Әңгімелер ✍️
Бізбикенің бизнесі
Бізбике Алдар ағаны елордасы Астанаға көшуге үгіттеп: “Өмір бойы Астанада тұрып келдік. Алдар мен Бізбике деген айтулы атымыз жер жарады. Атақтарымызбен Астанада тұрмағанымыз имиджімізге позор. Бізді іздеген ел-жұрт не дейді. Жұртта қалғандай сонау Алматыда қалыпты демей ме. Сарыарқа өзіміздің шыққан жеріміз. Көшеміз деген соң, көшеміз. Немерелерміз бар өсетін. Алматыда қалсақ поле зрениеден алшақтап қаламыз. Не болса да бізді білетіндердің көз алдарында, сол Астанада болғанымыз жақсы” деп, ақыры көндірді.
Алатаудағы үші коттеждің бірін сатып, бірін балдарына қалдырып, бірін жалға беріп Арқаға қоныс аударды.
Жаңа елордаға көшіп келгеннен кейін “Уһ!”деп үш ай жүріп мүлде сәпсемге тіркелді. Алдар ағам пенсияға шығып арқасын кеңге салам ғой деген. Оның аулы алыс қалды. Бізбике жеңгей дамыл тапқызар түрі жоқ. Енді Астананың бел ортасынан Алматыдағы ЖШС “Әзіл-оспақ отауының” филалын ашпаққа жан салды.
Бұл Бізбике ойлағандай оңай шаруа болмады. Бармаған есігі, көрмеген
бюрократы қалмады.
Жеңешем ойлаған “Мен Бізбикемін ғой, баяғы” десем, “Е, жеңеше сіз бе едіңіз деп елпілдей қалады” деп. Адамдар қызық-ей.
-Апайка, ну что Вы Бизбике. Алдар ага? Мы знать не знаем. Ну, что ждите очередь. У нас порядок такой..
- Әй, есің дұрыс па. Мен киноға түскенмін. Кино знаешь... кино... Бізбике өз шүлдірмесімен сөйлей бастағанда, алдындағы қыз Күзетшіні түйме арқылы шақыртып:
- Эта гражданка нам мешает,- дейді. Қолында қаруы бар, түсті кезекші:
- Сізге айтты ғой, танымаймын деп. Обшественный порядокты бұзғанңыз үшін қазір қамап тастамасын демесеңіз үйіңізге қайтыңыз,- деп жеңінен ұстап жетектеп далаға шығарды да жіберді..
Содан Филал ашу ойдан сызылды.
- Мен саған айттым ғой. “Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала” деп, сол Алматыны-ақ крутить ете беруіміз керек еді. Қанағат еді, тапқан- таянғанымыз. Астана-Астана деп болдың ба. Әркім қадірінің бары жерінде жүруі керек екенді, түсіндің бе? Міне, енді мұндағы ел сені де, мені де танымай жатыр.
- Ендеше “Бізбике” деген журнал ашамын.
- Ол оңай ма екен, немене?
- Оңай... Оңай болмаса екінің бірі неғып газет-журнал ашып жатыр.
- Е, аш. Аша бер,- болды Айдардың жауабы да. ”Атаңның басы ашасың” деп ішінен күбірлегенді есіттірген жоқ.
Сонымен сол күннен бастап “Бізбике” журналын ашу жорығы басталды.
- Ай, осы журналды екі тілде ашсақ қалай болады?- деп сұрады Бізбике Айдардан бір күні. - Бір жағында орысшасы болса тіркеуін тез тіркейді дейді білетіндер. Егер ағылшынша ма, немісше ме үшінші тіл қосылса, вәбще өздері-ақ тіркеп береді дейді.
- Жорналдың шығару тақырыптық бағытын сұрай ма екен?. Қай бағытқа сілтеме жасайсың?
- Саясатқа бармаймын. Саясаты құрсын, бүгін олай, ертең былай.Атылып өлер жағдайым жоқ. Оны өзің білесің. Қоғамдық деген дұрыс шығар. Немесе әлеуметтік десем бе екен?
- Таралымын ше? Оның шығаруын шығарасың. Қайда, кім қалай таратады? Оны білдің бе?
- Әрине, республика көлеміне.
- Жорналдың Жарғысын жаздың ба?
- Е, енді оны сен жаза садмайсың ба? Талайларға Жарғы жазып беріп жатыр едің ғой..
- Әй, есің дұрыс па. “Бізбике” қатындар журналы. Аты сайрап тұр. Қатындардың барлық тіршіліктеріне Жарғы жазып жынды қылайын деп пе
ең мені. Өзің жаза бер. Алдар торс етті.
-Туу, сен де бір. Бір ашып алайықшы. Сосын бәрін көре жатармыз. Анау тіркейтін жерде өзіміздің құрдасымыздың баласы екен ғой. Оған өткенде барып, әке-көкелеп жағдайдың шет жағасынан хабардар еткенмін. Үстінен беретін таксісін аямай беретінімді де айтқанмын. “Құрғақ қасық ауыз жыртпасын” дегендей. Ол айтады:
- Апай, екі жылдан кейін тендерге қатыстырып, Үкіметтен мол ақша алып беремін. Соған дейін, ағай екеулеріңіз тілдеріңіз жетеді. Жорналды жақсылап, халыққа танытып, көрсетеңіздер, -дейді.
- Онда бұл журналдың атын өзгерт, “Бізбике” болмайды. Егер Үкіметтен қаржы алатын жорнал болса политический болып шыға келеді.
Үкіметтің қаржысы бөлінетін басылымның бәрі де Үкімет жұмыстарын мақтап, мадақтап көрсетуі тиіс,-деді Айдар.
- Қой, ә ? Сен тіпті білгіш дегенге. Біз шастный бизнеспіз ғой.
- Шастный бизнес Үкіметпен есептеспесін деп кім айтты.
Ертеңіне Бізбике бүкіл басылым шығып жатқан орындармен сөйлесіп, қыр-сырды тағы біліп қайтты. Мұнымен іс біткен жоқ. Жорналдың тіркелуі үшін үш ай мерзім кетті.
Бізбикенің алғашқы қарқыны қайтайын деді. Бірақ онысын Алдар аңғарып қойса, дереу Алматыға қайыра көш деп айтама деп білдірмеді.
- Сен бұл ашатын жорналыңа Тазша баланы редактор етіп қой. Өзіміздің бала. Әрі бізден гөрі жас. Астанаға да ертерек келіп, көптеген беделді кісілермен таныс болып қалған шығар,- деген Алдардың ақылы Бізбике жеңгейге ұнап қалды.
- Осы жолғы сәбетің дұрыс. Енді Тазша табылсайшы.
Сұрастырса Тазша баланы ешкім білмейтін болып шықты. Біреулер бұдан бірнеше жыл бұрын қалалық газетте көрдік десе, біреулер бір театрда жүрген дейді. Енді бірі “Вообще Астанада ондай Тазша көрсек көзіміз шықсын” деп сендірді. “Сорлының жағдайы жақсы болса атыменен- ақ аттандап тұрар еді. Шамасы жағдайы мәз емес болғаны ғой” деп Бізбике күдерін үзуге бел байлаған.
Бір күні Бізбике Арқаның күзгі желінен етек-жеңі көтеріліп, басына киген шляпасы ұшып берекесі кетіп көшеде келе жатқан. Астананың табан астында ауа-райы бұзылып кететінін Бізбике білмейтін. Бұл жақтың желіне шалқайып қараса, шалқасынан құлатады екен. Еңкейсең ғана ептеп аяқ бастырады.
“Қап, кім көрінген Алматыдан Астанада филал ашып жатқанда, жалғанға жазығы жоқ менің жолым неге қырсықты. Тазшаны таппасам ісім қалай оңбақшы. Енді кімге барам?” – деп Бізбике жеңгей шай-пай ішетін жерді сұрап шығайын деп көшедегі елеусіздеу екі қабатты үйдің бүйіріндегі ашық есікке бас сұққан.
Қалпақ па, келпек пе басындағы белгісіз, көзілдірікті бір кісі теріс
қарап тері таспамен бірнәрсені көктеп отыр екен.
- Е, мынау етік өңдейтін сапожный болды. Тазшаның етік тігетін де өнері бар еді. Заодно, сұрай салайын, - деп Бізбике:
- Құдай, Астана дегенің жаман ғой, кәпір. Прямо шләпімді ұшырып, етек-жеңімді басыма көтеріп... Құрсын..-дей берді де “Осы сөзді түкке қатысы жоқ неге айттым-ей” деп ойлады сосын.
“Әзіл-сықақ” отауын ашамын деп ол ойы қаражат көзі жетіспей жүзеге аспаған соң, төркініне қайтып барған қатын құсап кері барғаным дұрыс емес” деп аяқ киім жөндеу цехын ашып алған Тазша таныс дауысқа енді жалт қарады.
- Ойы- бай-ей, қайным-ау, мен сенің нақ үстіңнен түскенімді қарашы- ей? Астапыр-ал-ла, ұсқыныңа не болған. Тазша да сасыңқырап қалды.
Өйткені арқа жағындағы терезеден өтіп отырған күзгі қара суықты бұт жағы арқылы қуайын деп, екі тізесінің аралығына электр пешін қып- қызыл ғып қыздырып отырған. Бізбике де сабыр жоқ.
- Тазша қайным-ау, Алдар ағаңның үйіндегі жеңешеңді танымай қалғаның ба?- деді енді мүлде еркінси Тазша екендігіне көзі жеткен соң.- Ағатайың мені ат артына бөктере алып қашарда сен көлденең көк аттыға “насыбайыңды” иіскетіп жүрген бала едің...
-Же-ңе-ше..-деп Тазша да есікке қарай ебелектей жүгіріп, - Бізбике жеңеше-ау, Сізді де көретін күн бар екен-ау,-деп сұрау белгісіндей иілген ол жеңешесінің бетінен сүйді.
- Қайным-ау, бұлтты бұлғаймын деп бақан үстіне тебен, тебене ине шаншып, биікке өрмелей, өрмелей бой жағың біразға жетіпті ғой,- деді жеңешесі де Тазшаның үсті –басына барлай қарап.
- Жеңеше, қайдан жүрсіз? Ағатайым Алдар, бауырларым аман ба? Әйтеуір Астанадасыздар ма? Үй бар, жәй бар дегендей, бәрі жақсы ма? Елдің бәрі Астанаға жиналып, бастарын осында құрап жатыр ғой, - деп Тазша жік-жапар болсын кеп.
- Алдар ағам байларды бұрынғысынша сан соқтырып алдап жүр ме?
- Ойбүй, Тазшаекем-ай, сен өзің жаңа өмірді білмейді екенсің ғой. Қазіргінің байларын кім алдай алар дерсің. Қайта олар алдап жатқан жоқ па? Алдекең айтып отырады. “Бұрынғының байлары ақылды еді, сөзге тоқтайтын жарықтықтар. Сондықтан алдағаным – алдымда, алдамағаным артымда болатын деп. Шық бермес Шығайбай атам да жомарт екен. Қызын бір алдым, қызыма деп жиған малын екі алдым. Қазіргінің байлары сөздің не, тоқтамның екенін білмейді. Кедей-кепшікті жарылқауды тағы түсінбейді. Тек ала берсем, жей берсем дегендей құлқындарын құм толтыра алмайтын біреулер деп. Мен ағаңның бұл айтқанын қостаймын. Ал осыным дұрыс па, бұрыс па?
- Дұрыс сияқты, жеңеше... Ағам біледі ғой...
- “Сияқты” деп күлтілдеме. Дұрыс де! Мәселен, Үкімет жеке бизнесті қолдаймыз, өйтеміз-бүйтеміз дейді. Ал, мен солардың үйткенін де, бүйткенін де өз көзіммен көріп, жүрегім айнып қалған жанмын.
-Жеңеше-ау, ойбай соны айтшы. Фирма аша алдыңыз ба?
-Қайдағы... Ал сен ше? Сатиралық отау тіге алмапсың. Қандай керемет дарының бар, ал аяқ киім жөндейтін мінәдай, аядай жерге қанша төлейсің әрендісіне, а? Айтшы. Телебизорды ашсаң тегін беретіндей: “Несие, бұл тамаша несие. Қас қағым сәтте мол байлық! Бұған Сіз ғана ие бола аласыз” деп бір әй қызықтырады. Шындығы солай емес екеніне көзің жетті ғой.
Қазіргі байлар адамгершілік, қайрымдылық дегенге пысқырғаны бар. Ал менің әкем Шығайбай 40 үй кедей-кепшікті асыраған. Қазіргілер қара бастарының ғана қамын жейді.
- Ту, жеңеше-ай, қызып кеттіңіз бе, кә семсоттың моторындай, дырылдап барасыз.... Отырып, асықпай былай нетейікші...
- Е, нете бер. “Ағам алдап жүр ме?” деп өзің ғой шаптан түрткен. Пенсиядағы кісі кімге керек. Ағаң “Караван”, “Прикол”, “Анекдот” тағы немене еді әлгі әппазитсәнің кәзиттерін тығып сатады.
- Ағам қорықпайды, ә?
- Ағаң не деп қорқады. Ай, өзің жұрттың не оқып, не қоятынын білмейді екенсің ғой.
- Сол газеттерді жұрттар ала ма дегенім ғой, жеңеше?
- Стрәннә сұрайсың. Бүкіл шенеуніктер (жеңешесі жоғарыны саусағымен көрсетті) мұнда отырған, бүкіл мықты деген бастықтар сол кәзитті оқиды. Машиналарынан түсе-түсе қалады да, ... ана кәзитті сұрайды екен де, здашын алмастан зымырайды екен. Сенің ағайың айтады:
-Мә, әй, здәш дегенше машина қыр асатын көрінеді. Как бөттө мен нөмірін көріп ала ма дегендей, - деп.
- Е, ағатайымның газет сатқаны дұрыс. Мен болсам, мынау етік жамап отырғаным..
- Мені саған құдай айдап әкелді. Мен Сені іздеп жүр едім. Алдымнан табылдың.
- Мені ме , жеңеше?
-Дәл сені. “Мен “Бізбике” жорналын ашайын деп, соған сені редакторлыққа.
- Е, қой Жеңеше. Менің оданда осылай етік жамағаным жақсы. Ол бір құдайдың соры екен.Көрдім ғой шет жағасын..
- Не болды енді, айтсайшы.
- Болғаны сол, не жан-жаққа шашатын ақшаң мол болуы керек. Не, ана жақта “крыша” болуы керек. Вот и все.
-ТуҺ, қайным-ай, менің көтерілген Тауымды шақпашы. Сені іздеп
тапсам, барлығы оңалатындай көрініп еді.
- Сізге Совет айтайын ба, Жеңеше. Жорнал-порналды қойыңыз. Сіз Жермен бизнес жасаңыз. Ұтылмайсыз.
- Құдай-ау, оған қыруар ақшаны қайдан табам?
- Үйіңізді залогқа қоясыз да, бәнкіден ақша аласыз.
- Тазша,-деді Бізбике сыбырлап, біреу естіп қоя ма дегендей,- Астанада жер сатыла ма?
- Конешно. Газетте дача сатамын деген хабарландыру жүр ғой.Соны бәрі даша дейсіз бе, жер ғой. Документі дұрыс болса болды. Биылғы сатып алған жерің, келесі жылы екі есе баға болады. Вот, бизнес деп соны айт. Мынау “Әзіл-оспақ отауы”, жорнал, газет дегендерің қияметі көп жәй шаруа. Оның үстіне бар ғой, Алдар ағамның шын таланты оянатын кезі қазір. Жер бизнесінде алдамасаң, сені алдайды. Знашит ағам екеуіңіз ойланыңыздар.
- Табылған ақыл-ей.. Жұрт алдап жатқанда атақты Алдар неге алдамайды. Жүр, қайным үйге, ағаңа өз аузыңмен осыны жеткіз. Шәйді шіп отырып план жасайық бірігіп. Ләпкеңді жап.
Алдар, Тазша, Бізбике кеңесіп пішкен тон келте бола ма. Бізбикенің жер бизнесі Астанада екі жылдың ішінде дүрілдеп кетті. Сөйтсе, мына әкімдер “жер жоқ Астанада” деп өтірік айтады екен. Жердің бәрі жеке бизнесшілердің қолына сатылып кетіпті ғой. Енді олар шетінен с-а-т-ы п қызығын көріп отыр. Қомақты қаржың болса болғаны. Өкінбейсің. Бизнес дегенің нағыз жер. Нанбайсың ба, сен алдымен қалалық әкімәтті тауып ал. Ішіне батыл кіре алатын адамың болса Бізбикені сұра. Бізбике табылса, бітті Алдар табылады. Құжат жағын Тазша шешеді. Осы үшеуінің қолынан жер таппайтын болсаң, маған келе бер.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter