Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  182


Автор: Ақберен Елгезек

ОРАЛХАННЫҢ СОҢҒЫ ОЙЫ

«Ертең өліп қалсаң, мынау дүниенің
қылшығы да қисаймайды!»
Оралхан Бөкей



Жұмыр басты пенденің алды тұйық,
Ұшамыз да кетеміз, тәнді қиып.
Бұлдыраған дүниеге көз шіркіннен
Бұйырмайды екен ғой соңғы қиық.
Мен өлгенмен, жалғасар есіл өмір,
Қадіріңді білмесем, кешір, өмір.
Жазғанымша жаздым да, үнсіз жүрдім,
Айта алмастан сырымды шешіле бір!
Шашқандай боп тұрса да түрім ызғар,
Ішімізде шуақты нұрымыз бар.
Адамзаттың бәріне елжіредім,
Суға айналар, ерісе сірі мұздар.
Өмір, өмір!
Әлі де сұрағым көп:
Неге Алтай бұйырды тұрағым боп?
Мен Алтайды таныдым жұмағым деп,
Сұлулыққа шыдамай, жылағым кеп!
Алтай сынды жұмбақтау сырым менің,
Ерте үзілді, қайтейін, гүлім менің.
 Өр Алтайдан айнымай жаралыпты
Ештеңеге селт етпес түрім менің.
Кербұғыдай асқақ ем, еркін едім,
Алтай, сенің тұтатқан өртің едім,
«Енді Алашта тумайды ынжық ұлдар», –
Деген сенің ең соңғы сертің едім.
Енді маған жарық жоқ, ауырладым,
Қиын болды жат жерде ауырғаным.
Қош болыңдар, бұғылар, өзен-көлім,
Самырсын мен қарағай – бауырларым!
Қош болыңдар, көнекөз алқаптарым,
Төскейінде еркелеп шалқақтадым.
Қош бол, туған ауылым, қайран достар,
Қош болыңдар, жақын мен алшақтарым!
Қош болыңдар, тау мен тас, қара орманым,
Қош бол, туған топырақ – нәр алғаным!
Қош бол, Алтай!
Мен кеттім Тәңіріме,
Оралхан ем, жөн болар оралғаным...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу