Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.02.2022
376
Шілдехана
Әнін жазған Әсет Бейсеуов
Бүгін бізде шілдехана, туғандар.
Үйімізде тамаша бар, думан бар.
Келіңіздер қуанышқа ортақ боп,
Ән салыңдар, би билеңдер, тұрмаңдар.
Қайырмасы:
Қуат құйып көңілге,
Перзент келді өмірге,
Шілдехана – тойымыз
Менің-дағы, сенің де.
Бала – біздің бағымыз,
Жарқын болашағымыз.
Балалы үй базарлы,
Жалындайды жанымыз.
Өсе берсін сәбилер,
Әнге толсын бар үйлер.
Келді, міне, келер күннің адамы,
Құтты болсын нәрестенің қадамы.
Өмір-бақи өшпейтұғын шырағы –
Әрбір отау баласымен бағалы.
Қайырмасы.
Бала – біздің әніміздің арнасы
Бала – біздің жырымыздың жалғасы.
Шалқи берсе шілдехана тойымыз,
Шарықтасын, шат көңілдер самғасын.
Қайырмасы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter