Шығармалар ✍️
8 наурыз туралы шығарма. Ана туралы
Ана – өмір. Әрбір жанның кішкентай ғана жүрегін елжірететін, санасына сансыз ойлар ұялататын, көздеріне күн нұрындай сәуле төгіп, езуіне жиылмас күлкі сыйлайтын «Ана» сөзінің мән-мағынасы зор. Бізге осынау жарық дүниені сыйлап, түн ұйқысын төрт бөліп, көз ілместен баласын әлпештеп, әр басқан қадамын мұқият қадағалап, сүріне қалса лезде жанынан табылатын, жыласа жаны ауыратын, қуанса бақытқа кенелетін, ер жетіп, аяғынан тік тұрғанша күн демей, түн демей еңбектенетін аяулы да ардақты аналарымыз сый-құрметке, ғаламдағы асыл қазыналардың ең құндысына әбден лайықты жандар. Ал біздің парызымыз ананың ақ сүтін ақтап, абыройын асқақтатып, еңбегінің жемісін көрсету, қартайған шағында әрдайым жанынан табылып, мейірімге бөлеу. Анамыз үшін қаншалықты жақсылық жасасақ та, бұл олардың бізге берген тәрбиесі мен жылулығының орнын толтыра алмас.
Студент атанып, Алматыда оқып жүргеніме, міне, алты ай толыпты. Осы аз ғана уақыттың ішінде көп нәрсені ұққандай болдым. Отбасымнан алыста жүргенімнің сезілетіні соншалық, кейде тіпті барлығын ойланбастан артыма қалдырып, Ақтөбеме оралғым келеді. Әттең, олай болмасы хақ. Бәрінен бұрын жан анамды сағындым. Көз алдыма анамның бейнесін елестетсем, өзегім өртеніп, ішім күйіп, күз жапырақтарындай сола бастаймын, құдды жанымның бір бөлшегін жұлып алғандай, қос жанарымнан айырылғандай беймаза күй кешемін. Анама деген сағынышымды тіпті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қай ана болмасын, баласы үшін аянбай еңбектеніп жатады. Міне, менің де маматайым сондай еңбекқор, ақкөңіл, жары мен достарына адал, қыздары үшін бәріне дайын ардақты жан.
Ана мен бала махаббаты мәңгі болмақ. Бұл жандар бірін-бірі сезеді, жүректері бірін-бірі жылытады, жұбатады. Анасы бар адам – әлемдегі ең бақытты адам.
Арайлы Оңайбаева
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter