Өлеңдер ✍️
БАҚТЫБАЙ МЕН ТҮБЕКТІҢ КЕЗДЕСУІ
(Айтушы – Темірғали Рүстембеков)
Бақаңның жиырма екіге шықты жасы,
Болып жүр, жас та болса, топтың басы,
Əсемдеп құлағына үкі таққан,
Қолында қызыл өрік домбырасы.
Бакаңның жиырма екіге толған шағы,
Атағы жұртқа мəлім болған шағы.
Тартынбай жас та болса, топта сөйлеп,
Үш жүзді түгел кезіп, шолған шағы.
Бақаңның жиырма екіге келген кезі,
Орақтай өлең сөзге мерген кезі.
Өнерін ақындықтың өктем қылып,
Аямай Алла Тағалам берген кезі.
Арғында бір үлкен бай аты мықты
Ұзатып жалғыз қызын, той қылыпты.
Əдейі кісі жұмсап, Бақтыбайды
«Келсін», – деп, осы тойға шақырыпты.
Тойына төрт түліктен мал сояды,
Жан-жаққа ат шаптырып, жар салады.
«Бір елдің мəртебелі ақыны», – деп,
Құрметпен Бақтыбайды қарсы алады.
Бақтыбай өлең айтты, аңырмады,
Айтса да үш күн, үш түн, жаңылмады.
Бақаңа сол аймақтың ақынының
Біреуі пар келерлік табылмады.
Өлеңді төкті Бақаң, кідірмеді,
Айтса да үш күн, үш түн, мүдірмеді.
Бір салған жорғасынан тайпалған жоқ,
Жүйріктей өрге шапқан бүгілмеді.
Бақаңа жиналған жұрт таң қалады,
Бақаңның ақындығын аңғарады.
Дегенде үш күн, үш түн, тарқады той,
Бақтыбай қайтпақ болып, қамданады.
Арғында Түбек барын білуші еді,
Құмар боп бір көруге жүруші еді.
«Алдына жан салмаған ол – бір жүйрік», –
Деген сөз құлағына тиюші еді.
Түбекке Бақаң енді бармақ болды,
Жолығып, қарт жырауды көрмек болды.
Қонысын Түбекеңнің сұрап алып,
Сол жаққа Бақаң енді тартты жолды.
Бұл жерден Түбек аулы төмен еді,
Мінгені Бақтыбайдың дөнен еді.
Қыршындай жастық шағы Бақтыбайдың,
Тал бойы толып тұрған өнер еді.
Бақтыбай келді іздеген аулына,
Түбектің туып-өскен қауымына.
Ақ үйлер шағаладай тұр иесіз,
Тірі жан көрінбейді аулында.
Бақтыбай аң-таң болып, қайран қалды,
Ақ үйді алты қанат көзі шалды.
«Түбектің үйі қайда? Кім біледі?» – деп,
Қасына ақ орданың жетіп барды.
Үйден бір жас келіншек шыға келді,
«Үйіңіз іздеп жүрген – осы», – деді.
Белдеуге, түсе қалып, атын байлап,
Бақтыбай үйге кіре сəлем берді.
Түбегің сексен төртке келген жасы,
Қарт екен аппақ қудай сақал-шашы.
Сəлемін Бақтыбайдың естімеді,
Сұлық жатыр, қозғаларлық жоқ шамасы.
Бақтыбай:
Келіп ем жүзіңізді көрейін деп,
Сəлемін Жалайырдың берейін деп.
Бақтыбай балаңыз – мен, сұрасаңыз,
Сыртыңнан атыңызды естуші ем көп.
Келгенде, бас көтеріп, қарамадың,
Алуға сəлемімді жарамадың.
«Бала» деп, олқысынба, жас та болсам,
Үш жүзді түгел кезіп, араладым.
Кеудеңді Құдай үшін бір көтерші,
Келе ме қозғалуға шама-əлің?
Қасыңда айналақтап əлі отырмын,
Бата алмай оятуға, жағаладым.
Басыңды бір көтерші, келсе əлің,
Тыңдаңыз балаң айтқан сөздің мəнін.
Алдыңа сəлем беріп келіп тұрмын,
Жүрмісің күйлі-жайлы, ақсақалым?
Қозғалмай жатырмысың, кəрі тарлан?
Жас жетіп, күшің кетіп, толып арман.
Жиналса қызыл-жасыл жас кезіңде,
Кез келсе, келістіріп қолқа салған.
Үйректей қорағытқан қонып қапсың,
Кəрі айғыр, аманбысың, қартаң шалым?
Бұл сөзім қисық емес, елге тура,
Қайықтай батпаушы едім, салса суға.
Əдейі көрейін деп іздеп келдім,
Хал қалай, күйің қалай, ақ бас бура? –
деген кезде, Түбек: – Ə, бəтшағар, Жалайырдың үй тентегі
екенсің ғой, – депті.
Сонда Бақтыбайдың айтқаны:
– Мына шал бəле шал ғой күркілдеген,
Астында көрпесінің бүлкілдеген.
Екі көзі көрмейді, ірің толып,
Байғұстың несін алды «Бұл кім?», – деген?
Сонда шай құйып жүрген сұлу келіншек үйге кірді.
Түбек келініне:
– «Балам, домбырамды əперші», – дейді. Тұсында қара
сырмен сырлаған үлкен домбыра ілулі тұр екен. Түбек
əлгі сөзді айтқаны болмаса, басын да көтермей, аяғын да
жинап алмай, жата береді. Жас келін атасының тұсындағы
домбыраға үстінен қол созып алып беруге батпай, ұялып,
жаутаңдап тұрып қалды.
Сонда Бақтыбай:
– Мына шал бəле шал ғой балпаңдаған,
Қолы мен басы бірдей қалтаңдаған.
Көктемнің бұлдыраған сағымындай,
Көкемді қор қылдың ғой жаутаңдаған, –
дейді.
Түбек:
– Аһ, кəрілік, түбіме жеткен екенсің, – деп, аяғын жинай
берген кезде, келіншектің қармақтай қолы кереге басындағы қара домбыраны іліп алды. Домбыраны құлақ күйіне
келтіріп, атасының алдына көлденең тастап, сылаңдап, сып
етіп үйден шығып кетті.
Сол кезде Түбектің домбырасын қолына алып, Бақтыбайға қарап айтқаны:
– Сөйлесін жасы жеткен кəрі тарлан,
Шапқанда құстай ұшқан терең жардан.
Қырандай желді күнгі аспандасам,
Топшымда тозушы еді талай қарғаң.
Жас жетті, жаным тозды, қайран дүние-ай!
Осы – бір көкіректе үлкен арман.
Алқынбас, өрге салса, жүйрік едім,
Самсаған шаршы топтан шыға салған.
Жанымда, қыр астында көрмеуші едім,
Келгенде жарысқалы талай бағлан.
Жігітсің сары алтындай жүрген балқып,
Жастықтың маңдайыңда шамы шалқып.
Бəтшағар, үлкен сыйлап көрмеп пе едің?
Тіліңді сөйлесеңші байқап, тартып.
Көрінсе көк құнажын, мөңіреген,
Жол болсын, қаңғып жүрген тана шартық,
Сайраған қайдан келдің сары тайлақ?
Ұстап ем сан түлкіні қолмен байлап.
Дегенді атым Түбек білемісің,
Сен түгіл, талайға да атым айғақ.
Бақшада есек кезіп келе жатса,
Ештеме ұқтырмаған бұлбұл сайрап.
Сан жерде сан буыршын кездескенде,
Өркешін жұтып едім, талай шайнап.
Кез келдің қартайғанда маған бүгін,
Еш адам таба алмайды дүние түбін.
Түрлентіп тау нұрындай сағым түскен,
Жарқырап жайнап жүрген жастық күнім.
Жыбырлап жүрегімнен жөтел тисе,
Оңдалып баяғыдай шықпайды үнім.
Көрінсе қоңыр байтал, оқыранған,
Жол болсын, көшке ілескен сəурігім.
Қартайдым, енді ақыл таба алмаймын,
Күн сайын кейін кетіп, шабандаймын.
Қалжасы төленбеген қояндарға
Сүліктей судан шыққан қадалмаймын.
Аузымнан не шыққанын білмей қалдым,
Құдай-ау, не бəлеге арандаймьш?
Шалдардан мен сияқты түк қалған жоқ,
Бір үйге өз бетіммен бара алмаймын.
Бəтшағар, сəлем беріп келсең еді,
Мен сенің атаң түгіл, бабаңдаймын, –
деп, қарт ақын күрк-күрк жөтеліп, жастыққа қисая
кетеді.
Сол кезде Бақтыбайдың айтқаны:
Сарыарқа – жеті атадан тұрағыңыз,
Арғында артық туған мұратыңыз.
Сəлемді алмақ түгіл, бас көтермей,
Бұл қай бір маған қойған сұрағыңыз?
Сəлемді бір көргеннен-ақ беріп едім,
Не шара, естімесе құлағыңыз?
Жүйрікпін шапқан сайын қарқындаған,
Сіздейлер адымымнан артылмаған.
Кем болса ақындығым, ата, сізден,
Домбыра берді неге халқым маған?
Төбеңнен бұрқ еткізіп бір-ақ түсер,
Жасылмын, жай оғымын шартылдаған.
Алдыма, жас та болсам, жан түскен жоқ,
Егесте талай жерде тартынбағам.
Күн сайын мың-миллионды суғарамын,
Дариямын ұшан-теңіз сарқылмаған.
Домбырам бар ма екен жер тартылмаған?
Шолайын қиыр шеттен, мен – жас қыран,
Қарама, «бала екен», – деп, салқын маған.
Қылышпын қынабында қылшылдаған,
Болатпын, мың қайырса, бір сынбаған.
Алқынып, алқымы ісіп келгендердің,
Жорғамын, талайлары ырсылдаған.
Жаратып ақын қылып бір Құдайым,
Атағым, жас та болса, жұртқа пайым.
Шын қызсам, көре алмассың тозаңымды,
Айтысып қартаң шалмен не қылайын?
Осы кезде келіншек қайнаған самаурынды үйге алып
кіреді. Жас жігіт – Бақтыбайдың есіл-дерті келіншекте
болады. Келіншек самаурындықойып, дастархандыжайып,
тағыда сыртқа шығады. Бақтыбай келіншекті өзінің қасына
отырғызсам деген оймен самаурынды өзіне жақындатып
қояды.
Келіншек қайтып келіп, самаурынның ар жағына отырып, шай құя бастайды. «Келіншек қасыма отырмады», –
дегеңдей, Бақтыбай орнынан ұшып тұрып, дастарханнан
қашықтап, төрге барып отырып айтқаны:
Болар деп ойламадым істі мұндай,
Обал жоқ өзіме де, тыныш тұрмай.
«Болсам, – деп, – Қозы Көрпеш» ойлап едім,
Самауыр бола қалды-ау Қодар құлдай.
Келіншек:
Жігітсің, аузыңды ашсаң, өнер қысқан,
Сыртыңнан не дейді екен сенің дұшпан?
Ей, құрбым, кесірленбей, тамаққа кел,
Пайғамбар «ас» дегенде тақтан ұшқан.
Шарықтап бала құстай, қона алмайсың,
Тұлпардай түбін таппай, бола алмайсың.
Ей, құрбым, қырсықтанбай, тамаққа кел,
Қайтсең де, астан үлкен бола алмайсың.
Бақтыбай үндемей келіп отырып, шай ішті. Шай ішіп
болған соң, Бақтыбай келіншектің өлең айтуын күтті.
Келіншек өлең айтпаған соң, Бақтыбай:
– Ажайып, машайықтар, Ғабділ, Қани,
Ғашықсыз неге болсын мынау пəни?
Жігітке екі үзеңгі тең тағылса,
Жастықтың кеудесіне кірер жани.
Атамыз – Адам ата жаралғанда,
Жаратқан не себептен Хауа ананы?
Түсіне тумай тұрып ендіріпті,
Жүсіпке ғашық етіп Зылиханы.
Келгенде сексен жасқа қыз Зылиха,
Өзі іздеп барған екен Жүсіп нəби.
Тірлікте қосыла алмай, зарлап өткен
Ғашықтар – Лəйлі-Мəжнүн, Қақсар-Уəри.
Мəзбура қыз-Дүрдана – бұлар да өткен,
Қыз Жібек Төлегенсіз болмас сəни.
Ішінде сол ғашықтың мен де бармын,
Əсерін жас жүректің білсең, əни.
Өлмейтін, қартаймайтын адамзат жоқ.
Себебі: топырақтан барша пəни, –
дегенде, келіншектіңБақтыбайды сынау үшін айтқаны:
– Əркім-ақ домбыраны алар қолға,
Ей, құрбым, тым жеңілтек, аңғал болма.
Қарны ашқан қара бүркіт секілденіп,
Қызығып, қызыл көріп, түспе торға.
Сан жабы маңайыма ілескен жоқ.
Шаң жұқпас шашасына мен бір жорға, -
дегенде, Бақтыбаймырс етіп күліп жіберіп, айтқан өлеңі:
– Сұраған елдің жөнін білуші еді,
Тау-таста саятшылар жүруші еді.
Атамыз адам болып жаралған соң,
Құрбы мен құрдас ойнап күлуші еді.
Ей, құрбым, жорға атыңды естіп келдім,
Жорғаны əркім сұрап мінуші еді.
Бұл кезде көрші елде бір ұлы думан той болып жатса
керек. Ауылдың халқы түгел сол тойға кеткен екен. Түбектің келіні үйдегі қарт атасына тамақ істеп беру үшін тойға
бара алмай қалыпты. Бақтыбай Түбектің ақын келінімен
ойнап-күліп, екі-үш күн жүріп қалады. Бақтыбай қайтпақ
болып отырғанда, тойға кеткен ауылдың адамдары қайтып
кепті.
– «Ақын бала келді», – деп, жұрт Бақтыбайды ду көтеріп
алып кетеді. Мұнан соң Бақтыбай осы ауылда он екі күн
өлең айтып, тамашалап жатып, еліне қайтқан екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter