Өлеңдер ✍️
ЕКІНШІ ӨМІР ТУРАЛЫ ОДА
Қондырып алақандай көзіңе мұң,
Қарадың болмағандай өзіңе дым.
Байғали ағамызға барғанымда,
Бақытты екеніңді сезіп едім!
Ана едің қазақтағы аталы ұлға,
Пана едің алаштағы қатарыңа.
Аруағы Əуезовтің бір аунады,
Қазақша сөйлегенде Катерина.
Құбылыс Шəкенменен аңыз болды,
(Қазаққа бұл оқиға маңызды еді).
Бөлшегі сайын дала сахнамыз,
Бұлар тек ұлыларға тəн із еді.
Орындап ұстаздықтың жоспарларын,
Талантқа таңдамалап қосқан дарын.
Апатай соның алтын белгісіндей,
Тұңғышбай, Əшірбек пен Досхандарым.
Қазақтың ұлы қызы – Хадишасы,
Қадірлі театрдың падишасы.
Есімің ел есінде мəңгі қалды,
Мұсылман елдерінің Хадымшасы.
Жұмақтай саяжайда тынығып ап,
Қазақты ағылшындар ұғыну хақ.
Қолтықтап Шəкен аға Байғалиды,
Алдыңнан жылы ұшырап шығуы хақ.
Жылдардан келе жатыр жыл алмасып,
(Пенделер өзіне тəн қылар нəсіп).
Алланың адамға тəн ажалына,
амал не?
Еш қарсы боп тұра алмадық.
Туу хақ,
Жасау да хақ,
Өлу де хақ.
Өлген соң топыраққа көму де хақ.
Бəріміз аттанамыз сол сапарға,
Ол бізге екінші рет өмір болмақ.
Жазылмай жүрген əлі жарасы көп,
Бəріміз бір қазақтың баласы ек.
Қаншалық басталса да екінші өмір,
Өнердің қалдың мəңгі данасы боп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter