Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  190


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ОҚЫШЫ АҒА, ЖЫРЫҢДЫ!

Өтеген батыр ауылындағы Мұқағали атындағы мектепте өткен кездесуден туған ой
Оқышы, аға!
Оқышы, аға, жырыңды.
Аспандағы қарлы далам жылынды,
Күлкісінен мектептегі шəкірттің,
Күміс күй боп естіледі жыр үні.
Тыңдайтындар парта болып, дəліз боп,
Құмарланып келе жатыр əлі іздеп.
Ойларынан парасатты ұстаздың,
Оқылады сыныптарға дəріс боп.
Оқыңызшы!
Оқыңызшы тағы да,
Көктем қонсын бұл араның бағына.
Жыр жолдары жетелейді біздерді,
Ойдағы үлкен омартаның балына.
 Ынтығады ілім тартып айнала,
Өлең болып оралады қайдағы əн.
Қарасаз бен Кеңсайдағы тасмүсін,
Мұқағали тыңдап тұрғандай маған.
Қабырғалар, терезелер, есіктер,
Мұқаң болып селк етпейді шешіп бел.
Қара өлеңнің қайнар бұлағы едіңіз,
Тұмаш аға молынан бір көсіп көр.
Ақында жоқ жыр жазудан қанағат,
Осы еңбекпен мəңгі өшпестей қалады ат.
Мұқағали жазбай өткен ойларды,
Жалғастыру сіз бен бізге аманат.
Қарындастар қоршап отыр жан салып,
Өлең деген ұлы өнерге тамсанып.
Тұмаш аға, тұрған жоқсыз жыр оқып,
Тұрғандайсыз ортамызда əн салып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу