23.02.2022
  178


Автор: Өріс Яшүкірқызы

Кресломен туғандар

Атасы 65-те. Парламентте. Коммунистік партия кезінде халық қалаулысы болған. Қазір де солай. Өмір бойына халық қалаулысы. Өз қамын ғана жеген адам.   Қалаулы халыққа емес, халық қалаулыға жұмыс істеп отыр. Бір өзінде бір хатшы мен бір көмекші. Астында жұмсақ кресло.


Атасының баласы 45-те. А -н- а- у жоғарыда. Бері, саусағыма қара. Мына жақта. Көрдің бе. Сонда. Оның да креслосы мықты, отырған орнынан мызғымай келеді. Нық отыр. Кресло емес, тақ сияқты. Бір өзінде 2 көмекші, 2 хатшы. Барлығы тік тұрып Атасының баласына қызмет етеді. Астында жұмсақ кресло.


Атасының немересі, 24-те. Білдей Министрлікте. Білдей қызмет басқарады. Болашақтың тұтқасы. Тіл-аузымыз тасқа маңдайға сыйса, болайын деп тұр. Астында жұмсақ кресло.


Америкада оқып келген. Өте білімді.   Қазақ тілінен басқа білмейтін тілі жоқ. (қазақ тілі өзіміз ғой, білмесе де бәрі бір). Дүниежүзі тарихын зерттеп жүр. Ал, Қазақстанның тарихы барына әлі де күмәнмен қарайды. Астында жұмсақ кресло.


Атасының шөбересі. Жақында ғана Америкада дүниеге келді. Жаңа туатын нәрестеге стерилизованный ауа қажет екен. Атасының келінінің Мұхит асып босануы сондықтан. Қандай ақылды десейші.


Ал біздің елде білесіздер, қазір бәрі қауіпті. Бұрынғы советский микроб, стифиликок деген көзге көренбейтін пәлекеттер айналып кетейін екен. Қазіргі әнебір ауыз бармайтын Вич-ті айтсайшы. Кейбір перзентхана үйлерінде осы сұрқылтай сұмдықтан сұлап жатқандар қаншама. Қазақы өлкеміз ОҚО-дағы жәйлер ше.


Бұл өзі Америкадан оқып келген билік тұтқасында отырған Атасының немересін қатты шошытып, “Вдруг. .. басқа да перзентханаларда болуы мүмкін” деген күмән туғызған. Сол себепті келіншегін шетелде бошалатқан.


Сөйтіп, Атасының шөбересі Америкаға барып құрсақтан шықты. Жаңа туған нәрестенің салмағын біз айтпаймыз, сен білмей-ақ қой. Американдық акушерлер: “Мұндай салмақпен американдық әйелдер бала туған емес, қазақстандықтар қалай ірі туады-ей, керемет қой мынау, - деп таңқалыпты.


Әрине, керемет. Ондағылар баланың көрінбейтін кресломен туылғанын біліп отыр дейсің бе. Білмейді. Ал, біз біліп отырмыз. Асты сызылғандарға зер салшы. Барлығы да кресломен туылған. Шөбере перзент те бесікке бел тигізбейді, бірден креслода тербеледі. Ал, ендеше!


 


Содан соң   ернінде уыз    сүті кеппестен    билік ете береді. Мұндай кереметтер көп қазір.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу