Өлеңдер ✍️
Тып-тынық бір түн еді
Тып-тынық бір тамылжыған түн еді,
Жұлдыз біткен жымың қағып тұр еді.
Екі ғашық бір-біріне сыр ашып,
Балдай ұйып бақ ішінде жүр еді.
Арайланып ақ махаббат алғашқы,
Армандары армандарға жалғасты.
Екі жауыз шыға келіп кенеттен,
Жас жігіттің жағасына жармасты.
Екі жауыз жатты бүріп қосылып,
Шынымен-ақ үзілмек пе қос үміт?
«Құтқарыңдар сұмдықтан!» – деп сонда қыз,
Айқай салды жаны қатты шошынып.
Елдің бәрі жатқан кезде ұйқыда,
Жауыздардың қарашы бұл сиқына.
Бір жігіт кеп арашаға ұмтылды,
Табан асты қалмақшы ма күй тына?
Тамылжыған тыныштық боп тілегі,
Жеті түнде жалғыз жүрген кім еді?
Жиырмаға жаңа толған жас жігіт
Полиция күзетінде тұр еді.
Жауыздармен жағаласып жүргенде,
Жас лейтенант құлап түсті бір демде.
Қарақшылар қадап еді қанжарын,
Айуандар аяуды әсте білген бе?
Шаттығы үшін, бақыты үшін басқаның,
Қас қағымда қиып кетті жас жанын.
Қос өмірді қорғап қалды алайда,
Полиция лейтенанты жас жалын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter