Аңыздар ✍️
СУ СҰЛУЫ
(Аңыз)
Қирағанын жөндеген,
Құлағанын тұрғызған.
Жаралысын емдеген,
Жоқ бұл елде мұңсыз жан.
Өртенгенін сөндірген,
Өлгендерін жерлеген.
Өнімдерін өндірген,
Осылайша біртіндеп,
Тұрмыс күйін тербеген.
Осылайша соғыстан,
Есін жиған халыққа.
Тағы қырсық тоғысқан,
Таңба болып тарихқа.
Мына жарық жалғанда,
Қалмайтындай тірі зат.
Жаңа тынышталғанда,
Келді мұндай зұлмат.
Орман ішін, жол үстін,
Егістікке баптаған.
Жазық дала, дөң үстін,
Егеуқұйрық қаптаған.
Көз жауын ап жайқалған,
Гүлдің бəрін таптаған.
Бірақ санын айта алман,
Қарақұрым қаптаған.
Құмырсқадай қайнаған,
Құйрықтары сабаудай.
Жасыл жерді жайлаған,
Бір-біреуі қабандай.
Тасың оған топырақ
Сияқты да болмаған.
Ормандарда отын ап
Жүргендерді жалмаған.
Малшы, орманшы ...
Ел болып,
Тоқтатуға қам қылды.
Ана жасы көл болып,
Айла істелді сан түрлі.
Латвия халқынан,
Бұршақтап тер төгілді.
Ұра қазды алдынан,
Жер қабаты сөгілді.
Ақ төгілді алдынан,
Шелек-шелек деместен.
Осылайша тарыққан,
Өздері ішіп-жеместен.
Шырақ жаққан топтар көп,
Қорқаулардың бақты алдын.
Шіркеулерден поптар кеп,
Қоңырауын қақты алтын...
Бірақ оған бөгеліп,
Қайтар емес беттері.
Күш жетпеді бөгерлік,
Жер қайысқан көп тегі.
Сулы жерден жүзеді,
Тау бөгетті теседі.
Темір торды үзеді,
Қоршалса да нешесі.
Жаңа ғана соғыстан,
Ес жинаған халыққа.
Тағы қырсық тоғысқан,
Таңба болып тарихқа.
Ормандарды қиратып,
Баспананы таптаған.
Тұрғандарды қиналтып,
Толқын болып қаптаған.
Жасақталды латыштар,
Қолға мылтық, қылыш ап.
Басталды да атыстар,
Дем алмады тыныстап.
Егеуқұйрықтарменен
Басталды өстіп қан төгіс.
Арылмастай зарменен,
Аза тұтты маң тегіс.
Ел де қатты қайғырды,
Ешбір амал табылмай.
Шапқан қылыш майрылды,
Атылған оқ дарымай.
Денесі тас, темір тіс,
Демі де от болады.
Бұл емес жай кеміргіш,
Ойламайды обалды.
Сиқырлы екен ғажайып,
Əлім оған келмейді.
Латыш халқы азайып,
Егеуқұйрық көбейді...
Құдайына сиынып,
Поптар ашты інжілді.
Түк таппады .....
күйініп,
Томсырайып қынжылды.
Ел басшысы кеңесті,
Болды өзара шыдамы.
– Тоқтатпасақ егесті,
Тоз-тозымыз шығады.
– Тартпайық біз күнде мұң!
– Былай айла етейік:
Патшасының суретін,
Ту ғып биік көтеріп.
Бізден болды бар айып,
Сұқтанбаңдар анталап.
Торай сойып барайық,
Мегежінді паршалап.
–Дұрыс!
Солай етейік.
Тұрмайық біз қазір көп.
–Тездеп оған жетейік,
Жаушыларды əзірлеп.
* * *
– Егеуқұйрық елінің,
Мəртебелі патшасы.
Жасыл алқап жерінің,
Келді Сізге жақтасы.
Анау – Сізге ел-жұрттың,
Дəмі еді арнайы...
Мынау – Белгі елдіктің,
Білдіретін мəн-жайы.
Тоқтатайық соғысты,
Титықтадық, шаршадық.
Бейбіт жүріп көп істі,
Бітіреміз соншалық.
Не қалайсыз біздерден,
Не тілейсіз айтыңыз.
Біздің тілек
Сіздерден,
Жеріңізге қайтыңыз.
Сілекейі шұбырып,
Сөзін ұқпай басқаның.
Жас торайға құнығып,
Жатқан кезі патшаның.
Майлы еті торайдың,
Жұмсақ тиіп тісіне.
Тапса дағы қолайын,
Зер салмады кісіге.
Сол себепті айтқан сөз,
Көкейіне қонбады.
Екінші рет жаушымыз,
Қайталап ой толғады...
Басы-көзін қан қылып,
Төрден жұмсақ орын ап.
Отырды да мəңгіріп,
Ұйықтап кетті қорылдап...
«Жау келеді анталап!»,
Деді дағы тосылып.
Сығыр көзін қан талап,
Тұра келді шошынып.
Түсінгенсін мəн-жайды,
Қайта орнына бекінді.
Кере қарыс маңдайы,
Жаушы қайта өтінді ...
Желбіреген Тудағы,
Таңғалдырды бейнесі.
Сосын өзі туралы,
Патша былай сөйледі:
– Тап осындай торайдың,
Тоғызын жеп алып ем.
Ішінде алтын сарайдың,
Ұйқыға əбден қанып ем.
Сұлу жайлы түс көрдім,
Тандырды əбден есімді.
Ғашықтықтан іште мұң,
Инара оның есімі.
Соны əкеп беріңдер,
Жасайды осы өлкеде.
Сосын мені көріңдер,
Соқтықпаймын сендерге.
Өз жайыма кетейін,
Тиіспеймін елге де.
Көнбесеңдер оныма,
Өртеп күллі орманды
Күл қыламын қорғанды...
Болды осылай келісім,
Қол қойылып тоқтамға.
Барлық мұрат ел үшін,
Сақталды орман оттан да.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter