Өлеңдер ✍️

  12.02.2022
  162


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

КӨШ ЖОЛЫНДА

Батырдың қасиетін Батыр ұққан,
Өтті ғой талай заман атырып таң.
Соларды ойы озық мұратымен
Ағартқан қара шашын – ақын ұққан.
Бұл оқиға қай жылы болғандығын,
Нақ басып айта алмаймын.
Толғандым мың.
Аңыздың бəрі рас, ел ішінде,
Жайымен жаздым дастан сол тағдырдың.
Жасауы жас сұлудың көшкен елдей,
Екпіні қоңыр самал ескен желдей.
Етегін Азынаның көктей өтіп,
Келеді Ежелгітау беткейді өрлей.
Басынан қар кетпеген биік таудың,
Жатады рауан гүл сүйіп баурын.
Самырсын саясынан суаттаған,
Сағымдай лыпылдаған киік қалың.
Бар екен қылыштісті жолбарыс та,
(Бірақ та ұқсамайды ол барысқа).
Сол екен қауіптісі бұл өңірдің,
Тек батыр бастау керек жолға шықса.
Шақантай көш бастады өзі жүріп,
Жаңылдың шуақтанды көзі күліп.
Жамандық жол бойында болмайтынын,
Көштегі сауық құрған сезінді жұрт.
Əн айтылды, би биленді мың бұралған,
Сауықты салтанатты күн бір – арман.
Жас отау думандары жалғасқанда,
Тыңдады тоғайда құс, тынды орман.
Құстары сайрамады күндегідей,
Қыраны тояттады мыңбегіндей.
Қарасаң тау гүлі мен ой гүліне,
Қуаныш ұя салған күн көзіндей.
 Дем алды тауда байғыз,
орманда құс,
Дегендей «Əн болмаса армандамыз!»
Шертілді домбырада…
Ол болмаса,
Жалғаса алмас едік жалғанға біз.
Болмады дегенменен жолда қысқа,
Болса да қанша рет жолжарыс та.
Кездесті көшбасшысы келе жатып,
Кездейсоқ қылыштісті жолбарысқа.
Күркіреп, күндей болып күрілдеді,
Көрінді аждаһа сұс түріндегі.
Атылды жас батырға əлгі жыртқыш,
«Жайратам» дегендей-ақ бүгін сені.
Шошыды көрген кезде ел де мұны,
«Қалмас» деп бұл қауіптен Ер де тірі.
«Брс!» деп
баладайын мысық көрген,
Желкеден қапсыра ұстап жерге ұрды...
Көрмеген мұндай аңды ғұмыры ат,
Ұмтылды қос құлағын жымырып ап.
Қанжардайын қандыауыз мақұлықтың,
Қылыштісін аузынан суырып ап:
– Баламның бұл ертеңгі ішігі боп,
Қалатын болды, – деді. Түсі гүлдеп.
– Дəмесін қара өзінің, – деді, тағы:
– Даланың орсақ тісті мысығы, – деп.
Шақаңның бұл ерлігін Ел мақтады,
Жаңылдай жары, туған Жер мақтады.
Аңыз боп ақша бұлттың қанатында,
Ақ жауын толқын қосқан көл мақтады.
Бұл аңыз ғасырларға жалғанады,
Дегендей қарлы шыңдар таңданады.
Бұл күнде кеше ұрпақтар Батырға емес,
Көрмеген хайуанатқа таңғалады...
 * * *
Қарақшылар қоршаулап дікеңдеді.
«Берілмесең, шетіңнен түтем!» деді.
Қашанда қиын ғой қарақшының
Жолында жеміс гүлдеп, құт өнбегі.
– Болғанмен жері сұлу, таулары көк,
Қазақтың сендерсіз-ақ жаулары көп.
Жауласпай-ақ жөнейік жөнімізге,
Айтпағым осы менің, сауға тілеп, –
Шақантай, көзбен шолып алыс қырды,
Қасындағы қалыңдығын таныстырды.
– Мына көш Азынадан қадам алған,
Жасауы еді, – деп келіп
қалыс тұрды.
Сол-ақ екен қаптады қарақшылар,
Жақ1 пенен шоқпар алған жарақтылар:
Ойлары сұлуды алып, олжа бөліп,
Кетпекші бұл арадан тарап бұлар.
«Сауға!» деп тосты алдан батыр барып,
Күш кернеп өне бойын батылданып.
Біреуі салып өтті, осы кезде,
Теңселді түсуге аттан жақын қалып.
Көсілтіп содан кейін Беренкөкті,
Шетінен ұрып тастап сереңдетті.
Сұраған жекпе-жекті жалпақ жаурын
Ерекше Жаубасарды2 елеңдетті.
Денелі,
тығыршықтай,
жаурынды,
Қасқайып қарсы алатын дауылыңды.
Ат жақты ақ сарылау əлпетінде
Ызғар бар ықтырардай қауымыңды.
1 Садақтың бір түрі. 2 Шақантай батырдың мықтылығына қарай қойған екінші аты.
 Шақантай барлап алып, ағып өтті,
Ал анау қалқанымен қағып өтті.
Сол кезде байқап қалды
соғысуға,
Тəп-тəуір бар екенін қабілеті.
Басымдау екендігі Айтауырдан,
Білінді кезде найза қайта ұрған.
Шынтақтан көшбасшысын соғып өтті,
Менсінбей жүргенде əлгі, сайтан ұрған.
Қалқанды қағып өтіп жасқады да,
Лақтырып көк найзасын тастады да,
Атынан жұлып алды
Ер Шақантай,
Көзді ашып-жұмғандай-ақ қас қағымда:
– Сен кімсің?
Қайдан жүрсің торуылдап,
Көлденең көшкен елдің көлігін ап.
Заманда жортуылшыл пайда емес,
Тұтасқан қазақ керек жолы қымбат.
Халқымның батыр ұлы сыйлайтыным,
(Ынжықтық дүниеде қинайтын мұң).
Бойыңда қайрат-күшің болғандықтан,
Боршалап өлтіруге қимай тұрмын.
– Шынымды енді айтайын,
босат мені!
Мекенім Барқытбелде, Қосаткөлі.
Жайырда Алшаң байдың көп жылқысын
Ала алмай келе жатқан бетім еді.
Жусаған сонау жасыл Ойкөлдегі,
Жүгіріп қыр-қырат, ойды өрледі.
Үйірін бес айғырдың біріктіріп,
Көк айғыр бізге тіпті бой бермеді...
Ол қалды анау жақта, ана бетте,
Үйірі толған өңшең қара көкке, –
 Деді де кектене бір демін алып,
Күрсінді осынау бір бола дертке.
Шапқанын хорғуздықтың Азынаға,
Жеткенін жеңіс күннің жазына да.
Айта кеп,
Шыңқожаны ЕласылдыңКүткенін айналдырды базынаға.
– Алдың да көретұғын бар қызығың,
Бойыңда суымайтын жан қызуың.
Тиіспейін.
Шақантай менің атым.
Сен айтқан Алшаң байдың жалғызымын, –
Дегенде
жалт қарады шошығандай,
Аузына сөзі түспей, тосылғандай.
Сол кезде Шыңқожаның маңдайынан,
Сұп-суық тердің шығып жосылғаны-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу