылғы 13 март- тағы номерінде «Клад в архиве» деген мақала жариялады. Мақалада Куй- бышев облыстық кітапханасының қызметкері Ольга Дмитриевна Кузне- цова өзі істейтін мекеме туралы былай депті: «Самар кітапханасы кезінде әр түрлі көпшілік кітапханалар өзге жердегі кітапханалар фондысынан, Волга және Каспий теңізі арқылы Шығыспен сауда-саттық жасаған саудагерлердің жекеменшіктік коллекциялары және татар мешіттерінің ескі қоймаларында сақталған қордан құралыпты. Бізде қазір екі миллионнан астам кітап бар. Көбі ескі. Соның ішінде 300-ге жуығы қолжазбалар».
Профессор Б. А. Розенфельдтің айтуынша, осы қолжазбалардың ішінен X ғасырдың ғалымы Ибн әл-Хайсамның ғылымға белгісіз төрт математика мен астрономия трактаты табылған. Осы кітаптар мен қолжазбалардың ара- сынан Қазақстанға байланысты материалдардың табылатындығына менің күмәнім жоқ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тарихтың талай белгісіз беттері әр жерде жатыр. Бәрін ерінбей, жалықпай жинастырып, зерделі зерттеуіміз қажет. Әзірге Қазақстанның алып тұлғасына лайықты әріден келе жатқан, жан-жақты, біртұтас мәдени келбетін дүние жүзіне толық көрсете алмай келеміз. Сондықтан болар, соңғы кезде жарияланған КСРО халықтарының өнер тарихы мен архитектурасына арналған энциклопедияларда Қазақстан өз тұлғасына сай орнын ала алмаған. Өткеннен бізге жеткен әрбір ұлы еңбек — бабаларымыздың маңдай тері, ой-сезімі, талабы мен талантынан туған асыл мұрасы. Оған ие болып, әрі байытып, келер ұрпақтардың игілігіне асыру — мұрагерлік борышымыз.
«Қазақ әдебиеті», 28 тамыз, 1981 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter