Әңгімелер ✍️
ДОСХАН ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК…
(Астарсыз шер)
Екеуміз де хас өнерпаз Хадиша Бөкееваның шәкірттеріміз, бір мектептің түлегіміз, бір айдың перзенттеріміз, жұлдызымыз – таразы. Бойымыз бөлек болғанмен, өмір мен өнер жайлы ойымыз, пайымымыз бір.
Мен сол толқымалы таразы болғандықтан да, өнерге теңселіп жүріп кештеу келдім, үркектігімнен, қалауымды құзар биікке қойғандығымнан, өзіме сенімімнің аздығынан, суреткерлік әлемнің сүйріктігінен сескенгендіктен...
Мен Досекеңнен үлкенмін, қазан айының екісінде Алланың әмірімен пайғамбар жасына жеттім. Ал ол – осы айдың жетісінде алпысқа келді…
Жыл санау – онша жақсы нәрсе емес, суреткерлік сүреде жүрген біздер үшін ол мұң санаумен барабар… Аман жүрсең, жасыңа жас қосыла береді ғой, сақал ешкіге де бітеді дейді, кінәмшіл қазағым. Мәселе – қосылған жастың санында емес, сарынында десем, ұғындыра алар ма екем, айналамды… Сан
– математикалық өлшем, ал сарын… Сарын – үн,.. дауыс,.. өре,.. ол – кеңістікте,.. алыста,.. биікте,.. тереңде,.. ағзада...
Досхан табиғатынан терең – домбырашы, әнші; сондықтан да ойшыл. Ән мен күй, адам көкірегінің күмбірі, қоңыраудың салдыр-гүлдірі емес.
Досхан жаратылысынан жүйрік, бәйгіге бейім. Жабы тектілерден бөлектігі, олардан озатыны сондықтан...
Досхан іс-қимылға шымыр, сахна мен экранда тастүйін жинақы, олпы-солпы емес, жұрт назарын жаулағаны да сол себептен.
Досханның ағзасы зерек, құлағы түрік, қабылдауы жылдам. Хадиша апамыздың аузынан түспейтін, ең мақтаулы шәкірті болғанына мен куә. Техникалық жоғарғы оқу орнында сопромат пен теориялық механиканы біраз кеміріп келген мен, сахнадағы балаң сезімге бой алдыра алмай, «ол неге олай» деп бордай езіліп жүргенімде ол оза шауып, тәләбалардың алдына шығып алған-ды...
Досхан бұл күнде бәтуалы тұлғаға айналған, өнер жолына
қарасаң көз тояды, өре өлшемінің биіктігінен бөркің түседі. Ол бұған шіренбей, күшенбей, сұранбай, қиналмай, ессіз сүйетін өнеріне есепсіз төккен ақ терінің арқасында желіп жүріп, азабына көніп жүріп жетті. Өмірдің бұрылысына бой бермеді, бұлтағына ермеді. Өнер деген ордалы Елде жүргендердің түгелі осылай болса игі. Айналасы аман, кісілігі кенен, пендешілігі төмен. Алқа қотан ағайынға айтары мол, кейінгіге ағалығы кең. Дос-жаранға бай, бес қаруы сай, көңілі жай. Ортада көсем, сөзге шешен.
Мен Досхандай жүйрікпен аламан бәйгеде жүлделі жүргеніме шүкірмін, бір заманда, бір кеңістікте, бір биікте, бір тереңде екендігіме тәуба қыламын. Досханмен мақтанамын.
Қазан, 2011 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter