Өлеңдер ✍️
ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН БЕКЖАН ӘШІРБАЕВ айтысы
Дәулеткерей:
Мен емес айтыстағы бос өлермен,
Белгілі жүйрік едім бесенемнен.
Қазанат қасат қарды қарпып асап,
Шабыты шапқан сайын еселенген.
Айтыс десе асықтай иірілген,
Ағайын, аманбысың кеше көрген.
Құйма құлақ жұртымнан айналайын,
Айналдым ақ жаулықты шешелерден.
Болса егер ұлыс күні менен тілек,
Көгерсін ел бақытың көсегеңнен.
Аң соғарда кей ақын алаңдайды,
Қансонарда болса да неше мерген.
Пейілі періштедей перзентің ем,
Не де болса көрейін пешенемнен.
Қашаннан қасқыр намыс қаншыл қазақ,
Жетеді дәуірлерге дауысың ғажап.
Салауатшыл қазақсың өткеніңе,
Кемшілік өткен күнмен қалсын мазақ.
Бейбіт күннің білгесін берекесін,
Тұлғалы тұғырыңда барсың ба азат?
Тақтағы хан, таптағы биді еңкейткен
Айыр көмей ақындар қаусырма жақ.
Ағайын мына бізді алқалаған
Айтыстың кәусарынан алсын ләззат.
Тілегім – қанатыңнан қайырылмай,
Басың өсіп, бақытың жансын, қазақ!
Болғасын пайғамбар хақ, Аллам – жалғыз,
Алланың ақиқатын аңғарғанбыз.
Айтыс сүйген алаштың жүрегінің
Түбіне тұғыр болып мәңгі орнармыз.
Қасымдағы белді ақын Бекжанменен
Алтыншы жұбыңызда парланғанбыз.
Табиғатпен тағдырлас болғаннан соң,
Көктемеде ең соңғы жауған қармыз.
Ағайын үмітпенен үрлегесін,
Қайтадан жалындаған армандармыз.
Кешегі финалға өткен ақындардың
Тізімінен сызылып қалғандармыз.
Кешегі қарсыласың Аманкелді,
Ол тілдің тағдырына алаң болды.
«Джолдасбеков» деген жазу не деп,
Ол сұрақ төтесінен саған берді.
Сен бірақ жауыр аттай жаутаң қағып,
Басыңды алып қашқаның жаман болды.
Айтысып екеуіңіз біткеннен соң,
Қазылар қайшыласқан заман болды.
Мойындап ол жазудың қателігін,
Қаржыны Сабильянов ағам бөлді.
Намысты нар жігіттер табылғасын,
Бекжан-ау, сенің басың аман қалды.
Қоңырсытпай қояйық бұдан әрі,
Кешегі дау осымен тәмам болды.
Қолымда бабам берген батам – байрақ,
Саламын айтыс деген сапарда ойнақ.
Домбырасын төменге салбыратып,
Бекжан ағам ән салар ахауләйлап.
Білесің, белдесуге бекінгендер
Беліне бес қаруын атар байлап.
Балықтың буынындай былқылдамай,
Танытқын сайысқанда сапаңды айбат.
Айтыс деген – өлеңнің барымтасы,
Сондықтан талабын да қатал қоймақ.
Буыршындай кетермін бір-ақ тарпып,
Ал, Бекжан, танытпасаң атан қайрат.
Бекжан:
Асырар сәт келді ғой ел мерейін,
Бәріңе ұпайымды тең берейін.
Армысың, азат реңді атой елім,
Таң жүзді дидарыңда тербелейін.
Ақын ем аспан сұрап самғау күткен,
Алдымен құлау жайын меңгерейін.
Мен кеше жеңдім бе, әлде жеңілдім бе –
Несіне оны ұзаққа термелейін.
Әр адам әділетті болады ғой,
Өзінің ойы жеткен жерге дейін.
Бәйгеге бай қосқандай мәстек атын,
Көбейіп кетті осы күн мәздем ақын.
Полицай көзбен қарап әр сөзіңе,
Пенделік сын таққыштар қоздады әркім.
Мен кейде ауыздарды аяп кетем
Түймені түйедей қып толғанатын.
Рахман жүз, реформатор ректорым бар
Адамды ада қылмас ар бағатын.
Оксфорд, Гарвардтардың қатарында
ҚазҰУ-ым өз бесігім, өз қанатым.
Атты ғой ақындарға тартымды ақ таң,
Айтылсын ақтарыла ән құндақтан.
Армысың, жырға жомарт Дәулеткерей,
Талғампаз көрерменге нарқың мақтан.
Сағынып шекара асып келген ұлсың,
Жасайық шедеврлер ел тыңдатқан.
Жайдарман жарқын жүзді бір ұл едің,
Бұрышқа сәлем берер кемпір жатқан.
ҚазҰУ-дың түлеп ұшқан түлегісің,
Өзіңе таныс төрде еркін баптан.
Ал, енді, кезегіңді берейінші,
Жартастай қасқайып тұр толқын қаққан.
Дәулеткерей:
Бісміллә, тілімізге жыр дарысын,
Мұндайда жібереді кім намысын?!
ҚазҰУ-ым әлемдегі ордалардың
Қасқайып қатарында тұрғаны шын.
Ордаңа Астанадан келген едім
Айтыс деген аламан думан үшін.
Әрине, мен де сенің түлегіңмін,
Шыңыраудай ұшырған шыңға құсын.
Қазығына айналатын қазанаттай,
Менің құлын жырымның құндағысың.
Айтысқа жиналғасын жұрт әр текті,
Ізетпен иілдірсек іңкәр көпті.
Бек аға, сен де осал жан емессің,
Танытқан тумысынан тұлпар текті.
Екеуіміз де ел сөзін айтып жүрміз,
Білмеймін, бізді кеше кім тәркі етті?
Бейуаз көрінесің, Бекжан аға,
Өздігінен жұлмайтын бір тал шөпті.
Ішімізде інжу жыр болмаса егер,
Әспеттеп не қыламыз сырт әлпетті?!
Көк тәңір көсегесін көктеткесін,
Тұлғасын тумысынан текті еткесін.
Қолына ап екі шылбыр, бір тізгінді,
Ел көшін ертең күнге беттеткесін.
Премьер болған, халқым, перзентіңнің
Жігерлі жүрегінен от кетпесін.
Дегенмен, ел атынан құлаққағыс,
Сыбағамды қызыл ит жеп кетпесін!
Батпақтаған қалада бақ орнатқан
Иманғали игі ісін мектеп көрсін.
Бар байлық батысымнан шыққанменен,
Бар атаның баласын шеттетпесін.
Құдайшыл иманды әкім Иманғали
Мұнайшыл премьер боп кетпесін.
Ал, менің жүрегімнен жыр ессе екен,
Алтын дидар жұртымды нұр өпсе екен.
Масанов сындыларды маңдайға ұрар
Қазағымнан қаһарман ұл өссе екен.
Мен осылай толғасам елдің жайын,
Бекжан ағам шын қолдап ілессе екен.
Иманғалиға ел сенім көп артады,
Бар бауыр сол ағаға тілекші екен.
Мәңгүрт боп кеткендерге майдан ашып,
Тексіздердің тамырын түгессе екен.
Тіл, ділімнің намысын ту қып ұстап,
Алдымен ұлтсыздықпен күрессе екен.
Анамнан ақын болып туылғасын,
Намыстың баса кидім дулығасын.
Қасымдағы беделді Бекжанменен
Түйісіп қалған екен бүгін басым.
Ал, енді, Бекжан ақын бек болғасын,
Домбырасын қолға алып шын ырғасын.
Ептілік ер жігітке жараспайды,
Тектілік танытқасын тұғырласым.
Бекжан:
Ақынбыз әрбір сөзін терең алар,
Білсеңдер, шабыт деген әлек адал.
Дәулетжан, Еуразия ұстазы едің,
Оқу орны алғысын бөлек алар.
Гумилевтің атында атанасың,
Білесің бара жатқанын неге хабар.
Тезірек атын оның ауыстырғын,
Аманжан біліп қойса, пәле болар.
Бабында өлең туса болжап бағыт,
Жадыңа жатар анық ол жатталып.
Ағайын, ықыласың тәж кидіріп,
Тұрайын жүрегіңнен одақ тауып.
Дәулетжан, айтыскерге төрін берген,
Айттым ғой, қазақ деген жомарт халық.
Ақиқат мінбері ғой ақын деген,
Алдында үлгерейін барды ақтарып.
Артылып ықтиярсыз жыр шыққасын,
Тірелді-ау кедей-кепшік тұйыққа шын.
Отырар кеспе нанын суға шылап,
Басым боп көжесінде күйік татым.
Сол сәтте жаңа қазақ сұхбат беріп,
Экран айтып жатыр сүйікті асын.
Эфирде қазақшаның пайызы кем,
Барасың батып сен де ұйыққа шын.
Масанов сияқтылар ұлтпен ойнап,
Қашанғы намысыңды тұйықтасын?!
Бейтарап қарай берсең мұндай іске,
Сипалап қаласың-ау бейіт басын.
Кім бізді кенде қылды бақ-ырыстан,
Аумай тұр ажар кейпім нақұрыстан.
Базардан бақыр іздеп әлеумет жүр,
Жұрт та жоқ қонақ қылып шақырысқан.
Ақ көңіл ана тілін қойыртпақтап,
Көбейді-ау алашыма жалпы дұшпан.
«Хабар» бар, «Рахатың» бар, «КТК»-ң бар,
Қайсын да өз ұлтына жақын ұстан.
Динозавр жасасаң өз тіліңді,
Қазақстан, боларсың «Кәпірстан».
Дәулеткерей:
Өлеңді түсінбе сен қолшоқпар деп,
Алдыма ақиқатпен жол сап бер көп.
Атауын Еуразия сөз қылғанда,
Отырмысың көз жасым моншақтар деп.
Патшамыз пайымдап ат қойып берген,
Еуро, Азияға ортақ бол деп!
Мен бүгін алқаңызға жыр арнадым,
Тыпыршып, дүбір шықса, тұра алмадым.
Басынан ұлт намысын биік қойған
Кешегі Әлихан мен Тұрарларың.
Ахмет пен Мағжандар, Жүсіпбектер,
Туған ел топырағын тұмарладың.
Ал, бүгін Масановтар масайрап жүр,
Қолына тимегендей Құран Кәрім.
Ішімізден біз іріп кетер ме едік,
Көзі түзу болмаса бір Алланың.
Айтыста мен түйермін ойдан арман,
Басыңды біріктірсін тойға жалған.
Тілдің жайын сөз қылсаң, ділдің жайын,
Табылар ортамыздан ойланар жан.
Дегенмен, ештемеге кейімейік,
Бұдан жаман күнінде тойға барған.
Бекжан:
Келіп тұр болды деген ұдай хабар,
Мұндайда тереңінен кім ойланар?
Қояйық Жолдасбеков, Гумилевті,
Әйтпесе, бұл айтыстан шырай қалар.
Жүсіпбектің газеті естіп қойса,
Шыңғыс ханның тақырыбы былай қалар.
Жаңғыртып бағзы заман үрдісімді,
Алдыңа ақтарайын түрлі сырды.
Қарақшы қабағы бар үкіметтің,
Қасапшы саясатын кім түсінді?!
Әйтеуір, әупірімдеп қалып отыр,
Мысықтан бетер біліп тырмысуды.
Атақты өлімдер бар талмас демі,
Азалы қазасымен арбасты елі.
Қапыда қағып кетті Бексейітті,
Қанішер қан жүктеуге қанбас тегі.
Хоккейді хан көтерген Саян да жоқ,
Артында қолбасшысыз қалды әскері.
Буыны жаңа қатқан Бекзатым-ай,
Туыммен мақтандырдың алғаш мені.
Осындай ұлтқа бедел ұлдарыңа
Ертең де өмір сүрсе болмас па еді?!
Дәулеткерей:
Сен де, Бекжан, еліңнің бек ұлысың,
Білімі мен білігі толығы шын.
Аталар газет-журнал ашқан еді,
Халықтың көз-құлағы болу үшін.
Бүгінгі газет-журнал – дау мен дамай,
Көрсетеді бүліктің көрінісін.
Екеуіміз де осымен қоштасайық,
Абырой биігіне қону үшін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter