Өлеңдер ✍️
ШОТАН БАТЫР ТУРАЛЫ ЖЫР
Шақантай1 бабам өзіндей,
Шарқ ұрып жаумен соғысқан.
Айшылық жерге көз ілмей,
Аңсаған жаққа болысқан.
Рудан шығып сыбанып,
Ұлттың батыры атанған.
Жүрекке біткен жыр анық,
Батырдың жолы – қатал заң.
Болса да күндер қиында.
Адымдай басып салмақпен.
Қырғын сап талай Қиыл да,
Қырқыстың қара қалмақпен.
Ат ізі қалды ер болып,
Аспанға шаңы бұрқырап.
Ну тоғай жатты жол болып,
Үйірлі жылқы шұрқырап…
Бұйдасын үзді үлектер,
Боздады бота адасқан.
Қайратқа толды тілектер,
Қас батыр шықты алаштан.
Құм дала жатты далиып,
Қып-қызыл қанды сіміріп.
Қан тамған жерге əн ұйып,
Қапасқа түсті шыңғырып.
Шаңырақ шаңға көмілді,
Шашылды уық, кереге…
Шабынды мынау өмірді,
(Немене дейміз, немене?)
Атына қонды қазақтар,
Алқабын қорғап қалмақтан.
Далама толған азаптар,
Қаптады жау боп жан-жақтан.
Торғауыт, дербіт қаптады,
Қаптады қарақұрым боп.
Қан қылып жерді таптады,
Қырсыққа біздің қырын кеп.
Алдаспанды қолына ап,
(Ақсақалды тыңдады...).
Қалың жұртты жолына ап,
Қайраттысын жинады...
Сонда атойлап, топ бастап,
Адайдан шықты Шотан ер.
Жанына жаудың шоқ тастап,
Жанына батты Отан – Жер!
Шашақты найза қолына ап,
Шаң қаптырды оларды.
Батырлық жырын толғанып,
Бастады батыл «сонарды».
Бота тұрмақ даладан,
Бұтаны да бермеді.
Сарғайған сай-саладан,
Сазды күй жүрек кернеді.
Барқытбел, арқа сабылып,
Жеткенде Маңғыстау жаққа.
Қазақтың руы жабылып,
Қалмақты қуды аулаққа.
Үркітті ұрып, шоқпарлап,
Үстіртке аттап басқызбай.
Ішінде дəрбіт от қайнап,
Су кешіп жүріп, басты лай…
Өлігі қалды қан сасып,
Ит пенен құсқа жем болып.
Күшіне қазақ таңданып,
Еділге келді сенделіп…
Жоңғардың қара қалмағы,
Жолдарын жолай толғады.
Басқа амалы қалмады,
Шегінер жері болмады.
Еріксіз өтті Еділден,
Амалы əбден таусылып.
Көзінде жасы егілген,
Қазақтай жауы дəу шығып.
Маң далаға келгенде,
Маңдайдан тиген соққы бар.
Жоңғарды қазақ көргенде,
Жұмылды келіп соққылар.
Алдаспаны басты алар,
Қорқыныш беріп көңілге.
Жансауғалап қашты олар,
Жаны қалар өңірге…
Сонымен солай, солай боп,
Айырылып алтын теңінен.
Астрахан жақ қолай боп,
Аттанды қалмақ Еділден.
Осылай қуды қас-жауын
Шотан батыр сарбазы.
Биіктетіп асқарын,
Айқаспен өтті бар жазы.
Ең қас жауын аластап,
«Уһ» дегенде осылай!
Түрікпен шықты ту ұстап,
(Болған туыс, досындай).
Бермеген қалың қалмаққа,
Бекініс үшін айқасты.
Толғап та ойын, талғап та
Шотан батыр байқасты.
– Тегіміз туыс біздердің,
Ойнатпа Ақалтекеңді.
Созылған жері көзкөрім,
Маңғыстау жері жетеді.
Жүрейік біздер құда боп,
Ат мініп, шапан жамылып.
Дегенде көнбей.
Ыза бопАдайлар кетті шамығып.
Үлегін ұрлап, жылқысынҮйірлеп айдап жоғалтты.
Бір емес, жасап мың қысым,
Түрікпендер талай тонапты.
Күндерін көрген еңбекпен,
Жылатты бейуаз халықты.
Ой-санасын сенделткен,
Ол жандар қатты тарықты.
Ақсақалдан бата ала,
Атқызып сергек ақ таңын.
Сиынып Бекет Атаға,
Сиынып мінді ат жалын.
Дауыл күй жүрек тербеді,
(Жетектеп келер ғасырға).
Маңғыстаудың бермеді,
Тауы тұрмақ, тасын да.
Ереуіл күй тербеді,
Елдің орман, талын да.
Маң даланың бермеді,
Малы тұрмақ, аңын да.
Елдіктің жыры таста тұр,
Ерлікті айтқан бұрын да.
Адайдан шыққан қас батыр,
Айналды алаш ұлына.
Өштесті жаумен аталы,
Өлім құрып жолына.
Қазақтар жағы қатайды,
Қаруын алып қолына.
Қырық ру болып жүрсек те,
Қызығын көрдік намыстың.
Ұлы ана бізді жөргекте,
Осылай етті ар үшін.
Жағдай туды тұруға,
Жұртымызға құт құнып.
Бөлінсек те руға,
Бүтінделдік ұлт болып.
Тілімізді сақтадық!
Дінімізді сақтадық!
Ділімізді сақтадық!
Ата жолын ақтадық.
Елдіктен шексіз жыр ұқтым,
Ерліктің жолы қатал заң.
Рудан шыққан рухтым,
Ұлттың ұлы атанған.
Шотан батыр!
Шотан батыр!
Шотан батыр!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter