24.02.2022
  523


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

БАС ТЕАТРДЫҢ БҰРЫНҒЫ БАҒЫ МЕН БҮГІНГІ БАБЫ...

(Шығармашылық шыншылдық аулынан салынған зер)


 


...Айтпаса – сөздің атасы өледі.


Халық мақалы


 


 


...Дыхание правды – сурово, но чисто.


Ромен Роллан


 


«...Ән – ауруым. Тыңдамай, не қосылмай өте алман!» – деген сөзі бар Арқаның ақиығы Ақан Серінің... Ақандайын


 


асқан эстеттің, таза бекзаттың, кісікиік кінәздің, ерек туған өнерпаздың ұранхайлы сөзін ұстанғанда, жанайқайыма жалау ретінде емес, қамырыққан көңілімнің қаяуын басар қалқан қылсам дедім... Алайда, Ақан қайда, біз қайда?! Айналасының саңырау кезінде арқадан ән оздырған асқақты, аруақты көңілін көк кептердей, көгершіндей көкке шарықтатқаны неткен құдірет, не деген керемет! Кейде ойлаймын, айналаңның саңырау болғаны, төңірегіңді ластаған лайлы пиғыл мен кір көңілдердегі садыралықтан шүкір екен-ау деп... Саңырауға бәрібір, ешнәрсемен ісі жоқ, тыныш тылсымға тәнті. Оңың мен солыңнан табыла кететін, құлағы да, көзі де барлардың саналарындағы садыраны қайтпексің? Қайтып тазартасың?


Мен де дерттімін... Менің «ауруым» – театр деген текті өнер, оның сиқыры мен сынын, сырын терген, бәтуалы бабы мен бақуатты бағын көрген, мұңын шерткен, парқын іздеген, көлденеңді көк аттының қанды қанжығасына сауға етпеуді көздеген, қадірі мен қасиетін көмескі көлеңкеде қалдырмай, шақырайған күнгейіне жеткенін көргісі келіп шарқ ұрған шермендемін... Сондықтан да оның аңғал жүрегінің қағысын тыңдамай, арысы мен берісін бұлдамай, құмықты үнін ұқпай, запыран зарын айтпай, дегдарлы дертін ертпей өте алман...


Ұлы Мұхаңның атын жамылған театрдың басынан не жағдайлар өтпеді? Кешегі көзден кетіп, көңілден ұзай бастаған могикандарымыз шымылдығы мен бетін ашқан өнер ордасы алғашқыда аламанның сырласы мен мұңдасы, өртеңі мен ертеңі, арманы мен ар-ұяты, келешегі мен кермекті кешегісі бар, есте жоқ ескісіне қиял сапарын шектіретін қатепті нардай қара шаңырағы ширақ, ескегі есті, желкені жараулы, мықыны мықты кеме сынды болатын. Қаллеки мен Серке, Елағаң мен Құрағаң, Әміре мен Иса, Жұмат, Қапан, Қажымұқандар көтерген «кірдің» тасы қырқыншы жылдарға дейін алғашқы, ілкі мәре-маягінен адаспай, атпал толқыны аударылып-төгілген алмағайып, алып мұхит сынды заманында ауытқымай еркін жүзіп, жоталы-төбелі, таулы- қыратты, ақпанды-дауылды сардалада жараулы құр аттай арындап шауып, жамағатына жайлы келген сар желісінен жаңылмаған екен... Орысы мен оймауыты, жебірейі мен


 


жәдігөйі басқарған кезде де ұлттық қағынан жерімей жасаған өнері қазақы ою-өрнекті, қаны сұйылмаған қақты бола білгенін сарғайған суреттерден көргенбіз. Мұртты көсемнің ұлттық саясатының ұтымды әдісі болған Мәскеудегі қазақ өнерінің 1936 жылғы он күндігіне қатысқан жалғыз көзі тірі Хабиба шешеміздің жасаурап айтатын естелігін жаның сүйсінбей тыңдау – тасбауырлық шығар... Кейін келіп қосылған Камал, Сейфолла, Рахия, Гүлзипа, Сәбира, Хадиша, Бикен, Шолпан есімді шоқтығы асқақ самородок сары алтындар саф алтындай сап түзегені жаныңа жайлы жылу мен жаймашуақ жаз ұялатады... Өнер ордасының орта жасында ұлттық реңктің ұясына там-тұмдап ақау түсе бастаған у-шуы көбейген ұлар заманда да тереңдегі тегіне теппеген, қою қанды қағынан қашпаған тұстарда Ыдырыс пен Нұрмұхан, Раушан мен Фарида, Райымбек, Матан, Есболған, үлкен Әнуарлардың әуені – әуейі жүректерге арманшыл, әрі аңғал, сонысымен қыбыңнан қыл суырған сынық, әрі сүйкімі шексіз, сүйріктігі мінсіз Шәмші әндеріндей санаңа сабырмен сіңген, абайлап айыз қандырған, ептеп еңсе көтерген, есте жоқ ескі заманнан, алаң да бұлаң есіңді алып еліктіретін ертегідейін, ебелек отқа семірген ертеңге апаратындай ерекше кезең болыпты-ау!.. Ол кез өнерін өмірім деп санаған сандалкөктердің заманы екен ғой! Бүгіндергілердей сол өнердің қасиетін қашырып, оны өмірім демей, өңмеңі етіп, жекелеп, мұрнын тесіп жетектеп алған көк өгізіндейін, ерттемей жайдақ мініп, қауқарсыз біткен қарына қалқан, мықынсыз келген қынына қанжар еткен қатігездердің қолжаулығына айналмаған кез екен де... Бақытты жандар екен де олар, бас театрдың бағы да солар болған екен де! Кейінгі жылдар сол аталар мен апалар, аға- әкпелер әкелген баталы баққа малдану, бақуатты барлыққа баздану екен ғой деген дертті, кермекті, шым-шымдап шерлі мұң келеді шерменде болған көңілге,.. әрине – ұққанға, шыншылға, білгенге...


Күпіну үшін де емес, күдік іздеушілерге жауап та емес, төменгі әңгіменің төркінін – Казақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры ұжымының 1993 жылдың шілдесінен, 2001 жылдың қоңыр күзіне


 


дейінгі, атап айтқанда, осы жазбалардың авторы театрға жаңа басшы боп келгенінен бергі шығармашылық һәм шаруашылық қызметінің шағын мағлұматын қысқаша тізбелеуден бастау – алдағы ауыз толтырып айтарымызға қажетті қисын. «Айтпаса – сөздің атасы өледі» деп атам қазақ басына түскен соң айтқан екен де. «Болғанды – болды» деуден гөрі, болмағанды бұлдау әдетке айналған заманда, шақшадай басыңды шарадай даудан, хақ арыңның нахақ таланудан аман қалуы қиын шаруа екені – екіұдай емес, шырылы естілмес шындық. Бүгінгі бұлдыр дүние кешегі күмбір күйді ұмыттыруға келгенде алдына жан салмайтын, соңынан шаң ілестірмейтін болды. «Барып едім, жоқ екен, айтып едім – мақұл дедінің» кезеңі келгенін кеш білгендер көппіз... Бәлкім азбыз...


Егеменді ел болып еңсе жаңарғаннан кейін театрдың шымылдығы да жаңарса керек. Аға буын жасап кеткен рухани қорымызды қайта жаңғыртып, жасампаздандыру ұлы міндет. Қызыл идеология тиімсіз деп тыйым салынған, тым қысылып айтқандықтан қымбатты қыбы табылмаған ұлт мұрасы, халқымыздың басынан кешкен, тым тереңге батқан тарихы ұлан-ғайыр. Тарихты ұмытсақ – тарих қайта келіп өзіңді соғады. Біз қайта-қайта таяқ жеуден шаршаған жұртпыз. Ел тарихындағы сансыз ақтаңдақтарды айтпағанда, теріс түсіндіріліп, жыртық үй мен жырындыдан басқаны бізге қимаған тарихшылар мен «социалистік реализмнің» жемісі де жаңа редакцияны, шынайы шығармашылық ұстанымды ұстауды талап етеді. Дәл сол, тоқсаныншы жылдардың басында театр осы тұрғыда жаңа бет-бағытпен іске кірісіп кеткен болатын. Көрермен ең алдымен өзінің кім болғанын танымай, кім боламын деген сұрауды өзіне қоя алмайтыны белгілі. Бұл бір жағы кешегі өктемдік- үстемдікке, бүгінгі соның шаң беріп қалатын қиғаш-қиғаш қыжыртпасына жауап болса, елдің елдік іргетасының өткені, заманалар көші өзгерте алмайтын болмысы, өнердегі көркем бейнесі болады-ау деген ұлы мақсат болғаны ақиқи еді. Театр алдымен осы тақырыпты бір жүйеге келтіріп, түбі осы сипатты өнер керуенінің басында болмаққа бел буғаны әмбеге аян, және ол мақсатын екі мыңыншы жылдың бас


 


кезеңіне абыроймен орындап та үлгерген. Басы, отызыншы жылдары атылып кеткен Е.Замятиннің «Еділ патша – Аттиласынан» бастап, Иран-Ғайыптың «Шыңғысхан», Ә.Кекілбаевтың «Абылайхан», Шотландияның Эдинбург қаласында өтетін, Еуропа елдерінің елеулі қойылымдар жарысына үш мәрте шақыру алып, қол қысқалығынан қатыса алмай, қағажу қалған К.Аширдің «Қабыл – Адам Ата перзенті», театр залын сан жылдар кемерінен асыра толтырған М.Байсеркеұлының «Абылайдың ақырғы күндері» мен жиырма бес ғасыр арсыдағы жадымызды жаңғыртқан Шахимарденнің «Томирисі», одан бергі тарихты қозғайтын М.Әуезовтің «Қилы заман», Қ.Ысқақтың


«Жан қимақ» (1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының


80 жылдығына), Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», әлемдік жауһарлардан М.Метерлинктің «Соқырлар», К.Гоццидің «Турандот ханшайым», М.Ғапаровтың «Тұзды шөл» сынды талай еларалық фестивальдарда жүлде мен бүлдеге бөленген тағы да көптеген тақырыптардың алды сахнаға шықты, енді бір дайымы әдебиет бөлімінің қолында жатқан, жұмыс үстінде отырған авторлар да болған. Театр жанынан «драматургтер лабораториясы» ашылып, оның алғашқы еңбектері – А.Тасымбековтың идеясымен қаруланып, театрдың ұжымдық қойылымы болған «Кібенек киген арулар», Б.Римова, Б.Атабаев, Ж.Медетбаевтардың суреткерлік қиялы мен сүйрікті қаламынан туған «Абай десем...», Ә.Тарази мен Қ.Ысқақтың «Алатау сынды алыбым – Жамбыл» атты, әртүрлі жарыстарда әжептәуір бәйге қанжығалаған сүйекті шығармалар көрерменге жетті. Әрине, бұл жалпы бағдарламаның бір шеті ғана еді. Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған, дүниеден ерте кеткен аға буын еңбектері де біздің мәдениетіміздің тарихы, олар да сахнадан дәмететіні белгілі. Аталмыш спектакльдердің қойылымына үкіметтен бір тиын қаражат сұрамай, демеуші іздеу арқылы, болмаса театрдың тиындап жиған өз күшімен сахнаға шыққан туындылар-ды. Әрине, қаржы табуға жүгірген де, тер төккен де театр жетекшісі екенін екінің бірі біледі. 1995 жылы халықаралық театр күніне арнап, алғаш рет бүгіндері жақсы дәстүрге айналған М.Әуезов театрының


 


жеке өзінің «Наурыз-95» фестивалі өткізіліп, осы жылы ғана қойылған 11 қойылым жарысқа түсті, озықтарына ақшалай-заттай сыйлық жасалып, ел экономикасы еңсе көтере алмай, өзге театрлар кезекті мардымсыз жалақысын ала алмай жүрген алмағайып кезеңде, кедей-жомарт әріптестерінің көңілі ауланды, театр әкімшілігі ешкімнен көмек сұраған жоқ, өнерге опасыздық жасап, театрын тастап, ешкім тентіреп кеткен жоқ, шаңырағы шайқалған жоқ. Жаңа басшылықтың кезінде, қайта бұрындары ат ізін салмаған «орысы» көп деген облыстарға гастрольдік сапарлар жасалды. Бұрындары «із» салынған, қайта-қайта барып, қадірін кетірген оңтүстік өңірлерді былай қойғанда, Петропавл, Қостанай, Өскемен, Көкшетау, Ақмола, Ақтау, Жаңаөзен сияқты елді мекендердің сахналарында арман болған Әуезов театрының аруақты қойылымдары мен атақты артистерінің жүрек қағысы мен қолтық сөгер шабысын көруге көзіқарақты көрермен қоғадай жапырылып жатты. Жоғарыда санамалап айтылған, тарихымызды түгендеген айшықты спектакльдерді көріп, көңілдері өскен халық өткенімізбен «көрісіп» көзайым болды. Ал, шымкенттіктер театрға байғазы деп жеңіл автокөлік, павлодарлықтар жас артистерге пәтер «сыйлап» жатты. Тоғыз жылға таяу сол басшылықтың кезінде, экономикамыздың тұралап тұрған шағында, театр ұжымы 48 пәтер алып, тістегеннің аузында кетіп бара жатқан жатақханадан 6 бөлмесін меншіктеп үлгерді, сан жылдарғы пәтер-кезекті тізетін киіз-кітапың соңғы парағы сол 2001 жылы жабылғанын бүгінгілердің


«ұмытқаны» өкініш емес, күткен, белгілі жағдай. Ол шаруа – басшыныңұжымыалдындағы азаматретіндеорындауға тиісті парызы болатын. Бұрынғы басшылық кезінде репертуардан себепсіз түсіп қалған Б.Римованың «Абай-Әйгерім», Иран- Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма!», Ж.Б Мольердің «Ақмақ болған басым-ай» спектакльдері жаңарып, көрермендермен қайта табысты. Абайдың 150-жылдығына әзірленіп жатқан өз инсцинировкасын жалғастырмай, өкпешіл Ә.Мәмбетов ағамыз тастап кеткен соң, бір айдың ішінде театр бар күшін салып «Абай десем...» атты символикалық драманы Жезқазғанда өткен республикалық фестивальге бәйгеге


 


қосты, еңбек зая кеткен жоқ, жүлделі бірінші орынды алды. Бірақ, сол жарысқа қатысуға керекті бүкіл шығын мен 40 адамның жолкіресіне дейін қосқанда аз қаражат емес, ол да табылды. Үкіметіміз мардымсыз жалақының өзін екі-үш айлап кешіктіріп әзер беретін кезеңде, ата театрдың ұжымы айлық жалақысын бір күн кеш алып көрген емес. Тоқсаныншы жылдардың алмағайып кезінде театрға ат ізін салмай кеткен халықты қайтарудың тиімді жолы репертуар тақырыбының жоғарыда тізбелегендей салмақтылығы екені бірінші себеп болса, екіншісі «Көрермен» деген арнайы агенттік құрылып, 800 орындық дағарадай кең залды бос қалдырмаудың әдісі оларды «қуып» әкелмей-ақ табылды, бүгіндері ол жылдары халық аз келді деп нахақ айтылып, жөнсіз күйе жағылып жүрген албаты сөздер бекершілік. Көрермен театрға ағылып келе бастаған, қара шаңырақ қазір де осы тәсілдің пайдасын көріп отырғаны жасырын емес.


Шаруашылықтың бейберекет жіберілуінен, тым құрыса кісілікке тиісті жанашырлық, жауапкершілікпен қарайтын ие болмағандықтан театрдың әсем ғимаратының да алқам- салқамы шыққан болатын. Соның нәтижесінде, 15 жыл бойы суағар тұрбалар бітеліп қалғандықтан, төбедегі су жылға тауып сорғалап, көрермен залын садыралап тамшылап тұрған. Жаңа басшылық алдымен жұмысын осыдан бастап, қолы жеткен, беделі барған орындардан қаржы- қаражат, көмек іздеді. Қала әкімшілігіне «зорлап» қол ұшын бергізіп, сол кездегі есеппен қаланың қыруар қаржысын жұмсаттырып, театр шатыры қайта жабылды. Сыртқы мрамор әшекейлерінің де құлай бастағанына да тура 10 жыл болыпты. Оған да ешкім мән бермей, әйтеуір адам шығыны болмасын деген далбасамен қоршай салған түрменің темір торы секілді   сым-рабицалы   шарбақ   ғимаратты   айнала 9 жыл тұрғаны есі бар елдің есінде болар. Тағы да қала әкімшілігінің қаржылық қалтасының арқасында, естуімізше барлығы 40-45 миллиондай ақша жұмсалып, қоршау алынып, мрамор әшекейлер шетелдік тәсілмен қатайтылып, қалпына келтірілді. «Естуімізше» деп қадап айтуымызға себеп, манадан бергі санамаланып отырған миллиондар театр шотына түскен емес, біз тек «орындалды» деген актіге ғана


 


шиырлап қол қойдық. Істен шығып қалған сыртқы шырақ, жарық жүйесі де жөнделіп, іске қосылды. Он жыл бойы су, жылу, канализация жүйелерінің құбырлары тазартылмаған, жыл сайын өтірік ақпар беріліп тұрғандығы да ақиқат. Театрға қанша су керек, қанша жылу, қаншама энергия жұмсалатынын ешкім   есептетпеген,   ондай   аппаратура да болмаған, тіпті, өрт қаупін білдіретін сигнализация да қойылмаған екен. Құрметті қонақтар мен үкімет адамдары түсетін бөлме де құнсыздықтан атқораға айналып кеткен еді. Сол кездегі Совет ауданының әкімшілігі өз қаражатына жаңадан жиһаз сатып алып, жөндеуден өткізіп, кісі қабылдар көрікке жеткізді. Дыбыс жүйесінің желілері де әбден шіріген, өрелі техниканың өркен жайып тұрғанына әжептәуір уақыт өтсе де, театрда жөні түзу бірде-бір микрофон қалмағаны таңқаларлық жағдай еді. Қала әкімінің нұсқалауымен, театр басшысының көлдария көз жасымен «Оргкапстрой» фирмасы өз қаражатына Германиядан сол кезге сай жаңа аппаратура сатып әперіп, театрдың «көмейін ашты». Бүкіл сахналық- техникалық, механикалық жүйелер қараусыз қалғандықтан, жұмыс істемей қаңырап қалудың аз-ақ алдында еді, тіпті сылап-жағатын жағармай табуға дейін жүгіретін адам болмапты. Әрине, бұл да реттелді. Қаншама есік-терезе, тұрмыстық әбзел-мүліктер қираған. Соның бәрі жөндеуден өтіп, театрға лайық орнын тапты. Бұрынғы басшының жалғыз қара «Волгасынан» басқа транспорт түгел тоқтаған еді. Су жаңа екі автобус, бір РАФ сатып алынды, бұрынғы қаңқа-жұрнақтары қалған ескі РАФ, УАЗ, «Москвичтер» жөндеуден өтті. Сатып алынған машиналардың біразының кұнын демеуші «Биржа Қазақстан» фирмасы төлеп берді.


«Жылап-сықтап» жүріп үкіметке тағы да 30 миллиондай қаржы бөлдіріп, алып ғимараттың ішкі бөлме-қоймалары, дәліз, босаға, есік-терезе, кіре берістері де күрмеуге келмейтін аз сомаға ағымды жөндеуден өткізіліп, көз қуантатындай жағдайға жетті. Осының бәріне ел экономикасының ең қиын тұсында қаржы тауып, ретіне келтіру, жаңадан жасату сол кезгі «сормаңдай» жетекшінің кезіне тап келді. Содан...


Бас театрдың кемелденіп келе жатқан бабына қайсы біреулер аяқ астынан «күмән» келтіріп, алдағы күткен


 


күмәнсіз бағын байлауға бар күшін салып, соңғы үш жыл қатарынан «айқай» іздеген   ақпарат   көздерінде асқан қатігездікпен қожалақтап, сабынға кетпейтін кірге, тартып шығарарға саратандай түйенің өзіне әжептәуір жүк боларлық садыралы сор-ұйыққа итерді. Сол бір жуалы ауыздардан шыққан суы көп мақалалар мен нахақ қаралауларды дуалыға санаған «сандалма союз» – шикі шенеуніктер бекер таңылған өсек-аяңның байыбына бармай,


«жаптым жала, жақтым күйенің» ежелгі ауру-керуеніне еріп, бас театрдың түзу желісті желмаясын тұп-тура он екі жылға тоқтатқанын, сүріндіргенін, «тұсағанын» түсінген жоқ. Түсінгені исінген жоқ, исінгені түйсінген жоқ. Қаһарлы асан-үсен ағасымақтардың қабағы ашылса, табағы толса, құлағы тынышталса болды да, ағанасы жарық, қағанағы қарық – тұралаған театрды қайтсын! Қиналыс жылдары артта қалып, қаржылық өрлеу жылдары есік қаққан, ел еңсесі көтеріліп, үкімет аяққа тұрғанда, «мавр өз міндетін атқарды (Шиллерден)», енді оның қажеті жоқ, «есектің күші адал, еті арам (қазақтан)» – ат ауыстырар сәт келді, бітті.


Содан бері он екі жыл өтті. Он екі жыл деген шығыста бір мүшел. Мүшел жаста бала – жігіт, жігіт – аға болады. Орда бұзады, қыр асады. Аға – ақылын ат теуіп алжымаса, ақсақалдыққа, батагөй қарттыққа бет бұрады. Олай болмаған күнде береке қашқан қауымнан қасиет қашады, кепиеті азады, үлкеніне батагөйлік бұйырмайды. Сонымен, «бас театрдың бабын» іздеген ізшілдің он екі жыл бұрын нахақтан тартқызған тізгінінен кейінгі бір мүшелде «бас театр зар бабына келді» деп айтарға бүгін пәтігі жете алар ма? Айта салуы да мүмкін-ау, тілде сүйек, ауызда жиек жоқ деген, бір аттаған ар-ожданнан екі рет аттау бұдырсызға бұйым ба. Сол бір белден басылған, ардың-гүрдің уақыттардан бас аяғы бес- алты жыл өтер-өтпесте, ғимараттың ішкі жөндеуіне ғана 360 миллион теңгені жеткізе алмағанына өкінетін, театр шотына түсіп жатқан қыруар қаржыны қайда жұмсарын білмей басы қатқан «дайынға тап» басшылар келді. «Бас театрдың бабын» табады деген себепті салдар еткен жаңа басшылықтың


«әкелінуінен» үкілі үміт күтілген-ақ шығар, шын мақсатын бізден басқа кім білген... Заманымыз түзелді, экономикамыз


 


шырқау биіке көтеріліп, Ұлы Мәртебелі Президентіміздің сарабдал басшылығы мен саналы икемінің арқасында елімізде жаңадан оннан астам театр ашылды, Қазақстандағы барлық өнер ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, кернеуі кең түсуге тиіс әлемдік бағамға тең шығармашылыққа лайықты барлық техника-әбзелдері жасақталды. Ең бастысы күнге шағылысып, көз қарықтырар әсем Астанамыз бой көтерді, күні кеше ғана айдай әлемге атой салардай «Астана-Опера» театры бой көтерді, ұлттық өнеріміз төрткүл дүниенің төріне шығардай мүмкіндіктер мен еңсеміз еңкеймес абырой- атаққа кенелдік. Елбасымыздың ерен еңбегі еліміздің төбесін көкке жеткізгенін дүние жүзі мойындады. Ал, енді не жетпейді! Сайра бұлбұл! Ұш! Ақандайын әніңді оздыр арқадан! Арқалы өнеріңді алты қырдан асыр!.. Алайда... Алайда, бұл қиқудан артта қалған жалғыз қазақтың драма өнері болғаны бөстекі сөз еместігі керең мен соқырға да аян. Өзге өнер ошақтары – опера, балет, көркемсурет, тіпті кино және эстрада да әжептәуірге келетін өрелі биікке көтерілді – бұл анық, ал қазақтың ұлттық театры әлі күнге арбаға мініп жүр десек, әбестік жасамайтын шығармыз, ащы да болса анық шындық осы... Жауырды жаба тоқу – жаны ашығанның ісі емес.


Әуезов театры – қазақ өнерінің атасы, бас театры екенін еміренген болып еске салған осыдан он екі жыл бұрын жазылған бас газеттегі сол «бас» мақаланың авторы болатын. Мақаланы оқыған адам не даттау, не мақтау екенін түсіне алмай әлек еді. «Солай да солай, анаусы да жаман емес, мынаусы да назар аударарлық, алайда мінезі шатақ, бірбеткей, ыққа жығылу жоқ, қысқасы бас театрдың бақанын көтеріп жүрген атпал актерге директорлық обал, орнынан алу керек, бітті» сыңайлы, отырып қалған қыздың өтірік сыңсуындай болып көрінген. Алайда, «бас мінші» жазды, бас газет басты – «сауда – сақал сипағанша», бір нәтиже шығару керек. Не амал бар, тағар кінә мардымсыз, жүріп жатқан жұмыс бар, іркіліс те жоқ емес, айшықты, табысты қойылымдар да көбірек сыңайлы. Елбасының өзі төрт мәрте тамашалаған спектакльдердің дүмпуі де тегіннен емес. Жоқ, бар кінә – театрда шу көбейіп кетті, тыныштандыру керек!


 


Тыныштық керек! Аяқ астынан ақыл табыла кетті – театрды басқару моделін өзгерту арқылы ойдағыны орындау керек! Ойдағы орындалды, бұрынғы бір басшының атқарып отырған ісін «оңтай-ландыру» мақсатында бір орынға үш адам бастық боп келді. Сонымен, бәрі бітті. Дүркіреген дақпырт, күркіреген күндей, арқыраған тасқындай болып шулап жатқан театр бір сәтте тылсым тыныштыққа батты. Сонымен, не керек, мимырт тірлік етек ала бастады. Жоқ, мұлтым бар, мимырт емес, репертуардағы реңі бөлек қойылымдардың басына қаралы күн туа бастады... Сахналық ғұмыры енді басталған «Абылай хан» туралы екі қойылымның да бір-ақ жылда құрдымға кетуі, сүйегі мықты салынған «Қабыл – Адам Ата перзентінің» ешбір жері селт етпей ағымдағы репертуардан сызылып тасталуы, он алты жыл жұрағаттың көңілін қалдырмаған «Турандоттың» тексіз тоқалдан туған түртіншек баладай қыр асты күресінге сапар шегуі – түске кірер «іскерлік» болды. Олардың орнына опырық ойлы кәрі-құртаң, бел-жалсыз ойлы, бедеу тақырыпты, саяз талғамды, саз балшықты баян ететін шатпақтардан құралған қойыртпақ қойылымдар бас театрдың «басына бақ бүркітін балапандатты» дегендер де табылды! Кезінде көркемдік кеңестің кем бағасын алған, театр тартпасында қайтадан жазылуын күтіп, жарыққа шыға алмай түнеп қалған «Сергелдең болған серілер», «Әңгідүк»,


«Өмірзаялар» қылы да қисаймай сахнаға сапар шекті.


«Көктөбеде кездескен» Ұлы Отан соғысының зардабы мен ар азабын қатар шеккен бес майдангер дос араға алпыс жыл салып, ғайыптан тайып ауған соғысында! Қандағарда жүрді, онсыз да маңдайы тайпы, соры қайқы Аралды қорлаудай көрінген «Апат», себепсіз аты өзгерген «Пара», себепті атын да, кермекті затын да өзгерте алмаған «Үйлену», қазақы қалпы бұзылмай кеміс «неміс» болып сахнада сұрықсыз сап түзеген, сарсаңы сансыз, дауы біздің қансыз, тіні бізге икемсіз, түгі де жарасымсыз, режиссурасы «момын, біркелкі тәуір», қоңыр қойылым «Ымырттағы махаббат», кемпірлері ана, өздері мына дүниеде қалып, зар шегіп, тағдырына налып, тағлымсыз запыран жұтқан шал-шауқанның шерін шерткен «Үміт үзгім келмейді», «Сағыныш пен елес»,


 


«Жүрейік жүрек ауыртпай», ұлттық өзеннің ескегін есуден гөрі, ит жылғы кеңестік кезеңнің кестесін өретін, бай мен кедейді жіктеп, «сәбеттік сөздің қаламы» болған «Мөлдір махаббат», сол өткен уақыттың нафталин иісті шоқпарындай, дүмшелікті ардақтап, дінді ғайбаттайтын «Ай тұтылған түн», ұлттың рухани азабынан гөрі, қазақи мазағы басым


«Күлеміз бе, жылаймыз ба...», қырық жыл бұрын қысыр қалған, жарығы баяғыда сөніп, күресіндегі күлі де көкке ұшқан, «пашпырты» біткен «Шырақ жанған түн», көңіл бірлетіп, көз тоқтатар Еңлігі де, қаныңды қоздырар Кебегі мен Есені де жоқ, ақкөңіл Жапалы мен қисық Еспенбеті де нәгүмән, қазақ театрының алғашқы қарлығаш-пьесасы саналатын, классика деген ұғымға қай жағынан болса да дөп келетін, театрдың қасқа маңдайына аты алтын әріппен жазылған ұлы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен қайта- қайта сахналанса да Абайы да, нобайы да ашылмаған «Абай» т.с.с. қойылымдар не мақсатпен сахнаға сапар шеккенін түсіне алмай шерменде болғандар жоқ емес. Құдды бір көрерменді зорлап жылатуды шеберлік санаған, оны кеще көріп, кем қараған, ортадан ой тастаған боп, мезі етіп, езіп ақыл айтып, «жөнге салып», бала-бақша мен мектепше тәрбиелеп, «ой, солай да солай болды, заман жаман болды, күніміз қараң болдыны» мақсатты қақсаған, қарттар үйінің қауымын, «қай-қайдағы бауырын», арғы бетте емделуге қол ұшын сұрап демеуші іздеген тәрсіз телехабардай, өрелі көркемөнердің орнына көнелі публицистикалық дүмше дүниелер қаптады. Сентимент – көз жасы баяғыда құрғаған сексен сегіз проблемалы көрерменді селт еткізер нәрсе еместігін қоғам баяғыда ұққанынан бейхабар басшылықтың қайыстай қатқан өре-қарымын өзгерту мүмкін емес қой. Сол қойылымдарды қоятын болдық деген дегдары кем, бағдары бұлдыр бұйрық оқылып жатқанда, «апырай, бұл қойыртпаққа менің атым қосылмаса екен» деп кіші залдың кішкене орындығының астына алты бүктетіле кіріп, кірпідей жиырылатын, ал аттары аталып, бейықылас «бұйырылған» күлше-рольге қарадай қымсынатын сарауыз жастар да, сарықарын жасамыстар да барын айтсақ – албасты атанар ма екенбіз... Өзге театрларда рольге таласу болғанда, ал ата


 


театрда одан адасу, азар да безер боп рольден қашу барын сөз қылсақ – өсекші боп көрінерміз бәлкім, қайтейік, қайсыбірін айтайық... Бір мүшелдік ғұмырында, жыл сайын сайран салған сан жарыс-фестивальдардың, бәйгі- көкпарлардың біріне де қатыспай-ақ, жылы жүзін, басқан ізін білдірмей-ақ, жалын да күжірейтпей-ақ өткенін, бәсі артық дейтін бас театрдың орда бұзбаса да, ортадан оза шығуға тиіс сол он екі жылды жалауы желбіреп өткен қуанарлы бағы дейік пе, тең құбылалы бабы дейік пе? Сол жылдарда елді болмаса да төлді елең еткізер, теңізді болмаса да көлшікті толқытар бір қойылым өмірге келіп, он екі жыл бойы рольсіз, яғни жұмыссыз, нахақты «әйкәпір» болған бәдәуидің тауы шағылса да, сол он екі жылда бір рольді бедерлі жасаған пәдәрлінің бағы ашылды ма екен? Қаптап жүрген қарағай мүйізді бүгінгі актерлерден асқақ та, асау Әнуар неге шықпай жүр, нау Нұрмұхан нағып ықпай жүр? Раушанның үні, Фариданың мұңы қайда? Сәбира, Хадиша, Бикен, Шолпан жарық-тықтарды қозғап, «шалақазақ» деп құйрығына шала байлаған Мәмбетовті меңзеп күнәға батпай- ақ қоялық! Оларды қайталауды емес, солар шыққан биіктерді байқамауды айтамын! Роль тудырудағы жанкештілікті, сахна деген сәнді мекеннен ой қозғаудағы базкештілікті айтамын! Айналаңдағы арзанға кереңдікті, жүрегіңдегі қымбатқа тереңдікті айтамын! Айтамын да, жан-жағымның бәрі майда, үстірт, желпі, әркелкі, әрсыдырғы күйдіргісі мен күлдіргісі шатасқан шүйде екеніне шерленгеннен не пайда! Бас театр деп бақан ұстап, елдегі елуден астам өнер ұжымдарының ұқсап бағары, алға ұстары, иық теңері, үйренері осындай болғанға опынғаннан не пайда! Осы уайым күйік-ұйығына батырғанда, кезінде кеңдігі сала құлаш көрінген қағба- сахнаңа сыймайсың – қасиеті қашқан сыңайлы; Абылайша ақырып теңдік сұрайын десең – сенікі жөн дейтін төмендегі төңірегіңде құлағы естір қосшы жоқ! Қайсыбір әкім-қаралар халыңды сұрамақ түгіл, шөл қинап қиналсаң қара су да татырмайтын тасжүрек, ең ақыры амандығыңнан хабарсыз, тіпті қабылдауға да ықылассыз. Өнерден басқа өлшемнің бағын ойлап, бауырлары езіліп, бастары қатып жүргендері жаныңды түршіктіреді. Дүниеде біз де бармыз-ау деген


 


дауысың зор болған сайын, қадырыңды қор қылуға қысылмайтын қырсыз әрі мұңсыз айналаң жігеріңді құм, жүрегіңді жүн жасауға шебер. «Қандасына қасқыр да қас қылмайдының» керімен, кезі-кезі келгенде, көңілге қарап, жалпақ шешейленіп «жақсы екен, тәуір екен» деген жартылай емес-ау, ширекке келмейтін «шындықты» айтқандардың бірі өзіммін. Сөйте-сөйте, белсізді белді деуге, жөнсізді жөнді деуге етің үйрене бастайды екен. Сөйте-сөйте, сүтті айран деп, қойыртпаққа қайран қап, есекті тұлпар санап, қарғаны сұңқарға балап, ескі мен жаңаның, жақсы мен жаманның, ауру мен аманның аражігін ажырата алмас, олақтың олқы қаққан шегесіндей мыжырая бастағаныңды сезбей, тіпті соған мәз болуды ар санамайтын саппас санатында екеніңді байқамай қалады екенсің. Рас, қаға берісте, қалтарыста «әп, бәрекелді» дегізген «Сұлу мен суретші» спектаклінің бірінші актісі, режиссурасы ретсіз, үш жарылған еркегі кепсіз болғанмен «Жынойнақтағы» Қымбат Тілеуованың жарқ еткен, меңіреу мұхитта қалт еткен жұмысы, «Ұлы мен Ұрының» екінші актысы сияқты ілуде бір көрінген табыстарды көрмеген қияс-ты, атамаған ұят-ты. Өзіміз жайлы оң сөз айтсақ, өгіз тентек атанармыз. «Жоқ» деген салқын сөзге «түк» дегенді қосақтау артық екенін ұқпайтындай жара ниет, қара жүрек емеспіз...


Актер мамандық емес, тұлғалық өлшем деп қанша зар салғанымызбен, оны құл сияқты шідерлеп, өресі қысқа көгенде қамап ұстайтын қатігез әдет әлі қалыптан шықпай, соңымыздан қалмай келеді. Режиссер – құл иеленуші узурпатор емес. Ал актер деген – тек орындаушы ғана емес. Спектакль қоюшы әлгі әріптесімен тандем жасайтын тең суреткерді, өнер тудырушы актерді белсіз режиссура икемсіз пьесаға зорлап таңып, көзіқарақты көрерменнің алдында қара жерге қарату аса үлкен тапқырлық та, көркемдік биіктік те емес. Актер ғана емес, жалпы театрдың өресінің өсуі ақылды драматургия мен оның қадірін онан сайын асыра алатын ұшқыр режиссураға төтелей байланысты екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Театр басшысының қарым-қажыры мен эстетикалық талғамын таразылайтын бірден-бір дауа – ол репертуар ауаны, режиссурасы мен суреткер актерлерінің


 


азапты еңбегі, ғажапты талғамы мен зерделі өресі. Репертуар – пәтуалы пьеса тақырыбы (мазмұны ғана емес) мен оны өмірге әкелетін рабайлы режиссураның көркемдік шешімі (мизансцена құра білу ғана емес) және жараулы жүйрік актердің сар желісі арқылы көрнектелінеді. Осы үш өлшемді өнімді етіп ұқсата білу, көкпар-додаға қосарға дұрыс жарату, аламан бәйгеге білгір атбегіндей суытып қосу


– әрине, төрдегі басшының төтелі интеллектісіне, көшелі көрегендігіне, көкейіндегі көрікті талғамына тікелей тәуелді. Мен өзім жақсы адаммын, тек актерлерім мен режиссура ұятқа қалдырып жүр, тартпамдағы пьесалардың да пәтігі таң қаларлық емес деген сырғытпа сылтау – себеп емес, салдар. Жақсы адам боп көріну – суреткерлік өлшем де, шеберлік те, мамандық та емес. Бас изегіш, «бастан келсе – өлгіш, арттан келсе – көнгіш», тәртібі табиялылық та актердің шығармашылдық биіктігінің де, суреткерлік жүйріктігінің де белгісі емес. Адам сенбейтін шым-шытырық уақиға құра білу де, драманы тек диалог құру деп ұғатын жазушыға драматургпін деп кеуде соғуға хақы бере бермейді.


Шығармашылыққа да, шаруаға да кұнт керек. Құнтсыз басшы шаруаның ғана емес, шығармашылықтың да кұнын түсіреді. Театр – тұтас алғанда тірі организм. Тірі организмнің тірі болуы үшін көп нәрсе керектігін бәріміз білеміз. Әрине, оның да шырқау сағаттары, шау тартар сәттері де болар. Бірақ, оны сол тоқыраулардан алып шығатын – әр ұрпақтың әр буыны ғана емес, солардың ішінен суырылып шыға алар жанкешті, азабын арқалай алар Тұлға. Орысшалаған- да – Лидер! Тұлға жасайтын тірлікті, можантопай тұлып жасай алмайды! Ал, Тұлға мінезді келеді, өзі де тыным таппайды, төңірегіне де тыныштық бермейді. Таза өнер тылсым тыныштықта тумайды. Халық өнер шаңырағының жаңғыруын, жаңаруын тұлға бола алатын буынның озық өкілдерінен, есті тентек, тегінен талантты азаматтарынан күтеді. Ал балаң һәм қорғансыз, алданғыш һәм сенгіш, жәудіркөз ұжымды көптің біріне басқартып, кәсіби өнерді көрінеу ақсатып, төрдегі «жазулы» мен төңірегіндегі азулыға жағатын жаппарқұл жабыны төрге шығарып, шикі жегізіп, тұлпарды есек жарысқа салып, кешегіні бүгін ас


 


қылып, қырық жылғы қырқылжыңды әндетіп, өрекпіген кеудесін аяң-өсекпен ауыздықтап, өткенін өсектеп, кеше аға бола алмай қалып, бүгін сақалы текке ағарған шауқандарға артындағысын аяусыз тепкілетіп, буынсыз иянаттатып, қалтырлы қолы жетімді мен жылтырлы сөзі өтімді жердің бәріне жамандатып, қолынан іс келер тарланын кісенмен тұсап, аяқтарынан шалу – парықты өнегені қояйықшы, бәтуалы өнерге деген кешірілмес қиянат. Бүгінгі тозығы жеткен тізгін қолына тиген жаңа басшы осы бір балдыры тым тереңге тамырлаған, ақсақалы айныған, өндір жасы қаймыған, айығуы қиын ауруы дендеп кеткен сор-батпақтан аман өте алар баталы ұл бола алса – бас театрдың бағы қайтып, байрағы қайта желбірер бәлкім, үмітсіз – шайтан деген. Бақ сынап таққа ғана табыну мен тақты ұлт мүддесіне табындыра білу – екі басқа дүние ғой. Біріншісі – індет, екіншісі – қасиет. Қасиеттің көмескі көлеңкеде қалғаны, індеттің жарыққа шыққаны қандай қауіпті.


Өз құдығыңа түкірме деген де сөз бар, қазақта... Алайда сол қазағым суы борсыған құдықтан малын да суармайды, ондай құдығының суын тамшысын қалдырмай түгелдей шығарып тастайтын әдетінен жаңылған   емес.   Өйткені ол құдықтың суы улы болатынын, онымен сусындаған адам түгілі мал екеш мал да абайламаса төтелей ана дүниеге тартып отыратынын,   аман   қалса   айықпас дертке шалдығатынын да білген. Менің мұным – ұғарға шағар мұңым екені де рас, көретін күнім екені де рас, суы борсып, құлақты бұлағы бітелген, кернеуі кірлеген, тазалығы күмәнді құдықтың суын өзім де ішетінім рас. Ендеше, қаталаған шығармашылдық шөлімді қандыратын кәусарымның көзін аршуға тырысуым – дем жетпегендегі тырбану екені де рас. Өйткені, ән – ауруым. Тыңдамай, не қосылмай өте алман...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу