Өлеңдер ✍️
МАЙОРИ. ЯУНА-291
Жаңа көше аталатын үйде мен
Жаттым біраз.
Тебіреніп күйге енем.
Демек жаңа келушінің бірімін,
Тұрғынындай тұрмысына үйренем.
Ешкімнен де жасқанбадым,
саспадым,
Ешкімге де көтермедім асқақ үн.
Жаңа сағат толған сайын
санадым
Жаңалыққа аяғымның басқанын.
Кейде маған Юрмаладай қала тар,
Кейде, тіпті, көрінеді дала тар.
Құрқылтайдың ұясындай бөлмеде,
Жаңа ойым – жаңа өлең таратар.
Тілегінде ақниетпен баршаның,
Осы үйде жаңа таңды қарсы алдым.
Бақытымдай көрінетін сəттерде,
Бар жаңалық атаулыға жар салдым.
Аэропорттан жаңа ұшқан самолет,
Əр күн сайын бара жатты əуелеп.
Латыштардың бақшасында
гректің,
Жаңғақтары келе жатыр мəуелеп.
Лилефенің көрдім соны толқынын,
Бекеттерде болмай жатты жол тыным.
Өтіп жатты көз алдымнан көлбеңдеп,
Лативия қыздарының сорты мың.
Жаңалық боп естілді əр құс үні,
Санадым мен солай деп əр ісімді.
Жаңа адамға бағаладым көшеден
Əр минөтте көрген сайын кісіні.
Осылайша осы үйде жаттым мен,
Тағамды да жаңалап бір таттым мен.
Өміріме жаңалығын қалдырып
Өтіп жатты, жаңа күндер шат күлген.
Өмірдегі жаңалығым – байлығым,
Ол көбейсе көңілімде жайлы күн.
Жүрегімді жұлып түсер бір мезет,
Жолықпаса болды жаңа қайғы-мұң.
* * *
Юрмала түнін жамылып,
Жағалап келем Балтықты.
Талардай мені жабылып
Толқынға
толқын малтықты.
Даусындай тіпті қарқын көп,
Алардай баурап еркіңді.
Теңізден ескен салқын леп,
Терімді сүртіп,
желпиді.
Самолет ұшты көкті есіп,
Күркіреп күндей күй ақты.
Кемемен бірге от кешіп,
Келе жатқан сияқты.
Шалдыққан кеме ой басып
Тербетті толқын аяп бір.
Жалғыз көзін ойнатып
Жанып-өшіп маяк тұр.
1 Юрмаладағы (Майори қаласындағы) жаңа көшенің аты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter