Өлеңдер ✍️
ЖАЙЛАУ
Жасыл жер бетегелі, шұрайланған,
Құмартып келбетіңе жыр ойланам.
Шатқалдан ұшып шыққан тау қыраны,
Шарықтап аспаныңда шыр айналған.
Қашан да туған елге дана мақтан,
Өзіңді аңсап келем қала жақтан.
Жолдай боп жалғыз аяқ ту аспанға
Ақ түтін созылады шаңырақтан.
Өтеді қанша жүрсең күн білінбей,
Кетеді қызықтан көз түнде ілінбей.
Шұбалған көлеңкесі ақша бұлттар
Шопанның үйлерінің түндігіндей.
Жаз жайлау жаннат өмір кең өрісті,
Келесің көркейтумен келелі істі.
Бал тамған бармағынан суретшілер
Өзіңнен үйренген-ау кемел түсті.
* * *
Қандай жақсы жанға рақат таңғы ауа!
Келем көше құшағында таңдана.
Ағытпапты ақ күмістей алқасын
Алматыдай ару қала, сəн қала.
Дидарыңа қарай берем таңдана,
Тұрғанын-ай, тұлғасының паңдана.
Жылылықтың барын бойға жинаған
Ғашықпын-ау, осындай бір жанға да.
Дидарыңа қарай берем таңдана,
Тұрғанын-ай, тұлғасының паңдана.
Ойхой, досым, арманшыл жас жаныңа
Таңғы ауадай тапшы аруды таңда да.
* * *
Іргеден көтерілді жаңадан ай,
Аққу жүр көлдің бетін жағалап жай.
Жиекте жылжымастан ақша бұлт тұр
Қанатын қанға малған шағаладай.
Ақ қайың бұтағынан бұрылмастан,
Жапырақ жұпар леппен сыбырласқан.
Сан жетпес сіріңкесін шаға салып,
Көруге тіршілікті үңілді аспан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter