Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  796


Автор: Оразалы Досбосынов

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН ОРАЗАЛЫ ДОСБОСЫНОВ айтысы

Дәулеткерей:
Армысың, сарыарқалық саңлақ жұрт,
Сүйсініп жақсы өлеңді жаны ұғарлық.
Қошеметтеп жатырсың ақыным деп,
Ыстық ықыласыңды қабыл алдық.
Деген бар той – тәңірдің қазынасы,
Ел едің салтанатты сағынарлық.
Айтыста ақындарын қабылан ғып,
Баптайтын батырларын бағылан ғып.
Жамандық жоламасын жаныңызға,
Адамдық несібеңді ағынан күт!
Азаттықты мәңгілік жырлап өткен
Бабалар рухынан тамыр алдық.
Өшкеніміз жанғандай Алла жар боп,
Жоғалтқан асылдарды тауып алдық.
Соның бірі бабамыз – Дулат жырау,
Жырларын бойтұмардай тағынарлық.
Есімі бар қазаққа бір жаңғырды-ау,
Ұлтының оралғанда бағы барлық.
Сол бабамның тойында топқа түсіп,
Қылыштай қызыл тілді жанып алдық.
Айтысқа аман-есен жеттің бе, Ораз,
Мінгендей тұлпарыңа тағы қарғып?
Тойларың құтты болсын, арда қазақ,
Құрсағына құдайдан дарыған құт!
Жасымнан уыз өлең ұртқа жаққам,
Сыбаға дәметпеймін сырт табақтан.
Қош келдің, Ораз досым, алқамызға,
Пейілінің пердесін тұтқан ақтан.
Бабамызды танысын байтақ қазақ,
Қобыландының атындай Құртқа баққан.
Ежелгі ақындардай екпіндейік,
Екпіні Алатауға бұлт қамалтқан.
Астана – бар қазақтың бақ ордасы,
Көктегі Ай күмбезіне сүт жалатқан.
Ақуыз өлеңге елді жарытайық,
Қойдың егіз табары – құт қонақтан.
Бұл айтыс – халықтың бай қазынасы
Жас ұрпақтың жанына рух таратқан.
Халықтың сүйіп тыңдар Оразы едің,
Қазақтай қабырғалы ұлтқа мақтан.
Аталы сөздер айтсаң, Аллам ырза,
Атамның қазығындай жұртқа қаққан.
Жұртыма жеткізейін сондай хабар,
Тозған елдің тауығын торғай талар.
Озған елдің ұлдары біз болайық,
Жүректен шыққан сөзді елге айта бар.
Тұсауын тұлпар аттың шешіп тастап,
Құшағын жігіт едің кеңге айқарар.
Соңғы жұптың сапына шығып қалсақ,
Жүрісі жорғамыздың тең байқалар.
Кел, енді, ал, тәуекелмен тартысалық,
Деген бар желдің бетін жел қайтарар!
Оразалы:
Жаратқан Аллам, неткен құдіретті ең,
Тілімді сүңгіден де сүйір еткен.
Астаналық ел-жұртым, есенсіз бе,
Жан-жақтан кеп құралған қызметпен.
Астанамыз ай сайын ажарланып,
Қалмай өсіп келеді ұлы көштен.
Есілді емер емен де семен болып,
Еске алайын бабамның ізін өткен.
Абылай кеңесіндей Көкше жақтан
Ескен желмен ескінің үні жеткен.
Дүбірің дүниеге кетті, Астана,
Мақтаныш қып айтайын мұны да еппен.
Азаттықтың ақ туын желбіретіп,
Кенесары қолындай жүріп өткен.
Қызығыңды қыздырғалы келіп тұрмын,
Қырықтың бірін Алла Қызыр еткен.
Жақсы ырымға жорыдым бұл келгенді,
Ыдырыстай бейішке тірі жеткен.
Сәлем беріп өзіңдей жас данаға,
Ат ізін сап кеп қалдық Астанаға.
Дәулет ақын, жүрсің бе аман-есен,
Жабағыдай ойнақтап жас қалада.
Бүгін сен бұл жарыстан үміттенсең,
Тіліңмен темір илеп, ат тағала.
Қыңқ етпеске беліңді бекем буғын,
Қызыл тілім қылыштай шапса, бала.
Бірақ сенен шығар ма ондай ерлік,
Бұл өзі тән қасиет саққа ғана.
Сені де сақ тұқымы дер едім мен,
Көзім онша жетпей тұр ақ-қараға.
Өз аузыңнан естиін ел алдында,
Әкең аты Гәп па, жоқ, Кәп пе, бала?
Кәрістердің атына ұқсайды екен,
Әйтеуір, қазаққа ақын боп жүргеннен соң,
Кінә тағып қайтейін жас балаға.
Тезге салсаң, терідей тез иленер,
Сондықтан да маған сенің зияның жоқ,
Арқалық жасасам да ат шанаға.
Ал, енді, барыңды сап, талпынып көр,
Басқаша шешер, бәлкім, Хақ тағала.
Кең көсілген Дәулетім,
Керіп үрлеген қарындай,
Кепкен сайын тарылмай.
Тірсегің тиіп тірсекке,
Шалынбас жерде шалынбай.
Сабан сөзді сапырып,
Созғылап кетпе сағыздай.
Аузыма Алла сөз салып,
Елім қолдап бергенде,
Екпінім қатты дауылдай.
Халқым, сен барда асқақпын,
Талдысайдың талындай,
«Тоқсан сала қосылып,
Тоғыз өзен түйіскен
Тарбағатайдың тауындай».
Дәулеткерей:
Бабымды, бапкер елім, сен білесің,
Енді жалау айтыстан желбіресін.
Ораз досым, бала деп өлең бастап,
Сөзіңе тыңдарманды сендіресің.
Аңшы қанша айлалы болғанменен,
Аюдайын сен сонша жол білесің.
Айтарыңды айтып сап аямай-ақ,
Маған қарап несіне телміресің?
Ат шанаға арқалық жасаймын деп,
Мені қалай ығыңа көндіресің?
Таңдай ағып түскенше тақылдайын,
Жанды аянып қалайын енді несін?!
Танытсаң ақын болып көсем жігер,
Демеймін бұл айтыста есеңді бер.
Оразалы, жырың бар жібек тұтқан,
Ақсақалдың алдына төсендірер.
Кәптің ұлы дегенге күмәндандың,
Ал, менің қайтаратын есемді көр.
«Бәленшенің ұлы» деп неғылайын,
Кімнің ұлы екеніңді шешең білер.
Сыбаға мен де саған сайлатармын,
Жүзіңді Астанада жайнатармын.
Дәулетті кәріс қылдың, сақ қылдың да,
Білмеймін, қайда апардың, айға апардың.
Халықты сен мәз-мейрам қылып тастап,
Құйрығын жіпке тіздің бе бай-қотанның?
Қаймығатын мен емес, Ораз, сенен,
Сабын жасар сақардай қайнатармын.
Құлан аяң Құлмамбет бабаң қандай,
Қаракөк тұқымынан жаралғандай.
Айтыс десе, келесің алшаң басып,
Тау бөктерлеп жететін тағы арландай.
Тіліңмен темір қорыт, ат тағала,
Дедің бе айтып жатқан бағаң қандай.
Әркім де өз әлінше жүйрік шығар,
Саздау жерден кетермін тағаңды алмай.
Ал, енді, әрі қарай көсіліп көр,
Бағанағы бастаған шамаң бардай.
Алтынға балап айтқын әр сөзіңді
Салқынға төсін керіп самалдардай.
Оразалы:
Жүйріктей жетпеген бір таңасары,
Қуанта алмай отырсың қарашаны.
Дәулет-ау, осы біздің айтыс жайлы
Білгіштер білгенінше бал ашады.
Неше түрлі пікір бар ел ішінде,
Әркім өз білгенінше таратады.
Біреулер айтыс мүлде керексіз деп,
Біреулер оған қарсы таласады.
Сол жөнінде сен бүгін ойыңды айтшы,
Ақылыңның жетсе егер шама-шарқы.
Бұл сөзімнен кем санап отыр деме,
Ойыңды айт, өткір, ұшқыр, тамаша әрі.
Өткір болмаса да мен қабылдайын,
Қолды кейде өтпес пышақ қанатады.
Періште алғаш қоразға көрініпті,
Тауықсыз да, десек те, таң атады.
Ұрпақ алдында өтейік парызды адал
Секілді Екейлердің қара шалы.
Астана мен Алматы айтысайық,
Жібекке жібек жамау жарасады.
Сақар қылып қайнатсаң,
Жақсы көрем мұныңды.
Сақар сабындай мен сенің
Езгілейін кіріңді,
Ақ қылайын түріңді.
Айналайын Дәулетім,
Тілің бүгін сүрінді.
Сабын ғып мені қайнатып,
Қармағыма келіп ілінді.
Есеңгіреуден есенсің,
Амалың болса, әзірле,
Әттеген-ай деп кетерсің.
Өзімді қайдам, сөзімді,
Шыдаса, белің көтерсін.
Тәубе деп жүрсең Тәңірге,
Сынымнан сынбай өтерсің.
Сынатындай сыр берсең,
Бұлбұлдығың өзіңе,
Ұяңда ғана шешенсің.
Сындырмай-ақ кетейін,
Ұялып босқа не етерсің?
Тоныңды қойшы, шешерсің,
Қолыңды қалай кесерсің?!
Шоқтығы биік ер мінер,
Елерген тұлпар екенсің.
Ер салып мініп көрейін,
Ентіге қояр ма екенсің?!
Өлеңменен өрейін
Астана алтын ордамды,
Тілім жеткенше терейін,
Шеберден қанша бөз қалды,
Шешеннен қанша сөз қалды?
Ел алдында айтайын,
Ойларым болса орманды.
Жүйрік болсаң көсілгін,
Қоздырайын мен қозбаңды.
Оразбен айтысамын деп,
Ортағасырлық батырдай,
Алды-артың түгел орланды.
Мінгенің қунақ болса егер,
Ордан да өтер жол бар-ды.
Жақсы айтар ма екен Дәулетім
Жауырыншыдай болжалды.
Мен деген, Дәулеткерейім,
Көсем сөзге келгенде,
Көк найза едім толғаулы.
Адасқан сендей оқ өтпес,
Ақсауыт едім торлаулы.
Шынашақтай шырпымын
Шытырлатып өртейтін
Қалың да қара орманды!
Дәулеткерей:
Ордаңда Оразалы жыр айтып жүр,
Ойларын орайлап кеп тың айтып жүр.
Кейбіреу айтыс керек жоқ дегенде,
Бар қазақтың көңілін мұңайтып жүр.
Айтысты керек жоқ деп айтқан адам
Қазақтық тіл мен ділден тұл айтып жүр.
Періште қоразға рас көрінгенмен,
Оразға көрінді деп кім айтып жүр?
Өнегелі жыр күтсең өрісті ұлдан,
Ентікпей-ақ шабармын еңіс-қырдан.
Астана-Алматы боп айтыссақ деп,
Жолымызды айтасың тоғыстырған.
Айтысты керек жоқ деп айтқан адам
Ата-баба құлағын кеміс қылған.
Біз иттің үргеніне не қыламыз,
Оларға айтатұғын сөгіс құрбан.
Қазақта «қожанасырлар» да көп қой
Мәсінің қонышын кесіп кебіс қылған!
Жігітсің кірпіштей қып жыр қалаған,
Айтыстың тұғырына ту қадаған.
Жаңа жыл қарсаңында біз жүздестік,
Болған соң бауыр бүтін, іргең – аман.
Алматыны сен жүрсің жайлап, қыстап,
Жайсаңынан жастары сырғанаған.
Нарынқол, Кеген, Шонжы – сіздің ауыл,
Топырақ туған талай тұлғалы адам.
Оқыс мінез танытып табиғат та,
Жұртымыздың жүйкесін жұлмалаған.
Сіз жақта жер қозғалып жатыр деп ед,
Аман ба ауыл-аймақ зілзаладан?
Оразалы:
Етеді ел үмітті саналы ерден,
Саған да Жаратушың сана берген.
Сондықтан сізбен бізге сын болады
Тауықтай табан астын қаза берген.
Дәл құлатып түсір сен нысанаға,
Жамбыны атып жарытпас шала мерген.
Ел-жұртым аман-есен зілзаладан,
Жақсылық хабар айтам саған елден.
Кешегі ер Исатай, Махамбеттер,
...........................................................
Кенесары, Наурызбай халқымыздың
Азаттығы жолында адал өлген.
Қазақ қайтсе азат ел болады деп,
Өз көрін өлеңімен қаза берген.
Желтоқсанда өспірім өрен жастар,
Елім деп ит қорлықта далада өлген.
Қайрат, Ләззат, Сәбит, Ерболдардай
Халықтың бағына Алла бала берген.
Осылар ұлт жолында шаһит кешіп,
Қарызсыз орын тепті қара жерден.
Солардың мәңгі жасар жасы болғай
Отаным он екіге жаңа келген!
Бас тіккен батырларша ұрыстағы,
Айтыстың басталғалы тұр қызық шағы.
Жазылып белдің құрыс-тырыстары,
Сен едің салақұлаш Дәулет ақын,
Бойына бойламайтын құрық сабы.
Аш өңеш шөккен нардай жан екенсің,
Аңқиып қалып жүрме тұрып тағы.
Ұрыдай ұрымталдан ұмтыласың,
Сезіліп ойыңда бір былық бары.
Шошыған бала құсап селкілдейсің,
Шоршыған шортан құсап тұйықтағы.
Мүмкіндігін танытқын талабыңның,
Табаныңның тұрмаса ұйып қаны.
Алманың қаласынан келгенімде,
Алланың өзің болдың бұйыртқаны!
Абай атамыз айтпақшы,
Көп сөйлеп бүгін созбайын,
Әдебімнен озбайын.
Сорайған Дәулеткерейдің
Теректей бойын теңселтіп,
Дауыл жырмен қозғайын.
Даурықтырып торғайын,
Онымен де қоймайын.
Бойының емес, ойының
Тереңдігін болжайын.
Сабырсыздау бір атаға,
Артық депті апамыз,
Айғайыңнан ойбайың.
Түсіндің бе сөзімді,
Танымыңды сынға алып,
Сабырыңды болжайын.
Аларың болса, алып қал,
Сағағын жезбен қынаған
Найзадай тілді толғайын.
Одан да әрі асайын,
Адымымды ашайын.
Тілегенім осы еді,
Тілімнен аяп сөзімді,
Бүгін мен қалай сасайын?!
Жабы болсаң да жабулап,
Аламанға қосайын.
Арқаңа күміс ер салып,
Ақалтекедей жасайын.
Жабдығыңның түгендеп
Мүсейі мен асайын,
Алдыңнан бағып тосайын.
Шаптырмасам – маған серт,
Шаба алмасаң – саған серт.
Қазанға түгел асайын.
Өткелді тауып өтіп көр,
Өрттен шыққан ұшқындай,
Өлеңді оттай шашайын.
Батыр батыр болар ма,
Ту түбінен ту алмай?!
Ақын ақын болар ма,
Асқақ болмаса қырандай?!
Ойларың оттай ақынсың,
Оюлаған тұмардай.
Менен үркіп отыр ма,
Сөзің жатыр құралмай,
Ойларың жатыр шыға алмай.
Ақсақ Темірден қашып,
Тентіреп кеткен сығандай.
Дәулеткерей:
Айналайын ағайын,
Бақытың сенің ашылғай.
Дәулеткерей сөйлесін,
Мына тапалға бас ұрмай.
Енді, ағайын, болмайды,
Шабытымды шақырмай.
Кеміте сөйлеп келгенмен,
Тебіте сөйлеп келгенмен,
Жалыныңды көрмедім,
Көктен түскен жасындай.
Түйілесің әр кезек
Көжек көрген лашындай.
Ораз ақын, байқағын,
Тау суындай тасынбай.
Қыңыратқып барасың,
Жылқыға жиен – қашырдай!
«Күнбатысқа көз салмай,
Күншығысты еске алмай,
Бізді алатын жау жоқ деп,
Бізден мықты дәу жоқ деп,
Алды-артыңды аңдамай,
Маған не бар дескенсің.
Болашақты болжамай,
Жол сауданы олжалай,
Ақбөкендей алданып,
Жылқыдай делбе сандалып,
Отарына кәпірдің
Аңдамай келіп түскенсің».
Ағайын, жыры осылай –
Әулие жырау Дулаттың.
Бұл жырдан сырды таратып,
Келеді былай тіл қатқым:
Ежелден елге ақиқат –
Кәпірге қоныс болғаны
Сарыарқа далам, сымбаттым.
Жарлығы жүрмей жалғанға,
Кенекем кетті арманда,
Есіл де есіл құндақтың.
Қадірі қашып қоныстың,
Отары болып орыстың,
Құлдықта, халқым, зыр қақтың.
Бұғауға түскен құлындай,
Шыбын да жаным шырылдай,
Қай жаққа бетті бұрмақпын?!
Асылдарымды атқызып,
Абақтыға жапқызып,
Ұлардай жұртты шулаттың.
Босқанда халық шетелге,
Аузыңнан дәмі кетер ме
Аштықта жеген тулақтың?!
Рухын түгел түгесіп,
Атасын білмей ұл өсіп,
Баяғы бақты бұлдаппын.
Қызымның қашып қылығы,
Бетіне шығып былығы,
Баба рухын былғаппын.
Сексен алтыда серпіліп,
Рухтанып желпініп,
Тартысқа шығып жең түріп,
Тамырда қанды тулаттың.
Арқаға салып Астана,
Айбарым тасып басқаға,
Әнұранымды тыңдаттым.
Баянды бағым басымда,
Ораздай досым қасымда,
Айтысып былай жырғаппын.
Қараөткелдің бойында,
Дулат жыраудың тойында,
Аллаға айтып тәубамды,
Көзімнің жасын құрғаттым!
Өсиет айтып балдарға,
Атағы жеткен заңғарға,
Заманның зарын мұңдаған,
Алтын бастарын бұлдаған,
Үмітін артып таңдарға,
Дулат пен Мұрат, Шортанбай,
Шабысы бөлек шалдар да.
Түркінің пірі – Көкбөрі,
Жылқының пірі – Қамбар да.
Азаттығыңа бас ұрып,
Айтарын айтқан ашынып,
Айтпаған сыры қалған ба?
Солардың сөзі ақиқат.
Ал, тыңдағын, Оразым:
Еділді келіп алғанда –
Етекке қолын салғанда;
Жайықты келіп алғанда –
Жағаңа қолын салғанда;
Ойылды келіп алғанда –
Ойындағысы болғанда;
Есілді келіп алғанда;
Сарыарқа – жұмақ сары алтын,
Төсіңді келіп алғанда;
Ақиқатыңды айтқызбай,
Аузыңа құлып салғанда;
Құдағайыңның қасына
Сасығын әкеп салғанда;
Ұлы Абайыңның қасына
Атомын әкеп жарғанда;
Тәңірге жылап зарлауға
Күрмеліп тілің қалғанда;
Азаттық бер деп қазаққа
Жалбарынбап па ең Жаббарға?!
Тағдырдың тартқан азабын,
Тәубеңе келгін, қазағым,
Осы бір сөзім жалған ба?!
Ал, Ораз, енді дайындал
Сөзімді менің жалғауға.
Астана жұрттың алдында
Қырандай биік самғауға.
Халықтың бағын жыр етіп,
Ынтымағын ту етіп,
Абылай жолын жалғауға,
Қазаққа бірлік қамдауға.
Айналайын ағайын,
Осылай, міне, сөйледім,
«Жалғанды тәтті демеңдер,
Боқ болмайтын бал бар ма?!»
Осылай Дәулет айтады
Ораз секілді балдарға.
Оразалы:
Енді Ораз ақсыншы,
Ағын судай аға алса.
Көрсін мына Дәулетім,
Мінімді бүгін таба алса.
Ойларыңды оюлап
Кеттің-ау Омар Хайямша.
«Бұзаутіс менің сөздерім
Бұтыңнан шағып шаянша».
Құлагер аттай қызынып,
Құлдыраңдап шаптың қоянша.
Бақырауық келер ақ серке
Бауыздалар шақ таянса.
Айғайға қаны қызынбай,
Бақсыз жерде бап шаппас,
Алладан бұйрық бұйырмай.
Арғы атам Көдек ақын ед,
Өлеңнің асқақ туындай.
Шарғын мен Қойдым сөйлесе,
Шөл қандырыпты ел кеше,
Әбілхаят суындай.
Таңжарық ақын сөйлепті,
Қылықты екен сөздері
Қызайлардың қызындай.
Қазағым бөлек ел дейм деп,
Патшаға қарсы сөйлейм деп,
Қытайға кеше қуылды-ай.
Дулат бабамның тойында
Мен осылай сөйлеймін,
Булығып босқа тығылмай,
Сылдыр судай сұйылмай.
Өйтпесем, мені кешірмес
Атам Жамбыл, Сүйінбай.
Құлан аяңға салайын
Құлмамбеттен қалған құлындай.
Сен қолдап берсең, өр елім,
Күшіне енер өлеңім,
Күшала қосқан қымыздай!
Сөз бастатқандай шешенге,
Жол бастатқандай көсемге,
Алладан жауған нұрдайын
Нөсерле, тілім, нөсерле!
Байлығындай Қазақстанның,
Миллиардтап шашқан шетелге.
Жырымменен шашу шашайын
Атымтай жомарт осы елге.
Дәулеткерей, бұл сөзді ұғарсың,
Саңылау болса жетеңде.
Келімсектер жүр кекіріп
Меншігіміздегі мекенде.
Етегіне пышақ жаниды,
Ет туратсаң солай есерге.
Бұл сөзімді айтайын,
Ел басында отырған
Үлкенді-кіші дөкейге.
Көрмеген болып көрсе де
Еті өліп кеткен көкең де.
Дулат бабамның тойында
Бекер де бекер кетем бе?
Халайық, енді қиқу сал,
Дулат бабам айтқандай:
«Көмбеге таяп келгенде
Жүйрікке керек көтерме!»
Дәулеткерей:
Ораз ақын көсіліп,
Алдыңда ақты бұлақтай.
Саптап бір алған сөздері
Қолға тұрмас сынаптай.
Ораздың айтқан сөздері
Арқамды барад шыдатпай.
Дәулетті ақын демеңдер,
Асқарынан Алтайдың
Ағыл-тегіл жыр атпай.
Аққан жыры сол таудан
Жартастарды құлатпай.
Айналайын ағайын,
Айтыстырып біздерді,
Пейілің болсын шуақтай.
Қасымдағы Ораздың
Тамыры қатты қуатты-ай.
Жағдайы мұның не болды,
Ағайын-жұртым, қараңдар,
Танауынан су ақты-ай!
Басыңды сүйрегенде өлең төрге,
Жаяды қанаттарын ел өркенге.
Айтасың бізде жүрген келімсекті,
Ол да менің тілімді бөгелтер ме?
Ораздай асыл туған ақыныңның
Тілінен аға берсін өлең-терме.
Дегенмен, байлығымыз сыртқа шықпай,
Қалса екен ұлан-байтақ кең өлкемде.
Бөтегесі бұлтиған байшыкештер
Көсегесін халқымның көгертер ме?!
Шайырын шапағатты ел іздей берсін,
Ақын қалай маржан жыр тізбей келсін.
Жаратқан берер болса жақсылықты,
Менің мынау халқыма үзбей берсін.
Сүйінбай, Жамбылдардың тұқымы ед деп,
Айта жүрер қандасым сіздей болсын.
Халықтың ықыласын қандыратын,
Айтысқан ақындарың біздей болсын!
Оразалы:
Ісім жоқ Дәулеткерей есебімен,
Ақындарды айырмасын осы елінен.
Тапал десең тапал де мына мені,
Оған, шіркін, дәл бүгін кетеді нем?
Жолды бойлап өсетін бамбук құсап,
Бір кеште найза бойы көтерілем.
Қалай ұқсаң, солай ұқ бұл сөзімді,
Дәулетжан, мен осылай өсе білем.
Сөздерің, қарап тұрсам, жаңылды ұсақ,
Мен өссем, тереңде өсем тамыр құсап,
Жерді түгел көгерткен мамыр құсап.
Сен енді сорайып солай кете бергін,
Кәдімгі қара ағаштай барыңды сап.
Танауымнан су ағып,
Таңдайымнан жыр ағып,
Дәмі бар сөзің болса егер,
Көрейін бүгін құба-құп.
Отырған осы орныңда,
Қағайын ба сына қып.
Айналайын Дәулетжан,
Таусылып қалмай тұрғанда,
Енді екеуміз тұралық.
Қол алысып осында,
Мойынды елге бұралық,
Тату елдің ұлындай,
Ақын елдің ұлындай,
Құшақтасып шығалық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу