Әңгімелер ✍️
МӘҢГІЛІК САУАЛДАР, ҒҰМЫРЛЫ ҒАЗАЛДАР
Әдебиет атты мұхитқа жыл сайын, бәлкім, күн сайын жаңа тамшылар мөлдіреп келіп құйылады. Олардың бірі алып стихияның тегеурініне шыдас беріп тұра алмай, толқын арасында адасып, көзден таса қалып жатса, бәзбіреулері мұхит тұңғиығынан өз орындарын екшеп, мызғымастай бекінеді.
Мен Ақберен Елгезекті осы қайтпас қайсар дарынды екінші топқа жатқызғым келеді. Өлеңдері кездейсоқ оқырманды да селт еткізер өзіндік нақышқа, ішкі үндестікке толы. Үні көпшілік арасынан бөлектеніп, ерекше шығады екен. Себеп – ақынның өз-өзіне сенімділігінде және қазіргі заманда жастар арасында, неге екені, сирек кездесер жақұттай болып кеткен білімділік пен талғампаздықта болу ерек.
Біз XXI ғасырда өмір сүріп отырмыз. Қазіргі оқырманды сіз ғажап дарыныңызбен немесе құмыққан зармен, халық мұңын жалаңжоқтаумен селт еткізе алмайсыз. Ғылым мен техника жетіліп, мемлекеттер арасындағы шойын шымылдық серпілген кезде Сіздің жеке мұң-мұқтажыңыз ешкімге қызық емес. Қазіргі оқырманға сезіммен қатар интеллектуалды талшық керек. Сіз оның парасатын жаулап алу арқылы жүрегіне жол табасыз.
Ақберен Елгезек поэзиясы осы талапқа сай келіп тұр. Оның өлеңдерін оқып отырып, автордың эзотерикалық, діни, әдеби білімінен хабардар боласыз. Философиялық түйін шеберлігіне, аз сөзбенен үлкен кеңістікті, ұлы мағыналарды қамту мүмкіншілігіне тәнті боласыз.
Кезінде Асқар Сүлейменов айтқан екен: «...Атқа отырғанынан кісінің шабандоздығы көрінсе, ұстанған тағылым-принципінен жазушының мәдени өресі, талғамы, тереңдігі танылмақ» деп.
Ақбереннің әр өлеңінен оның мәдени өресін, дайындығын көреміз.
Жасы отызға жетпеген жас ақынның өлеңдерінен ғасырлар бойы адамзат санасына корғасын болып құйылып, мәңгі мазалап келе жатқан ғаламдық сауалдарды оқисыз, сонымен қатар Ақберен ол сауалдарға жауап тапқандай әсерде қаласыз. Автордың әйтеуір бір керемет кұпияның сырын білетінін аңғарасыз. Бұл, әрине, магнитше арбайды, авторлық харизманы күшейтеді.
Мәдина ОМАРОВА,
Жазушы,
«Жас қазақ» газеті, №18 (174),
8 мамыр, 2008 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter