Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  121


Автор: Абдрахман Асылбек

Адасу

Ей, ерлі-зайыптылар,
Күнәкар, айыптылар!
Қамыққан көңілдерді
Арақ па айықтырар?
Көздерің тұманданған,
Кездерің шын алданған.
Өмірге қарайсыңдар
Кейіппен күмәнданған.
Күйініп болмашыға,
Түйіліп жолдасыңа,
Ақылды алдырттыңдар,
Жиылып жолға асыға.
Біріңнің анаң қалды,
Біріңнің балаң қалды.
Көңілді күйге толы
Күндерің қараң қалды.
Көкесін бала іздеді,
Бөпесін анан іздеді.
Жаутаңдап жарым жандар,
Өмірден пана іздеді.
Сендер де оңбадыңдар,
Кімдермен қонбадыңдар?
Бәрібір бұрынғыдай
Бақытты болмадыңдар.
Араққа салындыңдар,
Аяқтан шалындыңдар.
Адамдық ар алдында
Күнәға малындыңдар.
Ескі бір таныстардай,
Жай пікір алысқандай,
Кездейсоқ кездесіп қап,
Іштіңдер намыстанбай.
Сағынбас сірә кім бар?
Мән-жайды сұрадыңдар.
Тағы да тартып алып,
Солқылдап жыладыңдар.
Ей, ерлі-зайыптылар,
Күнәкар, айыптылар!
Қамыққан көңілдерді
Арақ па айықтырар?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу