Өлеңдер ✍️

ҚЫСҚЫ КЕШ ЭТЮДІ
Шайырларға
Зәулім үйлер арасынан сәулесіз
Сүйретіле шығып жатыр қара кеш.
Бізді мүлде түсінбейтін, әуресіз
Алдымызда әлем жатыр алапес.
Ызғарлы кеш құбылады, киесіз,
«Құс жолы» да – бір құбыжық, ала төс.
Қап-қара ауа айнасынан иесіз
Қадалады кірпігі жоқ қара көз.
Ол нендей көз? Тегін емес, әйтеуір,
Бір қатерді ымырт келе байқағам...
Телесандық айтқан сайын ертегі
Көкіректі шер басады қайтадан.
Әлдебір дем терезені жиектеп,
Иір-иір ою-өрнек жасаған.
Бір өрнекте – қырауланған жүректер,
Бір өрнекте – гүлді құшқан ошаған...
Бір өрнекте – қыз сұлбасы қаралы,
Бір өрнекте – өлеңдерден қалған із...
Бір бұрышта ақ параққа оранып,
Қара кешке сіңіп жатыр сұлбамыз...
* * *
Жалғыздық пен мылқау түннен түңіліп,
Жүрек бүгін тоқтап қала жаздаған.
Ал мен тұрмын аспан жаққа үңіліп,
Жылынам деп жұлдыздармен аздаған...
Бәрі – бекер, жылыта алмас аспан түк,
Өте суық , қатал өте жұлдыздар.
Бар да шығар суықтықта бостандық,
Жылылықта – мұңлы ызғар?..
Оу, жұлдыздар!..
Жаурағам жоқ мүлде мен,
Өздеріңнен сәуле іздеуді қоймағам,
Мына қыста жүрек нұрға шөлдеген,
Мен басқаны ойлағам...
Енді, міне, берекесіз шалдай бір
Көңіл бүгін «күңкілдегіш» боп алған.
Қандай сәуле,
Қандай жылу,
Қандай нұр
Тауып берем мен оған?..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter