Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  142


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЛАТВИЯ

Латвия –
сыңсыған жасыл орман,
Саясына сақтаған асыл арман.
Латвия –
мекені Ескерткіштер,
Келе жатқан ежелгі ғасырлардан.
Айдын шалқар көгілдір көлдер елі,
Жарылқаған шалдығып,
шөлдегенді.
Мұнарадай көтерді биіктікке,
Мұнар-мұнар тарихтың мол дерегі.
Латвия –
Балтықтай теңіз елі,
Сəби болсаң, анаң боп емізеді.
Еркіндік – аққу болсаң қанат қаққан
Ерекше айдын болып сені іздейді.
Қонақ болсаң сыпайы күте алады,
Гүл боп түссең қолына тұта алады.
Сонау қалың қарағай орманы мен
Музыка ойнап тұрғандай бұталары.
Латвия –
жасыл жер,
жасыл алаң
Ақын емес бұл елде тасымаған.
Дымқыл майда құбақан құм төбе мен
Əн сап тұрған секілді тасы маған.
Латвия – əн елі,
өнер елі
Жаңалық боп көрінер көнелері.
Лигуасы толқынды биге ұласып,
Сауықшыл ел өлеңге бөленеді.
Қаласының келеді қыры сынбай,
Көрсе де сан алапат ірісін-ай!
 Ригасы – жүрегі,
Ал Даугава –
Тасып жатқан латыштың ырысындай.
Латвия мекені латыштардың,
Сарсаңменен атқызған батыс таңын.
Лачплесистей1
қаһарман жүрекпенен,
Естен кетпес жауыңмен атысқан күн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу