Өлеңдер ✍️

ОТЫЗ ТУРАЛЫ ОДА
(Əшімге)
Бала едің балмен біріккен,
Көңілің ада күдіктен.
Отызға келдің, қарағым,
Өмірмен «ойнап» жүріп сен.
Күн неткен жүйрік көліктен,
Кезі жоқ тізгін іріккен.
Есігін аштың отыздың,
Егесіп жүріп тірлікпен.
Өтіп бір қатерлі өткелден,
Отызды мен де өткергем.
Өтесің əлі-ақ қауышып,
Отыз бір деген көктемнен.
Арманың сенің тау ма еді,
Толқын боп ұрдым арнаны.
Ормандай қалың қаптаған,
Ойлайсың қазір əрнені.
Ойлардың түсіп көліне,
Ағарған шашым менің де.
Опасыз мынау жалғанда,
Ойланған жақсы тегінде.
Осы жұрт мені тани ма,
Арманын айтқан Фəниге.
Өлеңге қосқан отызын,
Мен тұрмақ, Мұқағали да.
Үлкенді сыйла бүгіліп,
Қазаққа қажет інілік.
Ақжарқын жанға қашанда,
Артықтау жаным, ірілік.
Жігіт боп өстің ең пысық,
Қалған жоқ қолдан жең түсіп.
Біреуді жеңіп, біреумен
Келесің, қарғам, тең түсіп.
Ұғынып əке мекенін,
Ойлардың татып шекерін.
Барасың барлап бұл күнде,
Бала мен жардың не екенін.
Тұрғанда тірі анашың,
Мейірімге əбден қанасың.
Қасиетті ана қасында,
Қашанда əлі баласың.
Балаңа көрсет барыңды,
Жалғасқан жастық жалыны.
Жағылған отың үйіңде,
Жаныңдай сана жарыңды.
Бес саусағыңдай бес əпкең,
Бөсіп бір жүрер бес көшең.
Албырттық жасап тегінде,
Артықтау кетпе əсте сен.
Алдымда тұрсаң əн-күй боп,
Балқимын оған жан билеп.
Ақ самал болып есіліп,
Əлдилеп жүрем, əлдилеп.
Қараша қазды атып ап,
Қапы қап жүрме, қапы қап.
Жиырманың жырын тамамдап,
Отыздың отын лапылдат.
Төрт құбылаң сай болып,
Мұрат қой жүру бай болып…
Əкеге ұл боп туған соң,
Əлемге таныл Ай болып.
Маусым, 1999 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇