22.02.2022
  585


Автор: Құдияр БІЛӘЛ

АҚБЕРЕН ӨЛЕҢ: УӘСИЛА ЖӘНЕ УАҺАБИ

Біз сөз ойнатуды шеберлікке балап келіппіз. Ал ойлы өлеңді ілуде
біреу ғана жазып, ілуде біреу ғана айта алады екен. Сондай ойлы
өлең – біз тілге тиек етіп отырған Ақберен Елгезектің «Дәнекері».
Ақберен – назарда жүрген ақынның бірі. Өз басым оның себебін
жаңашылдығына байланысты деп қабылдайтынмын. Алайда ол
жаңашылдыққа… Жә, ол бөлек әңгіме. «Дәнекерге» келейік. Сыншылар «Тақырыбы өлеңді ашып тұр» деуші еді ғой. Сол қалыптасқан
жаттанды пікірді біз де іштей қайталадық. Сосын… Сүйсіндік.
«Әй, Ақберен оны қайдан біледі-ей» дегенді де ой елегінен өткіздік.
Себебі Ақбереннің «Мен арқылы білдірер Өз сезімін Тәңірі»
деуі кезінде дүйім мұсылман қауымы қабылдай алмаған Мансұр
Халлаждың «Әннәл Хақымен», яғни «Мен – Ақиқатпын!» деуімен
пара-пар тұр.
Алла «Мен сені сүйемін» деу үшін неге Ақберенді қажет етіп
тұр? Өзі айта алмай ма? Иә, айта алады. Айтты да. Рас, айтқан
ақын. Бұлай ойлау материалистік көзқарас. Өкінішке қарай, ол
көзқарас ешқашан өзгермейді. Шынтуайтына келгенде, айтқан
ақын емес, Алла. Біздің Ақберенді Мансұр Халлажбен қабат
қоюымыз сондықтан.
Өлеңді қалыптасқан сыншылық үрдіс бойынша талдасақ, яғни
адамға тән әрқилы көңіл ауаны өлең тілімен айтсақ, «Мұң қинаса»,
«Ыза буса», «Езуде күлкің тұрса», «Мен сені сүйем» десең,
соның бәрі Алланың «сені ойлауы», «сені аяуы», «жәрдемдесуі»,
«күлімдеуі» екендігін ақын шынайы сеніммен жеткізе алған. Егер біз
өлеңді осылай түсінсек, бұл пікірді жазбаған болар едік. Өлең осындай түсінік тұрғысында жазылғанда онда ақын біз жоғарыда айтқан
Мансұр Халлаж деңгейіне көтеріле алмаған болар еді.
 ...Біз көп айттық. Ал Ақберен болса оны «Мен сені сүйем!» десем, мен айтты деп ойлама!» – деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндейді.
Бұл енді Ақберен Елгезекке ғана тән шеберлік. Дұрысы – таным. Таным туралы жоғарыда айтқанбыз. Тәмам.
Құдияр БІЛӘЛ,
Жазушы,
 2014 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу