Әңгімелер ✍️
«...КІНӘЗ»
(Мейірман Нұрекеев туралы зерлі сөз)
... У меня хватило ума – чтобы так глупо прожить жизнь!
Фаина Раневская
Артистер қауымының ішінде шынайы өнерпазға лайық серілері мен сыпалары, кісілік тұрпаттарына кінәздік қасиет сіңіргендері баршылық. Көбіне еркетотай, қылжақбас, аңқаулығы алты атқа жүк болардай, таза көңілді, кей-кейде шала білімді келетіндері бары да көлденең жұртқа белгілі. Сондықтан да қазақ кекетіп, «ой, әртістер де адам ба, жүрген бір жынды көбелектер ғой» деп онша менсінбей, немесе күлкі қылып мазақ ететіні өтірік емес. Кейбір атағынан ат үркетін әпербақандарын артық алқалап, аспандата мадақ-марапаттайтын шенеуніктер «осы бәлелер тыныш
жүрсінші» деп, көлденеңге көз қылып көлгірсіп, өп-өтірік сыймықтайтынын көбіміз шын көріп, шірене қалатынымыз бар. Биліктің батпан пұшпағына ие шенеуніктердің
«құдайдың құлағын ұстаған-сымақ» қайсыбірлері өнер адамдарының бірді-екісімен дос болғансып, арқасынан қағып, басынан сипап жағдайын жасағансып, былайғы ел арасынан елеу тауып, ұпай жинайтын жымысқы қылықтарын да байқамай, бос далақтап жүргеніміз қаншама. Қаламы шалыс, тілдері кере қарыс жазғыштар атышулы артистерден иіні бөлек сұхбат алып, әйгіленбек жолында. Жөрнәлістеріңіздің – телесі, радиосы, газеті, жорналы бар, бәр-бәрі де – материал, хабар жасап, «екі жеп биге шығады», ал артистер айдалада қала береді. Өнерпаз жайлы ой айтқанда, оның шер-қазанынының қақпағына үңіліп, азабына күйіп айтқанға не жетсін, құпия-сырын ашқанда «сүйіп» ашса ғой шіркін... Күлдібадамдап, атқа жеңіл – телпекбай етіп, үстірт сөйлеп, ғылыми зертке салмай, біліп айтпай, қазып жазбай қор қылатындары уайым... Қарғаны көре тұра сұңқар, есекті көзепара тұлпар ету қылмыс, кейінгіге қалдырылған «аманатты» кінәрат. Бұл жерде «қол сынса – жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деген ақиқатты жасырар жалпақшешейлік орынсыз. Өзіңді- өзің көтермелеу бір бөлек те, көтеремді күпіндіру басқа. Мен төменде білгенім мен көргенімді, жүрегіме түйгенімді қаз- қалпында, сол күйінде түзуге тырыстым. Кейіннен шеккен уайым мен мұңыма шыладым, кезінде айтпаған шыным мен ашпаған сырыма кілт салдым, сөкпессіз...
Мейірман деген кінәз өнерпаз болған, бүгіндері көзден кеткен соң көңілден де кететін түрі бар. Ел арасында ащы суға әлжуаз, біреудің жалғызы, өмір иірімдері мен өнер еліндегі жұғымдылығынан жолы болғыш екені әйгілі-дүр, алайда сахнаның серісі, көрерменнің көзайымы, халықтың сүйкімдісі болғанын кейінгі қазақ ұмыта бастады. Оны айтасыз, көзіміз тірі біздің де атымыз көмескіленіп барады. Замана төрі мен ел алдында елпеңі көп селтеңбайлар мен ырбаңы асқан әсіреқызыл мырқымбайлардың қадірі артуда. Оның себебі, арзан мен қымбаттың қадірін қашанда кеш біліп, бармақ тістеуге келгенде алдына жан салмайтын өз
ағайының мен өнер басқарған-сымақ болып жүрген «құлақ шығарарға ерікті қазаншыларыңның» белден төмен беделі мен тауық жемейтін шикі тарыдан арзан талғамы. Сонан соң, туысы мен тамырын, ағасы мен «жағасын» көзапара
«көсемсіту», иілмегенді «естен шығару» әдісімен, өз тілдерімен тиектегенде «аутсайдер» жасап, шүмектен қағуды асқан шеберлікпен меңгерген бүйірі мықты бишікештер.
«Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа..» қайтыс болған... Дүние кірледі, тазартуға уақыт та құлық та жетпейді, ар арзандады – бағасын арттырумен ешкім айналысып жатқан жоқ, жағалай тиын қуалаған жұрағат. Өшкен үн, жайлаған жын. Жақында сол жын жайлаған, кірлеген дүниеден азар да безер болған, табиғатынан таза бір жас өрен, балаң өнерпаз аспанға секіріп арсы дүниеге аттанып, аузымызды кепердей етті, жағамызды ұстатты, естен тандырды... Алайда сол аспаныңда да таза дейтін бір шөкім бұлт та қалмағаны ол қыршынның қаперіне келді ме екен?.. Пушкин деген пірадар айтпаушы ма еді, «жер үстінде шындық жоқ-ты – бұл анық! Ол жарықтық аспаннан да табылмас...» – деп... «Нет правды на земле! Но его нет и выше!..» әгәрки қазақшасын
«қатырсам», орысшасы осы тақылеттес-ті...
Әңгімеміздің ауаны мәжнүн өнерлі Мейірман да орындалуы беймағлұм арзан арманнан, алдамшы ертең мен кір пиғылды бүгіннен қашқандай арғы дүниеге тым асығыс ерте кеткен... Сахнадан сыпа көрініп, мұңсыз- қамсыз сияқтанатын ол, сыртқа бәлендей сыр шашып, кезең жайлы ой толғап, заман жайлы запыран шегіп немесе
«бұларың не» деп мына біздердей айналаға атой салған емес. Бұл жалғаннан кетерін білгендей, сахнада ғана шын ғұмыр сүретіндей, айналадағы қызылда-жасыл, алқында- жұлқын өмірмен уақытша ойнап жүргендей көрінген екен маған... Мейірман – бүгіндері келмеске кетті деп жүрген кеңес үкіметінің керзі етікті бәлшебегі, керім жақтасы, оның жоспар-жобаларын бар жігерімен, ынты-шынтысымен орындап жүзеге асырушы, өз кезеңінің кесекті азаматы, колхоз-совхоздарының белсенді әрі ұзақ жыл бастығы болған әкесі Рахмет ақсақалдың жалғызы, жалғасы еді. Қазақ жалғыздың бетінен қақпайтыны әлімсақтан әйгілі.
Сондықтан да Мейірман, сыр елінің арасында абыройы атан түйеге әжептәуір жүк болатын атымтай әкесінің арқасында Алматының бес-алты жоғарғы оқуларының есігін ашып көрген «көреген». Солардың бірінен де байыз таппаған кінәз баласы Мәскеудің М.С.Щепкин атындағы театр өнері институтынан бір-ақ шыққанын естіген Рахмет ақсақал, қызылордалық қырсық сөзуарлығына басып, «бұның не, ей, пәдәріңе нәлет» демеген екен... Анасы да Шиелінің төңірегіндегі отағасы қырық жылдай басшылық еткен елді мекеннің орта мектебінің көп уақыт директоры болыпты. Бір үйде екі бастық, ойхой деген, Мейірманның әрине,
«ішкені алдында, ішпегені артында»-дүр. Алматыдағы ЖенПиден басқа барлық институтқа түсірген әкем мен шешеме өкпем жоқ дейтін, Мәкең қалжыңдап. Сөйте тұра әке-шешесінің қызылодалықтарға ғана тән мінез-құлықтары мен сөз саптауларын сүйрікті махаббатқа малып, шебер түрде қайталап, қылжақ ететін... Шиелінің жон арқасынан шиырлап өтетін темір жолын, оның сиқыры мен сыңғыр- салдыры көп стансасын үнемі сөз қылып отыратын... Темір жол қай елге болмасын, бөлек мәдениет, өмірге деген ерек көзқарас әкеле ме, қайдам, жол бойында өскен ұрпақ пысықтау келетінін жиі айтатын. Өзінің де өзге елдің әдеті мен қалжыңынан бір кісідей хабары болушы еді. «Екеуміз темір жолдың қара майын, шпалы мен релсін, подбойкасы мен накладкысын, противоугонкосын, ең бастысы тәрбиесін таныған, тіпті Тәшкен көрген ұрпақпыз ғой, Тұңғыш, дейтін маған, мына қалхозниктер бізді қайдан ұқсын, кел екеуміз өзара сөйлескенде өзбекше гәпірісайық, Әшірәлі түсінуі мүмкін, ал Әнуар сияқты «ауылбайлар» аңқиып отыра берсін» – деп, арқа-жарқа күлетін... «Тәшкен көрген» деген тіркес біздің оңтүстік өңірінде – оқыған, оң-солды танитын, парық пен нарықтан хабары бар, қағылез, пысық адам дегенді білдіретін ұғым болатын. Орысша анекдоттар мен одессалық қырт әңгімелерге де шебер еді, тіпті тау халықтарының бірі шешенше де білетін сияқты көрінетін.
«Эх, Одесса-мама, век свободы не видать!» деп солардың түрмеліктерінің «блатной» тілінде термелей жөнелгенде, бұған бұл қайдан жұққан өнер деп, күлкіден ішегімізге
ие бола алмай түйіліп, басымыз қатушы еді... Сол Әнуар Боранбаевпен ол да сыралғы дос болатын, оның арқа жерінен, торғай топырағынан өскендігін қағажу етіп, «ей, Өтей, еліңде не шойын жол, не кішігірім станса, болмаса разъезд, тіпті сорайған жетім столбы жоқ, осы сенің Амангелді бабаң кіммен соғысып, нендей революция жасап жүр? Мына мидай далада бос далақтап шаба берген бе? Сонда Лениннің идеясын қай уақытта, қалай меңгеріп, оның измімен қалайша танысып-түсінісіп, тізе қосқан» деген сияқты ұзын сонар қалжыңдарымен Әнуардың аузын аштырмай тастаушы еді. Қызыл тілге келгенде қамшы салдырмайтын сөзуар болғанмен, алайда табиғатынан тәртібі мол, тайталасқа кем Әнекең, оңды жауап айта алмай, тілден қалатын...
...Мейірман әкеден ғана жалғыз емес-тін, өмірден де дос пен тиянақ, өнерден тегеурін мен теңдік, әрі-беріден соң әділет таппай, өзегін өртеген өкініш пен жалғыздықтың зардабын шеккені жүріс-тұрысынан, мінез-құлқынан аңғарылып тұрушы еді. Жалғыздық Мейірманның жан серігіндей сияқты еді. Әңгіме-дүкен құрып, сырласып, ой бөлісіп, қоғам мен өмір жайлы айтысып, әділдік пен әсемдік іздеп, белсенді болып жүргенінен өз басым хабарсызбын. Тұрпатынан тектілігі мен біліктілігі теуіп тұрса да, білек сыбанып сөз жарыстырғанын байқамаппын. Қазір ойлаймын, ой-қиялының озықтығы мен ақыл-парасатының биіктігіне теңдес таппаған соң, бос әлекке түспеді ме екен деп... Бәрін әзіл-қалжыңға аудара салып, күйкілі көп қу тіршіліктен бойын аулақ ұстап, саяқ ғұмыр кешкен сыңайлы. Әлгі «Тамашадағы» өзі жиі ойнайтын ауыл қариясының «е, маған бәрібір ғой» дейтін бейқатынасты, селсоқ болғанмен күрсініс пен запыранға толы шығасыл сөзі Мейірманның шынайы келбеті мен тұрпатын көлегейлейтін шымылғы- пәрәнжісіндей, өзінің жеке зарындай көрінетін... Арлыларға артын беретін ит-дүниеге қолын шығарып, соның өзін мазақ еткендей, бізге де, өзіне-өзі де күліп тұрғандай болатын.
«Қазақ десең» дегендей, артист десең – өзіңе тиеді... Қаңғыбаспыз ғой. Гастрольдік сапарлар, алыс аймақтарды аралаудан жалықпайтын, концерттер мен кездесулерден шаршамайтын азапкер халықпыз... Нан табу керек, нанға
жағып жейтін май табу керек... Тіпті ит арқасы қияндағы ауыл-аймақ, тіпті картаға кірмеген, керексе ойда да жоқ отделениелердің де арасын жол қылған мәңгілік жолаушымыз... Екібастұз ашық көмір карьерлерінің даңқы дүркіреп тұрған кез екен. «Тамашамен» концерт қойған өнерпаздарды сыйлап-сыймықтамақшы болған көмір бассейнінің комсомол хатшысы артистерге сол ашық карьерлерді көрсетуге экскурсияға алып кетіпті. Таңнан басталған лекция-шеру карьерден карьерге көшіп жүріп, түс мезгілінің таяп қалғанын ұмытқан әлгі хатшыға Мейірман, «ей, секретарь, енді қанша карьер көреміз» деген сауалға түсінбей, мақтаныш сезіммен әлі үш- төртеуі бар, негізгісі «Богатырь разрезі» деген келесісі» дейді. Қаталап, «шөлдеп» келе жатқан Мейірман, «ей, секретарь, ендеше мені мына простой карьеріңе көміп кете беріңдер, богатырьлерің өздеріңе бұйырсын» депті. Бірден ұқпай қалған хатшы, біраздан соң ғана өз маңдайын өзі шапалағымен бір салып, аулақта қаздай тізіліп тұрған автокөліктерінің багажниктеріндегі «шай-суандарына, походный дастархандарына» алқын-жұлқын жармаса берген екен, дейді сол оқиғаның басында болған куәгерлері...
...Ұлан-байтақты Ұлытау өңірінің Шет ауданы деп аталатын бір шиырына орналасқан шөкімдей елді мекенге келдік, бір жылы. Ауылдық жерде қонақүй қайдан болсын, бас көтерер дейтін бірді-екілі үйді-үйге үш-төрт артистен түсіріп алатын үрдіс бар-тын. Ішіміздегі атақтыларымыз ауыл бастығының немесе парторгтың, қалған «жалаңаяқтар» комсоргтың, қала берді ауылдық клуб меңгерушісінің үйіне қона кететінбіз… Сол кездің бастығы – ауыл парткомы бізді, бір топ жас артисті шеткі көшедегі жалғызбасты кейуананың үйіне ұмар-жұмар түсірді де, өз жайына кеткен болатын. Әлгі партком әкеп тастаған бір асым етті қазанға салып жатқан шешейдің қасына барып, ошаққа еңкейе берген Әшірәлі Кенжеев, «апай, мына қазаныңыздағы еттің жартысын жақсылап балбыратып, жартысын шалалау пісіріңізші, арамызда асқазаны ауырып, ішкірттеніп жүрген бір қайныңыз бар еді» деп Тілектес Мейрамовты нұсқағаны... Мейірман мырс ете қалған, мен оның өнбес өтінішін онша жақтырмаған
сыңаймен теріс бұрылып кете бергем. «Әй, қарағым, – деді әлгі шешей, мынау қазан, оның ішіндегі әлгі бастық- сымақтың әкеп тастаған «зәләтір» қойдың бір борбайы, қалай піседі, солай жейсің!» – деп ошақтың астындағы отты көсеп-көсеп жіберді... «Әй, Әшкөн-ай, – деді күйініп, Мейірман, – өзіңнің Абай-базарыңда жүргендей... Бұл сенің өзбек аралас Шымкентің емес қой, «хоп, мәйлі әкаджан, хаммасын пісенттеп, кәтта зор кәуап қылып, пачах-пұчағын шығарамын» дейтұғын! Қазанда нең бар еді-ей, дымдап пісіретін дімләмаң есіңе түсіп кетті ме, сенің қаңлылық аңқаулығыңнан қарбызды – қауын, қауынды «діңке» деп жейтін арғын-найманға мазақ болдық қой!» – деп, қолын бір сілтеп қоржын тамға кіріп жоқ болған... Кешкі спектакліміз аяқталып, манағы тырыли арық қойдың еті желініп, ертесіне әлгі пәкене үйдің түпкі қоржынында бұйырған шала ұйқыдан ерте оянған мен далаға шықсам, әлгі шешей бір шелек мұздай суды Мейірманның басына сарылдатып құйып жатыр екен. Мәкеңнің бір қолында ол кезде оңайлықпен табыла бермейтін бір құты шетелдік шампунь! Қолаң шашын қобыратып жуып жатқан Мейірманға «апырай мына әтірің сабыннан бетер көпіргіш екен, қайдан алып жүрсің, қарағым» деп қояды... Маған қарап, «мына бала ауырып қалмай ма, құлқынсәріден тұрып алып, істеп жатқан тірлігі мынау, су болса мұздай, жылытып берейін десем, қажеті жоқ дейді, өзі қаланың шала туған баласы...» деген. «Жоқ, жеңгей, мен шашымды күнде таңертең осындай мұздай су мен шампуньға жуам, қайта осы екеуі таусылса ауырып қалуым мүмкін!.. Қала болғанда менікі Қызылорда деген шаһар, ол кешегі сіздің қазанға түсіп кете жаздаған Әшірәлі ғой, Абай-базар деген кеңес өкіметі орнамаған, айдалада өзбек ағайындардан ұмыт қалған ауылда, бейуақта дүниеге келген», – деп, қоржынтамда қойдың жүнінен қабылған қоңыриісті көрпені құшақтап, әлі ұйықтап жатқан құрдасын тағы да қағыта бастаған... «Иә, апай, бұл қайныңыз шойын жолдың бойында, Шиелі деген стансада туған. Князьдің тұқымы, өзін қазақ емес, қыпшақпын дейді» – деп мен де тілімнің тікенді тотияйынын қыстырып жібергем... Содан бастап, мен Мейірманды «кінәз» деп атап кеттім, әңгімемнің
әу басынан тіліме тіркеп, қайта-қайта «кінәз» деп қақсап отырған себебім содан.
...Өмірден өтерінен екі айдай уақыт бұрын, ойда-жоқта кабинетіме Мейірман кіріп келгені... Өңі солғын, назары пәс, кейпі шаршаған. Театрдан шығып кеткеніне жеті-сегіз жылдың шамасындай уақыт өткен кез болатын. Арқалықтан кетіп, аз уақыт Алматыдағы балалар театрына табан тіреп, содан кейін бізге ауысып келген. Ә.Мәмбетов қойған Ф.Эрвенің «Мадемуазель Нитушында» түрме бастығы, В.Шекспирдің «Асауға-тұсауында» Мадам-қатын, А.Әшімов қойған Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісінде» Тымақбай сияқты кіші болғанмен, айшықты рольдер жасаған-ды. Сергелдеңі көп сексенінші, талапайы мол тоқсаныншы жылдардың басында кино әлеміне көбірек араласып кеткен мен, театрдың ішкі тіршілік-тынысынан, досым Әнуар Боранбаевтың арам қол ластаған тағдырынан, Мейірманның театрды тастап біржола «Тамашаға» кетуінің себеп-салдарынан хабарым кем-ді. Пайымдауымша, тегі мықты тентектің сол кездері қадірі мықтап кете бастаған қара шаңырақтағы өгіз арбаға мінген сынды, бейынталы, тасбақалы тіршілікке кінәз көңлі толмаған сыңайлы. Ал, «Тамашада» Мейірманның сарайы ашылып, қолтық сөге қызмет қылғаны жұртқа белгілі. Сахнада не істесе де, нендей әңгіме-миниатюраға араласса да бір қора қойдай жамыраған басқаларынан бәсі артық болып кеткен-ді. Естуімше, кейіндері Мәкеңді «Бауыржан- шоудың» шоумендері де икемдеп, «Тамашадан» жырып, өздері иемденіп алыпты. Елу жасын да ел алдында сол жігіттер тойлапты деген қауесет те жеткен...
...Кабинеттегі әңгімені Мейірманның өзі бастады, әуелі «ее-еһ!» деп күрсініп алатын әдетінен бұл жолы да жаңылған жоқ. «Мен шаршадым, Тұңғыш...» – деді бірден. Айналамыз арзандап кетті, дүниені кір басты, табан тірер қызық таусылғандай. «Қатын ауру, бала жас» деп баяғыда аталарымыз тақпақтап отырғанда, күлуші едік, сол жағдайға мен де тап болдым. Айман ауырады, білесің. Әзілден де қайран көңіл қалып барады, бәрі бос әңгіме, арзан ыржақ. Театрдан бекер кеткен екенмін, балалық дейін десем, ол кезде қырықтың қырқасында едім, шамасы, шалалық, әлде
әсіреқызылға құмарлық па екен... Болары – болды, өтті, кетті... Қысқасы, мені театрға қайта ал, бәрін қоямын, «бәрін тастадым, бәрін де ұмыттым» деп Қодар жынды айтушы ма еді, «Қозы-Көрпеште»... Өмірдің тепкісінен мен де жеңіле бастағандаймын, менің қағбам осы қара шаңырақ қазір шығармашылықтың қызу көкпарында екенін, білікті өнер жасауға деген батыл бетбұрыста жүргенін байқап жүрмін... Ол көкпарға менің де салым сала алар қауқарымның қажырынан, тұлпарымның талай бәйгі-жарысқа қосыла алатынынан күдер үзуге ерте шығар деген үмітім бар...» – деп бір-ақ тоқтады. Мен де әзіл-шыны аралас бірдеңелерді айтып, пәс көңілін көтермек ниетіммен, «енді астыңда елуіңде мінген атың бар, сахна түгілі, сол қызыл «Жигулиіңді» қисаңдап айдауға ұялатын шығарсың. Театрдың іші ызыңды өсек екенін білесің, өзің естігендей, қара шаңырақты қарымды бәйгіге қосумен бірге жынды судың да иісінен тазартудың «соғысындамын», ол дерттен арылмасақ, жаңа өзің айтқан өнер көкпарының қадірі мен кепиеті қашып кетпей ме, бәдәуиленген өнерде береке болушы ма еді. «Ой, Тұңғышбай Мейірман досының ол «еркелігін» көрмейді ғой, бізге ғана найзасын сілтей беретін шығар» деген сөзге қалдырмассың» деп, орынсыздау сөйлеген болдым. «Ей, әлгі Ибрагимов дегеннің Республика Сарайының сахнасына дардай ғып шығарып, жұрттың көзінше мінгізген мәшинесін айтып отырсың ба, оны Бауыржан жиеніміз қайтарып алып қойған, әншейін, көрерменге қылған көзі ғой, рекламасының сиқы екен, пиар дей ме ондайды, қайтесің соны сөз қылып!» деді де, қалай, арызымды жазайын ба?» – мен сөзін доғарды.
«Әп» дегеннен дайын емес жауабымның орайына, ойыма оңтайлы себептің келе қалғаны... Таразда, Абай Сүйінбаев деген бөлем бар-тын, алдағы сенбіге той жасамақ ниетін білдіріп шақырып кетіп еді, бірді-екілі достарыңызды ала келсеңіз, тойдың сәні кіріп, жүдә рахат болар еді деген. Сол есіме түсіп, Мәкеңе тойға бірге барайық деп қолқа салдым, қыдырыстап қайтайық, көңіл көтерейік дедім. Аз- мұз ойланған Мәкең, кез келгеннің «жүре ғой» дегеніне ере бермейтін кінәздік мінезін зорлап сындырғандай болды ма, әлде менің көңлімді қалдырғысы келмеді ме, әйтеуір «е,
мейлі, маған бәрібір ғой!» деп, «Тамашадағы» қариясының бейқатынасты, дүйім жұртқа жаттанды болып кеткен белгілі сөзін қыстыра салғаны... Ал менің есіме Мәскеуде бірге оқыған достарының бірі Тұрсын Құралиевтің жиі айтатын бір уақиғасы түсе кеткені. «Бөрі аштығын білдірмес, сыртына жүнін қампайтар» демекші, Мейірман-кінәз ешқашан өз басының қиындықтары мен проблемаларын әркімдерге көлденең тартып айтып зарланбаушы еді. Концерт-кездесулердің ыңғайы келмей, құр айлыққа қарап тақыл-тұқыл күйге түсіп қалған кездерінде де сол достарын кезекті «сұхбат-кездесулерінен» кейін пәтеріне әрдайым сүйрей жөнелетін әдеті барын білетінбіз... Бір күні сондай күйде мырзаланып келе жатқан Мейірман, подъезіне кіре бере қайта атып шығып, Тұрсын досына «ішке кіріп қарап шықшы, көршілердің бірінің төбесі көрінбей ме екен» депті. Этажды үйдің баспалдақты дәлізін бір шолып шыққан Тұрсын, ешкімнің жоқтығын айта салысымен, «ал, соңымнан тез жүгіріңдер» деген күйі, жоғарыдағы пәтеріне екі-ақ аттап жеткен екен. Кейін мұндай қылығының мәнісін сұраған досына, «е-ей, сен де бір ымға түсінбейтін дүбәрә екенсің, көршілерімнің бәріне де қарыз болсам қайтем» деп, мәз-мейрам болып, көзінен жас аққанша өзіне тән ақжарқын да астарсыз күлкісіне басатын көрінеді.
…Қызметтік көлікпен таң қылаң бере Таразға сапар шеккен екеуміз, жол қысқартып, ой, бір шер тарқаттық дейсің! Барарда да әзіл мен күлкі, кейде мұңға толы әңгіме, қайтарда да сол. Тойда Мейірман жиналған халықтың оң назарында болды, көбі «стақан соғыстыра алмадық қой» деп өкініп жатты. Көліктің артқы орындығына шәниген екеуміздің аузымыз бір босамаған шығар. Иығындағы жауапты концерттерге ғана киетін, ішкі жан қалтасы бөлем ұстатқан «конвертпен» қалыңдаған шымқай қара велюр костюмін алғы орындықтың арқасына «кигізіп», өзі аса қатты күтіп қадірлеп киетін, пошымы бөлек, ұш- тұмсығы сүйрік, аямай лактелген туфлиін шешіп қойып,
«байқа, ұзын сирағың сыймай басып кетіп, қалыбын бұзып жіберме, сен мұндай топылиді түсіңде де көрмегенсің» деп, аңқылдап күліп қояды. Бір қызығы, осы туфлиін керемет
«сыйлайтын», ауыл сахналарындағы концерттерде онысын жұрт сияқты жерге қоймай, бөлек, биікке, терезе текшесіне жайғастырып, Данагүл қарындасына «мына қалхозниктер басып кетпесін, қарайлап жүр» деп тапсырып жүретін... Алматының жарты жолы қалғанда, Шу өзенінің үстіндегі көпірден өте, бой жазуға көліктің тізгінін тарттық. Сыртқа шығып, керіліп-созылып алған Мейірман, «ойпырмай, сен нағыз тасжүрек екенсің ей, тым болмаса көзге тамызардай бір «каплі» татырмадың ғой, сенен қусаң құмалақ түспейтін шығар» дегенде, «ешкім жоқ қой, багажникте бөлем салып жіберген сауқатта бірдеңе бар шығар, ол өзі түсінетін жігіт» дегенімде, «қой-е, қалжыңым ғой, тоқталдым деген соң тоқталдым» сыңайлы жауап алдым...
...Пушкин көшесіндегі пәтеріне келіп тоқтадық. Көліктен түсе бере балконына қарап, айғай салғаны, «Айман, шық бері, принимай гостинцы! Бұл сорлы мені танымай қалатын шығар, сау келер кезім тым аз еді ғой» деп тұр. Менің есіме курстасы Тұрсынның айтқан әлгі әңгімесі түсіп, үнсіз жымидым да, «мына айғайына қарағанда қарыздарынан құтылған болды ғой» деген оймен жүргізушіме ана заттарды түсіре бер деген белгі бердім. Багажникке салынған бір- екі жәшік шикілі-пісілі ет, иығына жабылған шапан, сыйға тартылған «шымкентский двухбортный» костюм- шалбар, мұқият теңделіп оралған екі кілемді түсіріп жатқан жүргізуші Магамедке, «ей, ана кілемнің бірі Тұхаңдікі, сен бәрін аударып тастадың ғой» дегенде, «жоқ, Мәке, екі кілемді де саған атаған, бірін үйдегі жеңгемізге деді ғой» деп, мен де қиыннан қиыстырып жібердім. Маған сыни көзбен ұзақтау қарап алды да, «менің қатыным, бүгін точно жүрегі жарылып өлетін болды» деп, арқамнан қақты.
«Тұңғышбай, мен негізім жарыған, әкемнің арқасында ешбір нәрседен жоқшылық көрмеген адаммын, «кейде қысқа жібім күрмеуге келмей жүргенмен», дүние-боққа қызыққан жерім жоғын білесің ғой, алайда рахмет саған, мені бір шелектей қылып сыйладың, ең бастысы мыналарды көріп тұрған көршілерімнің іші күйетін болды» деп құшағына қысқаны бүгінгідей есімде... Бірер апта өткесін, жуынып-шайынып, таза киімденіп, арызымды жазып келемін деген уәдесін
алып, мен де атымның басын қарашаңырағыма бұрғамын... Көліктің әйнегінен асырып, «велюр костюмің мен лактелген үшкіртұмсық туфлиіңді киіп кел, шашыңды да шампуньмен жууды ұмытпа, Князь!» деген әзілімді қалдырдым...
«Обязательно, суық сумен, ең қымбат шампуньмен!» деген жауапты қалжыңы құлағыма жетіп жатты...
Алайда, осы уақиғадан бір-екі ай өтер-өтпесте Мейірман Нұрекеев, сол екі арада Гүлжан Қалыбаева қарындасы ұйымдастырған «Күлкі керуенінің» соңғы бір гастрольдік әзіл-сықақ концертінен қатты сырқаттанып оралып, Әуезов театрына қайта ораламын деген уәделі арызын жаза алмай, жеке арманын арқалап, тез арада пәниден бақиға асығыс аттанып кетті, ат басын арсыға бұрды... Белгіленген «тәртіп» бойынша, халық артистері ғана соңғы сапарын бастайтын ата театрдың екінші қабатындағы салтанатты фойесінен арғы дүниеге аттанған бірінші «жай» артист Мейірман болды... Өйткені ол шаңырақ – Мейірманның арманды, әрі құтты мекені еді, өйткені ол – атақ-шатақсыз да халықтың өз артисі болатын, өйткені ол – тумысынан текті еді, Кінәз еді...
Саршатамыз, 2012 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter