23.02.2022
  379


Автор: Дулат Исабеков

Сарабдал суреткер салған жол

Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік және Жастар одағы сыйлықтарының лауреаты, өнертану ғылымының кандидаты, профессор, қазақ театры мен киносының майталман қайраткері, ел ішіндегі ең қадірлі һәм танымал актерлеріміздің бірі Тұңғышбай Жаманқұлов – өнер жасаушы ғана емес, сол өнердің кәсіби деңгейі мен болашағы жайлы ой қозғап жүрген ірі тұлға. Ол өзі айтқандай, өтірік өнер жасаушылар мен жалған марапат жолында неден де болса тайынбайтын, қасиетті де киелі өнерді қара басының қамы үшін тәркі етіп кете беретін жағымпаздар мен жылпостарға, кекшілдер мен жікшілдерге мейлінше жаны қас өнер иесі. Ақиқат айтамын деп кейде ащы да кетіп қалатын тұстары бар. Бұл үшін оны кінәлаудың қажеті жоқ. Сыпайылап айтқанды елең қылмайтын құлағы мүкіс, санасында саңылау жоқ жасанды өнершілерге айғайлап айтпасаң естімейді, айызың қанбайды. Оның жанына бататыны да сол баяғы ескі кесел – өнердегі кеудемсоқтық, жалғандық, қызғаншақтық пен жарамсақтық, түймедейді түйедей, тарыдайды таудай етіп көрсетуге тырысатын өнердегі өлермендік. Тағы да өз сөзімен айтқанда, «өресі жетпейтін өнерге өңмеңдей беретін Бейімбеттің мырқымбайлары» оның жан айғайын туғызбай қоймайды.
Тұңғышбай бұл кітабымен өзінің қалың көрермендерін оқырманға айналдырып, көкейге түйген ойларын жеке
кітап етіп ұсынып отырғаны аса құптарлық қадам деп ойлаймын. Осыған дейін көпшілік оны актер әрі режиссер ретінде танып, мойындап келсе, енді ол кейінгі жылдары мүлде жаңа қырынан – театр мен кино сыншысы һәм терең зерттеуші-ғалым ретінде көрініп жүр. Таза суреткерге тән сараптау мен талдау, өнердегі өтірікті білімдарлықпен әшкерелеу, таза өнер мен жалған өнердің ара жігін біліктілікпен ажыратып бере білу – Тұңғышбай Жаманқұловтың басты қасиеті және өзіне ғана тән даусы, өз үні, өз топшылауы. Оның мақалалары мен сұхбаттарын баспасөз беттерінен талай оқып, «Мәдениет» журналының беттерінде солардың біраз бөлігін жариялаған да едік. Енді сол еңбектердің бәрі бір кітапқа топтастырылып, оқушы қауымға ұсынылып отырғаны өте құптарлық жай деп есептеймін.
Бұл кітап арнайы мамандар үшін ғана емес, қалың көпшілік үшін де құнды да қызғылықты еңбек болмақ.
Дулат Исабеков,
жазушы-драматург,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу