Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  134


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ДУБАЛТЫ

Қалың біткен қарағай,
Қалтарысы ду күлкі.
Көшелері қаладай,
Көрікті жер Дубалты.
Арман тауып көзінен,
Ардақтадым,
қарадым.
Кездестірдім өзіңнен
Латвия маралын.
Бəтеңкемнің жұлығын
Көгалыңа сипаттым.
Күндей маған жылысың,
Күліп тұрған сияқтым.
 Бір жағыңда Балтығың,
Бір жағыңда өзенің.
Жасағандай жарты мың
Жайлауымдай сеземін.
Райнистай ұлы ақын
Сенде жырын тудырды.
Бұлбұл болған бұла күн
Бұтағыңда Дубалты.
Жаратылған сезім бе ең
Көздеріндей көненің.
Кездестірдім өзіңнен
Кер маралын өлеңнің.
Пейіліңмен қуанған,
Таза ауаңды сыйладың.
Келгенімде қуансам,
Кетерімде қиналдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу