Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
22.02.2022
190
Қазағымның тойлары-ай
Әнін жазған Медеу Арынбаев
Қазағымның жайлауына қара,
Тауларының қойнауына қара.
Соншалықты сұлулыққа толы,
Таң-тамаша тойларына қара.
Жазғытұрым құлпырады дала,
Тайға мініп, құлдырайды бала.
Алтыбақан ай астында түнде,
Қыз бен жігіт тербеледі бірге.
Қайырмасы:
Берекем-ай,
Мерекем-ай,
Сыйлаған салтанатын дарқан өмір-ай.
Жастарым-ай,
Достарым-ай,
Толқыған дариядай шалқар көңіл-ай.
Құда түсу, сырға салар тойы,
Тұсау кесу, тоқым қағар тойы.
Көкпар тарту, дода, салым, сайыс,
Атқа шабу, айтыс, жаяу жарыс.
Ет асылып, қайнап жатар шәйі,
Қойылады құрт пен женті, майы.
Жал мен жая, қымыз, қазы-қарта,
Тойшыл, әнші халық арқа-жарқа.
Қайырмасы:
Ағалар-ай,
Балалар-ай,
Той тойлап құтты болсын келгендерің-ай.
Аталар-ай,
Апалар-ай,
Ақ бата қабыл болсын бергендерің-ай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter