Өлеңдер ✍️
АҚША БҰЛТТАР
Жан анашым Рəзия Балпыққызы рухына
Ақша бұлттар ақ гүлдің тақтасындай,
Алмаағаштың көктемгі бақшасындай.
Орайланып биіктен көз тартасың,
Оңтүстіктің кəдімгі мақтасындай.
Бара жатыр аппақ бір бұлт таранып,
Баран аспан барады бұлтқа оранып.
Апай төстен есілген ақ самалға,
Ақ түлкінің бауырындай ұлпаланып.
Атып келе жатқан бір таң сияқты,
Не аяулы ақкөңіл жан сияқты.
Ақша бұлттар қанатын кеңге жайған,
Алғашқы жерге жауған қар сияқты.
Туғызады сен десем сөз жаныма Ай,
Қиыр шеттеп қиялым озған ұдай.
Жанды тербеп барасың көрген сайын,
Жаңа туған ботаның боздағындай.
Қанат берген жырына ақындардың,
Ақша бұлттар маған да жақындаған.
Қасым менен Əбуді толғандырған,
Ақша бұлттар көрінеді лағыл маған.
Көк жүзінде «мінезің» еш білінбей,
Көрінесің қара аю төстігіндей.
Қара бұлттар түсіңе дақ салмасын,
Қарлы таудың болсаң да көшкініндей.
Əкеледі қашанда үмітім ой,
Тебіренемін əрқашан болып күндей.
Ақша бұлттар аспанды астарлаған,
Ақ серкештің бұп-бұйра түбітіндей.
Асқақтықты таңғалам сенен көріп,
Табиғатқа біткен бұл кемеңгерлік.
Ақ тырнадай аспанда қанат қаққан,
Ақша бұлттар барады көгенделіп.
Мамырлаған ақ бұлттай қағып қанат,
Ақ үкіні əлемдеп тағып қалап.
Ақ сағымды ойнатып ақ боз аттай,
Аспан айдың бетіне ағып барад...
Келбетінде кербездік жарасым бар,
Беу, ұлпа бұлт!
Қай жаққа барасыңдар?
Түсің аппақ болған соң түңілместен,
Тілек қоям, маған да қарасыңдар?
Келбетіңде керемет жарасым, əр.
Ақша бұлттар қай жаққа барасыңдар?
Сабырменен аулыма беттепсіңдер,
Сағындырған сол жақта анашым бар.
Ақша бұлттар!
Бері таман келіңдерші?!
Бота бұлттар, боз бұлттар еріңдерші.
Ақ қағаздай түсіңе өлең жазам,
Соны апарып анама беріңдерші!
Пəк тілегім бұл менің.
Толғандырды.
(Елестеттім анаммен болған күнді).
Ол жарықтық əнші еді, ақын еді,
Білсін сүті арқылы қонған жырды.
Өшірмейтін өмірде сезім отын,
Туған анам қашан да өзіме Күн.
Тауысқан бал шырынын кенжесі едім,
Талантыма анамның көзі жетсін.
Тигізгенін пайдасын тиімді күн,
Ұқсын анам.
Қуантып сүйінгенін.
Ана ақынның өлеңі, бала ақынның
Өлеңдерін осылай сүйіп жүрсін.
Жарықтықты көп ойлар өкіндіріп,
Жетектейді күндерін өтімді үміт.
Сағыну мен сарылу белгісіндей,
Басымдағы аппақ бір шөкім бұлт.
Келбетінде кербездік жарасым бар,
Ақша бұлттар, қай жаққа барасыңдар?
Көп жайланба, аулыма қарай жылжы,
Көптен бері көрмеген нағашым бар.
Сағындырған сол жақта ағаларым,
Сен тыңдашы, арнаған маған əнін.
Жазып қойған хатыма конверт бол,
Жан-жүрегін адамның бағаласын.
Сағындырған сол жақта құрдастарым,
Сəби кезден бірге өскен сырлас жаным.
Балалығым бағында қалған аулым.,
Болашақта жазылар жыр-дастаным.
Сағындырған сол жақта апаларым,
Сол жақтан боп өзім де аталамын.
Бірге оқыған қыздарға дұғай сəлем,
Ара-тұра болса да хат алатын.
Сағындырған сол жақта қарындасым,
Ұялатты жаныма арылмас мұң.
Беу, ақша бұлт!
Өзіңдей болды бүгін,
Соларды ойлап менің де қалың шашым.
Ақша бұлттар!
Бері таман келіңдерші,
Бота бұлттар, боз бұлттар, еріңдерші.
Өздеріңнің түсіндей көңілменен,
Сəлемімді жеткізіп беріңдерші?!
Біледі елім есейіп, өсерімді,
Самал болып сəуірден есерімді.
Маңдайымнан төгілген терім болсын,
Ауылымнан аяма нөсеріңді.
Шаңын шайып, құт нұрын аша түссін.
Диқан баба еңбегі аса түссін.
Емілімнің суы өссін елім үшін,
Еңлікгүлдің түстерін аша түссін.
Шөлі қансын шөжіген бақтарымның,
Шөбі өссін жайылым жақтарының.
Жаңбырыңды аяма, жаңбырыңды,
Жан сырыммен өзіңе ақтарылдым.
Ақша бұлттар,
Асқардан əрі асыңдар,
Аймағыма жетуге таласыңдар!
Тыңдамасаң айтқанын бұл ақынның,
Сендер дағы арманда қаласыңдар.
1975 ж., Алматы қаласы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter