24.02.2022
  657


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

ӘШІМ ДАМОЛЛА, АТАМ ЖАМАНҚҰЛ, ХАЗІРЕТ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ, САҒАТ АРЫНОВ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР...

(Мешіт жайлы толықтырылған мұң)


 


...Адам баласы қаншама саналы боп жаратылғанмен, қысқа ғұмырындағы кездесіп тұратын күрмеулерді шешуге келгенде шарасыздық танытып, дүниедегі жақсы мен жаманды, жалған мен шындықты, әділет пен жөнсіздікті айыра алмай азап шегеді. Бүгін жақсы дегені ертең жаман, керісінше, кешегі жаман дегені бүрсігүні жақсы боп шығады да шақшадай басы, шарадай болып, көңіл көкжиегіндегі армандарының тас-талқаны шығып жатады. Бір-біріне жасаған қиянаттарынан, шешімі оңайлықпен табыла қоймайтын сұрақтардан екі дүниеге де көңілдері қалып, мұқым дүниені тәрк етіп, күнәһәр күйге де түседі. Әділет іздеп әлек болады. Бақ соқыр кейде (тіпті жиірек десе де болады), арам пиғылдының басына қонады. Ол болса, сонысын (Бақтың соқырлығын) пайдаланып, момындарды басынып тізесін батырады, бір Құдіретке деген сенімін жоғалтады, ризығынан айырады, көңілін қалдырады.


Адам баласының хал-күйі осындай. Жан-жағынан шырмаған сансыз көмескілердің сұлбасын анықтап, түйіні қиын жұмбақтардың астарлы жауабын таба алмай басын тауға да, тасқа да ұрады. Айналасындағы өзі сияқтылардың бәрі де өзімен өзі, көмек берер, ақыл айтар ешбір пенде жоқ. Міне, сондай бір шерменде шақта, адам баласы жанына маза, дертіне шипа іздеп қарманысқа түскенде, бір Жаратушының барына сенбеске амалы қалмайды. Сонда барып, Дүние-Ғаламды жаратқан бір Құдіретті мойындап, өзі сол Құдіреттің кішкене ғана бөлшегі екенін ұғынып, тәубеге келіп, сабасына түскендей болып саябыр табады, мамыражай күй кешеді. Арагідік сол Құдіретпен тілдескісі, мұңын шаққысы келіп, жүзін өзіне беймәлім Көкке бұрып, жалбарына бастайды. Тек соның жолдарын біле алмай,


 


қалай, қай тілде сырласып, ықыласын аударса Хақ-Тағалаға тезірек, әрі ұғынықты жетер екен деп мазасынан айрылып, көкірегін толтырған шерін тарқата алмай шерменде болады. Жалғызсырайды. Жол көрсетер, я ақыл айтар біреуді іздейді. Сол біреу кім боп кездеседі, сұрқы мен ғұрпын тергемесек те, парқы мен нарқы қандай-ды?! «Бері кел, мына жол дұрыс, менімен бірге болсаң адаспайсың, Құдай бір, пайғамбар хақ деп хақиқи жолды көрсететін кім? Сөзі қандай, одан соңғы ісі қандай? Пайым-парасаты, сөзіне ұйытардай, соңынан ертердей кісілік кілті, діни ғылымхалдағы, өре-қарымы, білім-танымы қай деңгейде?


Міне, осы тұста адасулар мен алданулар көптеп кездеседі. Арагідік арғы мен бергінің бәріне сенімсіздіктер де пайда болуы бек мүмкін. Өйткені, бір ғасырға жуық уақыт бойы


«дін – апиын» деп аталған идеология қазымырлана жұмыс істеді емес пе. Өйткені, қызыл комиссарлар халықтың жүрегінің түкпірінен орын алған шариғат заңын, дін жолын өз «дінімен», қызыл идеологиясымен ауыстырмақ болып жанұшыра жанықты емес пе. Біраз замандар өткен соң, ұрпақ ауысқан кезде ешнәрсеге таң қалмайтын, ешнәрседен тартынбайтын атеистер,   турасын   айтқанда,   дінсіздер мен маргиналдар пайда болды. Ел ішінде бірді-екілі мұсылмандығынан сақтап қалған шал-шауқандар болмаса, қаптаған құдайсыздар заман тізгінін қолына алды. Ислам жолы, оның ғылымхалдары мүлдем ұмытылып, қайтыс болған адамға бір аят құран шығару былай тұрсын, дініміз жайлы жөні түзу әңгіме айта білетіндерден ешкім қалмады. Ел тексізденіп, ұлттың ұрығы азды. Өз қазағымыздан шыққан шолақ белсенділеріміз орыс діндәрінің ұрпағы, ұлы жазушы М.Булгаковтың Швондерлерінен асып түсіп жатты. Жетпістен асқан Шәкәрімді айдалада тышқақ лақ құрлы көрмей, көпек иттей атып тастап, тым болмаса бетін топырақпен көлегейлемей, айдаладағы құдыққа итере салғандары жүрегіңді мұздатып қана қоймай, зәр-иманыңды жеті қат жердің астына жібереді.


...Мен өскен ауылда, өз көзіммен көрген, бұрындары Әшім дамолланың мешіті деп аталатын айдалада иесіз қалған


 


есек қора бар еді. Күн ысыған кезде қасынан өтсеңіз, нәжіс- қоңыстың иісі әңкіп, қой-ешкі, шыбындаған қодық-есекке толып, шаңы шығып жататын. Қазақ мешітті «құттыхана» деп атағанда, бұл қасиетті орын неге осындай күйге түсті екен деп ойлаушы едік. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда қазан» деп замана көшін оп-оңай түсіндіретін осы мақалдың қалай шыққанына да таң қалмай тұра алмайсың. Алайда, ғасырлар қатпарынан бүгінге дейін жеткен, небір құқайды көріп аман қалған қазақтың текті қариялары қаптаған қызыл үндеулер мен «жаңа өмірдің» кәпірістан әдеттері задына зорлап телініп жатса да, бес уақыт намазын тастамаған болатын, жылда егетін қауын-қарбызы қазан боп жатса да, құтпан намазын қаза қылмайтын. Заманның сұрқайланып, тектің аза бастағанын байқап жүретін менің Жаманқұл атамның құтпан намазы көл-көсір көз жасы мен ботадай боздаған өксік аралас оқылушы еді. Қыртысы білінбейтін жайнамазының құбыла жағына қамшысын көлденең тастап, алды-артын кес-кестеген кесір ұрпақтың тайраңы мен кердеңіне көзінің қиығын да салмай, тек қасында, селдір сақалын жуардай болып төгілген көз жасын көріп, балаң бауырым езіле, түкке де түсінбестен қосылып жылап отырған менің кекілімді, кемсеңдеген үнінен діріл қаққан дертті саусақтарымен салалап тарап, өзегіңді өртеген мұңды әуенін жалғастыра беретін еді. Бұл әуен намаздан соңғы


«намаз» болатын. Сондағы естіген зарлы әңгімелерден есімде қалғаны – төңкеріс деген нәубет жылдары сол төңіректің әзиз діндәрі Әшім атты дамолланың сол мешітін бұзуға келген ХТЗ дейтін «қызыл» трактордың темір табанының астына өкіре құлап, «мені де таптап кетіңдер, мұны көргенше көрге кіргенім артық» деп аһ ұрған пірәдар алты күн бойы аза тұтып, ақыры көп ұзамай құсадан өлгені жайлы уақиға... Әлгі «қызыл» тракторлар болса, қайта-қайта бұзыла беріп, ақыры, оның темір тісті суық табанынан емес, кежір заманның тезінен мүжіліп, өзінен-өзі қирай бастаған мешіттің жанында қисайған күйі, сол бойы жөнделмей, тетіктері әр жерде шашылып әдіра қалған көрінеді... Ал, менің кейіндері көріп жүргенім, сол қасиетті орынның төрт қабырға болып, қирап қалған қаңқасы ғана екен. Бұл күндері


 


ол қаңқа да ізім-қайым жоғалды. «Қызыл» тракторлар қанша тырысса да ақыры түгелдей бұзыла қоймаған мешіт, Әшім дамолланы жоқтай-жоқтай, «жаңа заманның» қызыл-жалқын желін де менсінбей, екі өкпе тұсынан әдейілеп салынғандай болған тас жол мен темір жолдың ортасында қалған күйі, әрлі-берлі өткендерге сыры мен тарихын ішіне, тереңге бүгіп, өзінен өзі мүжіліп, ақыры жермен-жексен болды...


...Алматыдағы айлап, жылдап әзер салынып біткен ақ мешітті көргенде зердеме менің кішкентай «ауылымда» қалған Әшім дамолланың әлгі мешіті, кежір заман жайлы Жаманқұл атамның кемсеңдеп айтатын жоғарыдағы әлгі әңгімесі оралады. Түгелдей төрт ұрпақтың тамырына балта шапқан алашапқын заман да артта қалуын қалды-ау, тек тегімізге түскен сызат әлі де жүректі сыздатады. Басына шәпкі, қолына пәпкі ұстап, қызыл аурумен ауызданып, кәпірленіп қалғанын байқамайтын біздерге әке ұрпақ, әлі де сол әләуләйімін аңсайтындай, мешітті менсінбей, Хақ-Тағаланы жантәсілімде, Құран-кәрімнің қасиетті аяттарын құрдасын қара жердің қойнына берерде ғана есіне алатындай. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген мақалды үстірт ұғынып, өзі өлмейтіндей, бір зауалдың барын сезінбейтін, бір Аллаһтың алдына баратынын ұғынбайтын кежір умен уланған ұрпақ бәрібір бұрынғысын, қисынды-қисынсыз жерге араласып, бүйректен сирақ шығарар кесірлі кезеңін көксейді. Болмаса, ай-шай жоқ, Әулиеата жақтан естілген жөнсіз-жосықсыз «ойбай, облыстық қазақ театрының бұрынғы атын өзгертіп, Асқар Тоқпановтың атын берейін деп жатыр, бұл елде жүзге бөлінушіліктің, рушылдықтың өрті өршіп барады» деген аттан салынар ма еді? Қазақ театр өнерінің хас ақсақалы, ұлттық актерлік мектептің негізін қалаушы Тоқпановты жүз бен рудың шылығына малып не керек? Шаншардың қуы Қалибек Қуанышбаевтан, күлдіргі Қаллекиден қазақтың алғашқы сахналық хакім Абайын жасаған, Мұхтар Әуезовтей дүлдүлмен әңгіме- айтысы жарасып, екі дүниелік дос болған, тіпті сол Тараз театрының сахнасында Абайды алғаш сөйлеткен, екі дүркін сол театрға басшылық қана емес, ақсақалдық жасап мерейін аспандатқан, орыс қана емес, исі кеңес кезінің сөзшең-


 


сұрқылтайы Ираклий Андрониковтан алты мөлшер биікте аспандаған, бүгінгі күнге арман болған бұрынғының батагөй биіндей, ғұлама білгір, толағай шешен, көзсіз батыр, шенсіз уәзір Тоқпанның Асқарына бір театрдың атын қимау – қарау арамдық, кәпір сараңдық емес пе? Тіпті, театрдың атында тұрған не бар? Кезінде Тараздың орталық алаңында ондаған жылдар бойы орын тепкен «күн көсемін» тас тұғырдан тайдырып, орнына сан ғасырлардан сандалкөгін желдіртіп келіп, тізгін тартып жайғасқан Бәйдібек баба ескерткіші жайында да осылай аттандаған көрінеді, өзін «ардагер- жорналшы» санайтын Сағат Арынов деген ақсақал.


...«Батпандап кірген ауру – мысқалдап шығады» деген, осыдан сәл-ақ ертеректе, ұлан-ғайыр еліміздің солтүстігі мен қиыр шығысын айтпай-ақ, қазақилығы мен мұсылмандығы сүттей ұйыған дейтін тарихы терең, ұлы Жібек жолының бойынан бақилық тыным тапқан Қарахан бабаның мәңгілік тұрағы, Айша Бибінің тұмары, Тектұрмастай әулиесі, киесі бар көне Тараздың өзінің өзек тұсынан өтетін ұзын сонар даңғыл жолының ең бір көрікті деген жерінде, тәуелсіздіктің «алғашқы қарлығашы» болып, «мені көрдің бе» деп менмұндалаған, намысымызды қара жерге қаратқан, ал алтындатқан мұнарасы мен кресі аспанға шаншылған шіркеу салынған болатын. Сондағы тапталған намыс пен сұйылған қанның сұрауы жүзге, руға қарамай-ақ, мұқым қазақтың қасқа маңдайының тайқылығының белгісі емес пе еді!? Сонда салмаған «аттанды» Сағат ақсақал шығара бастаған-ау! Қайсыбірін айтайық, орысынан гөрі орыстанған Арыновтары көп біздің көне тараздықтар ел болып, есіміз жиылып, етегімізді жаптық па дегенде, араға ондаған жылдар салып, «Әулиеата мешіті» деп айдар тағып, айғайлатып бастаған құттыхана мешітімізді «салақ қатынның садыра ошағындай» кеспірсіз күйінен айырып, тәңір жарылқағыр жаңа әкім Қанат бауырымыздың арлы қимылының арқасында қайтадан бақуаттандырып, абаттандырып, кісі ұялмайтындый етіп кеше ғана бітіріппіз. Онда да ел ішінен қаражат жинап, дуылдатып, шулатпай-ақ, ың-шыңсыз, еш міндет қылмай дегендей. Ал, көп уақыт бұрын, Көне Тараздың сол күре жолындағы селикат кірпіштің ең таңдаулысынан


 


өрілген, кресі мен мұнарасын шырқау биікке шаншытып әлгі шіркеу салынғанда да қол созып, «жылу жинап» жүрген бір орысты, я оның бір діндәрін көрмеген едік. «Бұларың не деп


«буырқанып, бусанған, мұздай темір құрсанған», атой салып аттандаған Арынов ақсақалды да көрмеген едік. Көргеніміз


– уақыты жеткен аталарымызды жер қойнына бергенде, Құран шығарылып жатқан жерден сәл ғана аулақта, мазарат- мүрделерді сағалап, аят оқып отырған молдамен жарыстыра тост айтысып, «ақмойынды», кеңестің атышулы «қырлы стақанына» толтыра сыңғытып жатқан, атеизммен уланған ұрпақтың сықпыты болатын. Көргеніміз – өз атын шақырған көкектей, айдаладан біреудің айтағымен аттан салатын, көпе-көрнеу   өтірік   жазуға   Құдайдан   да   қорықпайтын,


«жорналшылар» болатын. Көргеніміз – өзінен кейінгіні өзектен тепкен, кеңестік қаңылтырға кеудесін толтырып алып, соның қолаңса буына мастығы әлі күнге тарқамай, күні кеше «колбинші» боп, одан қазақтың қаны басына тепкен жастары, оларша «нашақорлар» үшін жалбарына кешірім сұраған, енді бүгін ұлтжанды болғансып, ол кезде қол қоймағансып, бұл кезде күлдібадам кітабын кірпіш милы қандасы «қыли қыртымбайға» жаздырып, өтірік пен ойдан шығарған ой-сымақтарын күнделік қып түзген, иман деген ұғымды бұзған, мүһминдік өлшем күдерін үзген, ақсақалдықтан ада, ағалықтан жұрдай кісімсіген міскіндер болатын... Көрдік, небір заманды көрдік, мүфтиін сабаған (астағфиралла!) қоғамды да көрдік. Бұл ақиқат қой! Ақ- қарасын уақыт өзі екшеп жатар, алайда «көрер жарығы бар» қазақтың Діни Басқармасына жылы жүзінен адами тазалық лебі есетін Әбсаттар қажы келіп, тұралап қалған «Басқарма- сымақтың» басынан бастап қаз-қаз тұрғызып, тәлтіректеген аяғын тәй-тәй бастырғаны да ақиқат. Бұрындары қазақтың мешітінің айналасына дүмшелер мен ауру-сырқау, кем- кетіктер жиналатын. Қайыр-садақа сұраушылар мен жылу жинаушылар мекені боп елестейтін қасиетті орын қазір тазарып, келімді-кетімді сырт көз сыншылардың күлкісі мен дос көңілдердің күйінішінен арылдық. Хазіреті Әбсаттар қажының қыруар қызметінің арқасында құттыхана мешітіміз енді   шын   мәніндегі   Аллаһ-Тағаланың   Үйі   дәрежесіне


 


көтеріліп, аспанды аялаған күмбезі алтындалып, әр жұмада намазға жиылған жамағаттың басымы өзіміз болып, өзіміз болғанда оның көпшілігі соры қалың соңғы ұрпақтан,


«қырлы стақан» мен «қырмызы коммунистерден» пінә болса да ағзасы таза боп жаратылған жас ұрпақ екендігіне қуанасың. Бас мүфтидің басты реформасы десе де артық емес, ең алдымен мұң жайлаған мұсылманшылықты, абыройы арзандап кеткен исламды аспани ілім екендігін айғақтап, тіпті оған дін деген жалпы, жалқы ұғым тарлық ететінін дәлелдеп, мұсылмандықты пәлсапалық өлшемге, мәдени тұғырға, ғылыми түсінікке көтергенінде! Ислам діні өте әдепті, терең білімді, асқан абыройлы, саф таза, ниеті мөлдір, тілегі қабыл, құшағы бауырмал, әдеті мен мәдениеті озық, кішіпейіл де шынайы һәм биік дін екеніне көзімізді жеткізіп, көкейімізге нұр ұялатқаны да ақиқат! Бұрындары, өзге діндердің өлермен өкілдері қойын-кітапша, жарнама-қағаз, түрлі-түсті суреттермен әсем безендірілген басылымдарымен ой-санамызды   жаулап   үлгеруіне   аз- ақ қалғанда, Әбсаттар хазіреттің жеке қажыр-күшінің арқасында ақпарат әлемінде бұрын-соңды болмаған, болар- ау деп үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген «Иман» журналы 7 мың, «Ислам және өркениет» газеті 34 мың данамен шығып жатқаны адам сене қоймайтын жаңалық, әрі бөркіңді аспанға лақтыратын, жоғың табылған, есебің түгелденген есепсіз қуаныш емес пе! «Ауруын жасырған – өледі» деген, жалған намыстың құлы болып жасытып, жадағайлатпай турасын айтсақ, бұрындары мешіттен келді деген молдалар, үстіне баяғының бақсы-жыраулары немесе, сіңірі шыққан кедей ауылдың әуесқой театрының артистері киетін ұсқынсыз, қызылды-жасылды қыжым шапанын жамылған дәруіш- дүмшелер сияқты елес беретін. Арагідік ресми кездесулер мен басқадайын шара-басқосуларда өзге діннің өкілінің өре мен қарым жағынан оқ бойы озықтанып тұратынын көріп, ішімізден іріп, ұнжырғамыз түсіп, жерге қарардай ұялып отыратын кездер де болғанын жасырсақ – оның қай жері ұлтжандылық, қай жері имандылық! Құрманғазы оркестрі қазақтың басқадай ұлттық киімі жоқтай, түгелдей Абылайдың сұлтандар киер сұсты шапаны мен қараға


 


келіспес хан қалпағын киіп алып, оның қасиетті тағын тәрк еткендей етіп, сахнадан күмбірлетіп күй ойнайтындай, дін адамы десек, міндетті түрде айналасы әртүрлі арзан өрнекпен әдіптелген «құда шекпен» кигеннен басқаға өре- қарымымыз жетпестей болғанымыз да есте ғой. Бүгіндері бірінен соң бірі өтіп жатқан халықаралық деңгейдегі діни басқосуларға қаздай тізіліп келе жатқан қазақ діндәрларының ортасында, төгілдіре желбегей жамылған ақ шекпені әсем көрінетін Әбсаттар Хазіреттің адами сүйкімі көз қуантады, айналасындағы имамдардың жарасымы бөлек ақшаңқан киімдері де өте орынды, әрі қонымды. Осы титтей нәрсенің өзі Бас мүфтидің эстетикалық өресінің биіктігіндей, ерек тәлімінің белгісіндей. Ал енді уағыз айту, төрткүл дүниенің діндәрларының ортасында отырып білікті сөз саптау, шешендіктің шырқау биіктіктеріне баяғының көшелі билеріндей көсіле сөйлей білу – білгенге, дініміздің ғана емес, мемлекеттік мерейіміздің үстем болуының тағы бір көрінісі.


Мешіт деген, осыдан аз-ақ уақыт бұрын өлім-жітімге бір аят құран мен садақа-сауқат, құрбан шалу мен ораза айт кезінде ғана еске түсетін. Қазір қаншама іс-шаралар істеліп жатқанын естіп-біліп, құлағдар болғанда қуанышың қойныңа сыймастай күн кешетінімізді жасырмаймыз. Басқасын былай қойып, бұрындары есімізге келмеген мүбәрак Мәуліт мерекесі – Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с. туылған күнін ерекше шапағатпен атап өту – мүһминдердің жыл сайынғы асыға күтетін сындарлы салтанатына айналды. Әбсаттар Хазіреттің жеке өзінің ұйымдастыруымен, алғашқыда азын-аулақ адам жинап кішігірім ғимараттарда өтіп жүрген бұл мереке, бүгіндері Республика Сарайының кең залына сыймай, кемерінен асып, тіпті Республика алаңына ұласардай жағдайға жетті, иншалла!


Текке жамандап не керек, кеңестік кезеңнің арқасында ұлт болып ұйысқалы жеткен бір жетістігіміз, шыққан биігіміз – ғылым мен білімге деген алапат құштарлықтан шөлімізді қандыра сусындағанымыз әмбеге аян. Сол арлы ғылымның біздерге көмескі әлемін сусамырша сіміре зерттеген, алғашқы арабтанушы ғалым ретінде басқа өлшемге өтіп


 


кеткен Әбсаттар Дербісәлі ағамыздың тат баса бастаған ұлт ұятына ара түсіп, дін исламға қызмет етуге келуі – ұлы Тәуекел, жауапты Қадам!


...Ел жаққа жиі бара бермейтін болдым, бара қалсам, бүгіндері басқалардікі боп кеткен   кішкентай,   тумасам да өскен «ауылым» 27 разъезге тоқтамай, жолдас-жора, ағайынның ортасына, аудан орталығы Асаға тартып кетем... Ал, жол бойында сыры мен мұңын тереңге жасырып, келетін кезеңін күтіп жатқан Әшім дамолланың «төмпешік- мешітінің» тұсына келгенде, «атымның» тізгінін тартпасқа амалым қалмайды... Қиялымды қытықтап, көз алдыма сағымданып, өткен заман... көшкен сурет елестейді. Көк күмбезі күнге шағылыса көкке өрлеген мешіттің айналасына қарақұрымданып, намазға жиылып жатқан қисапсыз халықты көрем, өзегіңе құйылып, алпыс екі тамырыңды иіте үздігіп естілген сиқырлы үн, іш-бауырыңнан қыл суырғандай әсер етіп елжірей азынаған, көк аспанға асып, ұласып кетіп жатқан азанды естимін... Көк күмбездің үстінде ақ шапаны желбіреп, аяғы жерге тимей, аспанға ілініп Әшім дамолла қалықтап тұрғандай... Намаз оқып тұр ма, әлде мешіттің айналасында қирап жатқан, сыры мен сыны кетіп, түсі сұрқай тартқан тракторларға нәлет айтып тұр ма, ажырата алмаймын... Әне, ақсаңдай басып, ешқашан шаң болмайтын мәсісінің қыры сынбаған гәлөшін шеше бере, жұртпен бірге намазға жығыла берген атам – азанды ныспысы Иманқұл жарықтықтың, жеңгелері теліген жария атты Жаманқұл рахымелінің сұлбасы... Маған бұрылған мұңды жүзінен бұл жолы көз жасы емес, саябыр тапқан нұр көрінгендей...


«Балам-ай, сенің де маңдайыңның соры бес елі болды-ау, Алла ақырын қайырлы қылғай, тек еліңнің бағы он бес елі екенін көргей, соған шүкір қылғай, тәубеңді ұмытпағай» деп күбірлегендей...







Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Арынов Ғалым Сағат ұлы
Тұңғышбай Әл-Тарази мырза! Ғаламторда zharar.com/index.php сайтында әнгiмeлeр бөлімінде 24.02.22 күнгі «Ашім Дамолла, атам Жаманқул, Хазірет Абсаттар қажы, Сагат Арынов және баскалар…» мақалаңызға көзім түсті. Бұл мақалада менің әкем Сағат Арынов облыстық драма театрына Асқар Тоқпановтың есімін беруге қарсы болғандығы туралы жағымсыз үнмен жазасыз. Сіз фактілерді бұрмалайсыз немесе тіпті шатастырасыз. Әкемнің мақаласы «Аруақтар да руға бөліне ме?» 2006 жылдың 30 қарашасында «Тасжарған» N24 газетініде басылды. Облыстық драма театры1945 жылдың мамыр айынан бастап Үкімет Қаулысымен Абай Құнанбаевтың есімімен аталды (Ұлы Абайдың 100 жылдығы құрметіне аталған). Мәселе әкемнің А.Тоқпановтың атын беруге қарсы болғанында емес, Абай Құнанбаевтың атын алып тастауында болды! Рушылдықты ескермей, бұл әрекет қоғамда қалай көрінуі керек еді? Әлде Абайдың атын алып тастап, Тоқпановтың атын беру дұрыс деп ойлайсыз ба? Бұл мақалада әкем «Бұл жағдайды Асқар Тоқпановтың өзі қалай қабылдайды?» деп сұрақ қойды. Бәйдібек баба туралы: әкем мүсіншінің ұлы Бәйдібектің бейнесін белгісіз бір себептермен сол кездегі әкімнің бейнесінің дәл көшірмесіндей етіп жасағаны туралы жазған. Әрине, Бәйдібек бабаның бейнесуреттері жоқ, бірақ бұл әкімнің Бәйдібек бабаның бет-әлпетінің прототипі болуы керек дегенді білдірмейді. Әкем осы мақаланы жазғанда 76 жаста болатын, тәуелсіз журналист болатын. Егер әкемнің мақаласына жауап берем десеңіз сол кезде «Тасжарғанға» жазбадыңыз ба? Сіз менің әкемнің қайда тұратынын жақсы білдіңіз. Ол өмірінің соңына дейін бұл тұрғылықты жерін өзгерткен жоқ. Сіз оған келіп, онымен бұл мәселе туралы сөйлесуге мүмкіндіңіз болған. Тіпті телефонмен сөйлесуге мүмкіндіңіз болған! Сіз оны жақын білгеніңізді, мен өізіңізден естідім. 95-96 жылдары немесе одан кейінрек, сіз мені керек болған кезде, Алматыдағы, Жандосова 6, орталық ауруханадан таптыңыз. Сол кезде, маған әкем редактор болған «Шығыла-Радуга» газетінің редакциясында штаттан тыс тілші болғанызды және қандай керемет адам екенін айттыңыз. «Колбиншінің» баласына қалай жүгендіңіз? Сіз өзіңізді екіжүзді адам деп санамай-сыз ба? Сіздің кеудеңізде «кеңестік қаңылтыр» жоқ па? Атаңыз Жаманқұлдың атынан әл – Таразиге бас тарту, бул не? Орыс тілінің ықпалын азайта алмай жургенде, енді араб тілінің ықпалына ұмтылдыңыз. Егер сіз сондай әл-Тарази болсаңыз, осы мақаладағы Шоқан Уәлиханов пен Кенен Әзірбаевтың қатысты басқа сұрақтарды неге айналып өттіңіз? Айтпақшы, обылыстық театрдын алдында А.Тоқпановтың әсем ескерткіші тұр. Бірақ театрға кіре берісте «Жамбыл обылыстық қазақ драма театры» мемлекеттіқ коммуналдық кәсіпорны деген белгі ілулі тұр. Ұлы Абайдың аты жазылмаған! Бұл не? Рушылдық емес пе? Егер сіз сондай құдретті болсаңыз, неге сіз ештеңе өзгертпедіңіз? Ең бастысы, әкем қайтыс болғаннан кейін екі жылдан астам уақыт өткенде бұл мақаланы жариялау - қандай батылдық! Диалог орын алмаса, бұл тақырыпқа жазудың не қажеті бар? Бұл мақалада сіз дін туралы шексіз айтасыз, Құдайды тоқтаусыз еске аласыз. Құдайға сенген адам қайтыс болған адам бен тартыса ма? Кеткендермен есеп айырысады ма? Журналист мамандығы мен актер мамандығы арасында үлкен айырмашылық бар. Журналист өз мақалаларында, өз пікірі мен ойларын баяндайды, ал актер қаншалықты талантты немесе еңбегі сіңген болса да, жазушы, пьеса авторы немесе сценарист жазған сөздерді жатқа айтады. Онда өз ойлары да, сөздері де жоқ! Сіз өзіңізді өскелең ұрпаққа үлгі, «ардагер – әртіс» деп санайтын шығарсыз? 01.06.2017 жылы сіз халық ақшасын ұрлағаңызды толық мойындадыңыз және 7 жылға сотталдыңыз! Сіздің үстаздарыңіз - А. Тоқпанов, А. Мәмбетов және басқалары, сіз жасаған әрекеттеріңізге қандай баға берер еді? Сіз ойлайтын шығарсыз: «Ұрладым, сотталдым, уақыт өтті, ұмытылды!» Жоқ ол сіздің өміріңіздегі Таңба! Осыдан кейін сіз бұл макаланы қандай бетпен жариялайсыз?! Өзіңізді дұрыс адам деп санасаңіз, онда қалған өміріңізде, күн сайын, сізге өзіңіз сыяқты, адамдар кездессін! Ұлы Шекспир «Бүкіл өмір театр, ал ондағы адамдардың бәрі – актерлер» деп жазған. Олай болса, сіз түкке тұрмайтын бейшара актерсыз! Сіз түкке тұрғысыз, арсыз адамсыз. Егер сіз Алла Тағалаға сенсеңіз, онда Алла Тағаланың алдында жауап бересіз деп үміттенемін!

Пікір жазу