Әңгімелер ✍️
Ауыз ашу
Екі ақжаулықты күндегі бірге отыратын скамейкаға қатарласа отырды.
- Неғылдың ауыз аша алдың ба?- деді бірі.
- Жоқ, бүгін де аша алмадым. Ал, өзің ше?- деп сұрады екіншісі.
- Мен де аша алмадым. Әгәрәки бар ғой мен ауыз ашсам сәпсем ашайын деп отырмын ғой. Тіпті жинала-жинала көбейіп кетті. Оның ақырының не болатынын білмеймін.
- Екеуміз де әне ашамыз аузымызды, міне ашамыз деп жүргенде нерптен қылжиып қалмасақ болды да. Басыма қаным бүгін шапшып отыр. Құдай-ау, ана ұлымды айтамын да. “Мама-ау, қабағың неғып қатып жүр. Ауырып жүрсің бе, не боп жүрсің деп сұрамайды ғой, сұрамайды. Ал, ол өйткеннен кейін қатыны қайтпек. Ойлашы өзің, а?
- Менің баламдыкі де сол. Келеді жұмыстан. Ана кішкентай ұлын бар емес пе, өліп-өшіп шолпылдатып сүйеді келіп, сүйеді.. Арқасына мінгізеді.
-
- Кеудесіне отырғызады. Айналасында ол баладан басқа ешкімді көрмейді. Немеремді босатса мен де сүйейінші деп еміреніп күтіп отырамын. Маған біреуі “Әжеңе баршы” деп айтпайды-ау, айтпайды. Содан қатыны келеді.
- Давай, оны ұйықтату керек. Ертең бақшаға тұрмайды,- деп. Баланы ұйықтатамын деуі сылтауы. Өзі қоса қатып құлайды. Ана Ұлым болса енді бетін маған бұратын шығар десем, ол жоқ. Телебезерге бұрылады. Соған жабысы-ы- иы-ып қалады ғой түге түннің бір уағына дейін. Шешемнің халін білейінші, не болып жүр демейді-ау, демейді... Кешкісі сол, күндіз болса жұмыста...
- Біздің келін не айтты-де. “Мынау пәтерді өзгерту керек. Адамдар келген сайын ұяламын. Коридор тар. Бөлмелер де біртүрлі. Бәрі де қараңғы жаққа қараған. Подьезд вообще адам көргісіз. Все мәмбеттер осында тұрып жатқан. Сол жағалауда жақсы үйлер салынып жатыр современный. Элитный адамдар да сонда.. Мына пәтерді сатып, кредитке элитный квартир
алайық”,-дейді менің балама қарап. Менімен санасып отырған жоқ. Шалым екеуміз осы үйде қанша жыл тұрдық. Өзіме осы үйден ыстық үй жоқ. Өзіңдей көршілерім қандай...
- Ұлың не деді бұған?
- Не деуші еді. Үндеген жоқ. Үндемеген келіскені дейтін бе еді. Қоштап отырғаны болар қатынын. Маған ешнәрсе демеді, әйтеуір. Дегенде бар ғой ауызды ашып жіберетін едім сол жерде.
- Біздің келін не айтты де. Үйге ана кішкентай балаға няня-учитель жалдамақ. Бақшада ешнәрсе үйретпейді. Ағылшын тілін бала білу үшін 2-3 жастан тілін жаттықтыру керек. Болашақтың бәрі ағылшын тілінде. Состоятельный адамдар кішкене балаларын үйде няня – учител жалдап оқытып жатыр. Мен хабарландыру бердім. Няня іздеймін ,- деді. “Құдай-ау, мен осы үйде отырмын ғой, нянясі несі, деп аузымды ашқалы жатыр едім” ағылшын тілінен оқытушылыққа жарамайтыным есіме түсіп үндемедім.
- Ұлың не деді?
- Не деуші еді. Үндемеді. Оның да келіскені шығар. Апыра-ай, бүгінгі келіндер қалай, ә? Мен ғой қолымды қай жерге қоярымды білмей үйде отырмын. Ана немеремді таңертең бақшаға сүйрелейді. Одан да әжесінің қасында болсын деп неге айтпайды-ей. Мені өзімді сол үйде былайынша, ешкімге қажеті жоқ артық адамдай сезінемін. Ал, олар ше? Егер олар да дәл мендей сезінсе не болдым? Күндердің бірінде қарттар үйіне барып тұрғаныңыз қолайлы шығар деуі де мүмкін емес пе?
- Сондықтан, қазір біз аузымызды ашып, келінге де Ұлға да барлығын айтуымыз керек. Өлеміз бе мүлде ішқұса болып..
- Ия, сөйте алсақ дұрыс. Қайдан білейік, араларына от салғандай болып жүрмесек. Ұлдарымыз бізді жақтаса жақсы, жақтамай келіннің сөзін сөйлесе қайттік? Қатарымызда отағасымыз болса бұлай болар ма едік, болмас па едік.
Екі ақжаулық көздеріне орамалдарын апарды. Бірін-бірі жұбатты.
- Бүгін кешке сен де аш аузыңды, мен де ашайын. Үндемеген сайын келіндер мүлде құтырып...
Ертеңіне екі ақжаулықты бір-біріне қайыра кездесті. Біріншісі:
- Мен аузымды ашқанда бар ғой, сәпсем ашып жібердім. Келінге былай дедім ғой, дауысымды қатқыл шығарып:.
- Ай, келін қарағым, мен тұрғанда бұл үйді ешқайда сатпайсыңдар, еш пәтерге ауыстырмайсыңдар. Егер элитный пәтер керек пе, өздерің оны тауып алыңдар. Бұл үйді менсінбесеңдер, -дедім, мүлде күйіп кеттім- қазір шығыңдар үйден! Ұлыма қарап айттым:- Сен де шық үйден. Тауып алыңдар элитный район, элитный дом, элитный шеше, бұдан былай мен тұрғанда үйді басқа жерге ауыстыру туралы сөз болмасын!- дедім. Все. Ұл да замер. Келін де замер болды. Келін есі бар екен-ай, өзінің артық сөз айтқанына кешірім сұрады. Ұлым да мені жұбатып:
- Мам, Сізсіз ешнәрсе шешілмейді. Жәй айтыла салған сөзге бола, ренжіп, жүрегіңізді ауыртып....-деп келіп құшақтап, беттен сүйіп жатыр ей, көңілім жәйланып қалды...
- Сенің ұлың Ұл екен-ей,- деді екіншісі иегі кемсеңдеп.. Мен де аузымды аштым. Айттым:
- Ай, келін, -дедім. О заман да, бұ заман үйінде әжесі отырғанда немере бағатын, нянка жалдаймын дегенің не сұмдық-ей! Мен неменеге қара бағып отырмын, осы үйде жалғыз ұлдың баласын бақпасам. Жұқпалы ауруым жоқ, ақыл-есім түзу. Таң атпай дедектетесін бақшаға. Кешке бетінен сүйгізбей тағы да менен тығып жатқызасың. Немеремді маған жақындатпай тасбауыр ететін болсаң, келген жеріңе кері қайт!- демеймін бе қаттырақ, ішіме бұрын сыймай жүрген соң.
- Сосын?
- Сосын келін кетті аспанға шапшып. Я, итак ожидала, и так будет. Уйду, уйду, сейчас үйду, - деп бөлмесіне қарай зытты бақыра жылап.
Ұл айтты маған:
- Мам, почему мешаешь нам жить? Не жетпейді сізге. Ақша деген хватает, қалай жұмсаймын десең де. Курортқа барасың ба, қыдырасың ба, ваше воле.. Только не мешайте... Біз современный етіп баланы тәрбиелейік десек... Егер ол кетсе, я не буду остоваться здесь, мен де кетемін – деді Ұлым. Ауызымды бекер аштым. Шыдап жүре беруім керек еді. Ұлымды дәл солай деп ойлаппын ба.. Енді күнде көріп отырған Ұлымнан айырылғалы отырмын..
Келін бүгін таңертең “Кет”- деп айтты деп, кетті де қалды төркініне Алматыға. Ұлым да келіннің соңынан жиналып жатыр. Үндемеуім керек еді...замандасым-ай, ауызымды бекер аштым...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter