Өлеңдер ✍️
ЖИДЕБАЙ ТҮНІНДЕ
(элегия)
Тылсым мезгіл күбірлеп мұң тілінде,
батырады даланы түн түбіне.
Маржан болып тұнады Ай сәулесі
күнге ғашық гүлдердің кірпігіне.
Шыңғыстауым!..
Шіркін-ай, жұмақ таулар,
әр қолаты – шипалы бұлақ... баулар...
Бәрі мүмкін бұл маңда,
Сайтан болып
кету
оңай
жақсыны ұнатпаудан.
Әу бастағы Тәңірдің жоспарындай,
мұндағы Аспан – өзге әлем Аспанындай,
Жыпырлаған жұлдыздар жайқалады
бақсылардың қаракөк шаштарындай...
Әзәзілден бұл маңда күй қашады.
Бәтеңкеңмен бетеге ұйқасады.
Мида оянған кенеттен бір бейнеге
кіл періште теңеулер жинасады...
Маңдайыңнан жалт етсе шұғыла бір,
Қара түнге көшеді шұбыра нұр...
Аспан жаққа шаншиған қос кесене
тылсымына ғарыштың сұғынады!..
* * *
Сансыз ғаламнан тұратын
шексіз Ғарыш – бір атом.
Мейірбан менің Тәңірім,
Өзі – Ғалым, Өзі – Ақын.
Сыбызғы тартса иесі,
өмірдің тәтті күйі осы.
Отбасы сынды тіршілік –
ортақ ғалам жүйесі.
Жапырағындай еменнің,
әріптеріндей Өлеңнің...
Ұлы Нұрдың
сұп-сұлу
ұшқынымын!
Өренмін!
Жаратқан үшін маңызды
өрнектеп салу әр ізді.
Гүл-Ғалам Ұлы Тәңірдің
портреті тәрізді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter