Өлеңдер ✍️
Сайраш Əбішқызына
Толқындарын сапыратын сөз-көлі,
Талай-талай ғажайыпты көз көрді.
Бір отбасы баласындай болып біз,
Бірге өткіздік студенттік кездерді.
Жасқанбадық алдымызда тау болсын,
Деп ойладық: «Дені-қарын сау болсын!»
Сен жар таңдап, мен əйел ап кететін,
Ойламадық бұл күндердің əуресін.
Жаның сергек, ойың алғыр жансың сен,
Ешбір əнші айта алмаған Əнсің сен.
Көл қоритын құсбазары болатын,
Маңдайдағы мөлдіреген тамшыңмен.
Ашылмаған сыр сандығы жүрегің,
Дос алдында күмбірлі күй, жыр өзің.
Сенің жазған еңбегіңді ешқашан,
Академик жаза алмасын білемін.
Желсіз түнде майшамдайын маздаған,
«Таланттылар» бірі емессің «аздаған».
Кім болса сол алып жатқан ғылым,
Атақты да тағдыр саған жазбаған.
Ойың биік, сөзге ділмар адамсың,
Қуаттайтын құттылығын қадамның.
Қалықтаған желді күнгі қыранның,
Қанатысың жазатұғын қаламның.
Сайраш десе, Сайрашсың сен сайраған,
Дос мүддесін артық қойған пайдадан.
Алғырлықтың аспанында самғайтын,
Бір өзіңдей мына өмірде қайда Адам!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter