Өлеңдер ✍️
ТҮБЕКТІҢ МАМАНҒА АЙТҚАНЫ ЖƏНЕ ТОЛҒАМБАЙМЕН ҚАҒЫСУЫ
Найман ішінде Бексұлтан төренің баласы Сүлеймен
өліп, бұған Маманды шақырған жаназасына. Маман бара
алмапты. Күздің айы екен бұл мезгіл. Келесі жазда, қыс
өтіп, жайлауда отырғанда Маман баласы Тұрысбекке
айтып, кісі жіберіп, Кенже Тоқпамбет Толғамбай ақынды алдырып, Сүлейменге Құран оқып қайтуға Маман,
Тұрысбек, Толғамбай ақын, қасында бірнеше адам бар, ара
қонып, Сүлеймен төренің аулына келді. Толғамбай ақын
Сүлейменнің туған-туыстарына көңіл айтып, тоқтатып,
су құйып, беті-қолдарын жуып, дастархан жайып, Құран
оқиды. Дастарханға бір тай тұяқ тастайды Маманның алдына əкеліп. Құран оқып болған соң, артынан Түбек келіп
кіріп, отырған елге сəлем беріп, амандасып, төрге барып
отырады. «Маманның қасында ақын бар», – дегенін Түбек
сыртынан естіп келген.
Алты қанат ақ үйдің іші толған кісінің аяқ жағында он
сегіз жасар Толғамбай отыр. Қолында сырлаған қызыл
домбырасы бар, үкі таққан маржандап. Толғамбайды Түбек
сыртынан: «Кенже Сатай ішіндегі Нақыш Нұржау, – деп
естіген, – аз атадан шыққан», – деп. Ал, енді олай емес,
Толғамбай бір болыс Сатай ішінде Тоқпамбеттің Тоғызы
болып шығады. Бұл жуан ата болатын.
Түбек киімін тастап, домбырасын қолына алып айтқаны
Маманға:
Қалқабайдың баласы – батыр Маман!
Көрмегелі көп болды. Жүрсің бе аман?
Келгеніңді сыртыңнан естіген соң,
Амандаса бұл үйге келдім саған.
Қалқабайдың баласы – Маман құтым!
Қалқабайдан тараған қанша түтін?
Амандаса алдыңа ағаң келді,
Қазықұрттай айналған балқы, құтым.
Қалқабайдың баласы Маманым-ай,
Жаяу жүрсе, ауырар табаным-ай.
Құлдан айғыр болғанда, күңнен байтал,
Осындаймен өткізген заманым-ай.
Дəулетіңнен келіп ем сый алғалы,
Ат жетектеп, қолыма түйе алғалы.
Сізге сыяр ағаңның келген жолы,
Мен халықтан отырмын ұялғалы.
Əлқисса, Маман қасындағы баласы Тұрысбекке қарап:
«Ақша бер Түбекке», – деген. Сонда Тұрысбек он бес сом
ақша тастайды алдына Түбектің. Түбек мұны алмай жəне
тоқтамай өлең айта бастады:
Айтып жүрген өлеңді мен баяғы,
Жылқы ішінде тұрмайды кей саяғы.
Өз қолыңнан бермесең, мен алмаймын,
Сізге сыяр ағаңның бата аяғы.
Түннің жарым болғаны таңға жаман,
Еттің жаман болғаны аңға жаман.
Өз қолыңнан бер-дағы, разы қыл,
Бала билеп кеткені заңға жаман.
Құдай мені жаратты бақты қылмай,
Мал бермеске, Маманжан, сақтығың-ай.
Мұндайыңа көзімді салмаушы едім,
Бура шөккен түйенің атығындай.
Өзіндей сөз айтамын ескі құтқа,
Ой Найман, Орта жүзге болдың тұтқа.
Аузыңнан шыққан сөзің ем болады,
Жетсін бе бұдан артық қолың бұлтқа?
Маман бұған қалтасынан алып, елу сом тастады. Түбек
мұны алып, разы болып, шетте отырған Толғамбайға қараса, қолында домбырасы, өзін қызыл сырмен сырлаған,
үкі таққан. Мұны көріп, Толғамбайға Түбектің айтқаны:
Түбек:
Домбырасы Толғанжан қызыл екен,
Сырлап қойған, мойыны ұзын екен.
Боталаған түйедей үкі тағып,
Əлпештеген біреудің қызы ма екен?
Тақат, Торпақ – азғантай екі тайпы,
Хас кедейдің маңдайы болар тайқы.
Домбыраға Толғанжан сыр жалатқан,
Шілменді орыстың басы қайқы.
Келдім мұнда Құдайдың бұйрығындай,
Мен де көрдім, Толғамбай, жүйрігіңді-ай.
Тақат, Торпақ қосылса, бір-ақ уыс,
Қара тоқал ешкінің құйрығындай.
Əлқисса, енді Маман мынау сөзді естігенде: «Толғанжан,
не қып отырсың? Даусыңды шығар», – дегенде, Толғамбай
түзеліп отырып, малдасын құрып, домбырасының құлағын
бұрап алып, айтысқаны мынау екен:
Толғамбай:
Не болды, Түбек, саған ел пəлектеп?
Білемін арғы атаңды-ай Байкөжек деп.
Ой Найман, Орта жүзді араладың,
Еш адам озған емес баса-көктеп.
Орысты, көп болсаң да, қырғаның жоқ,
Нəпсіңді, қартайсаң да, тыйғаның жоқ.
Жетпістің жетеуінде өлең айтып,
Құдайдың сен сағиты, иманың жоқ.
Бірталай Тақат, Торпақ ел емес пе?
Дария шалқып жатқан көл емес пе?
Білмейсің ел шаршысын, қартайған соң,
Тоғызы Тоқмамбеттің мен емес пе?
Басыңа екі қатын жады қылған,
Боз азбан алжып жүрген сен емеспін.
Əлқисса, Түбек бұл сөзге қарсы айта алмай, ақырып,
домбырасын ала ұмтылды. Сонда Маман домбырасын
ұстай алды. Түбекке:
– Айтшы, сен Толғамбайдай күнің де қандай едің? –
депті.
Сонда Түбек:
– Мен соққан желдей, толқын көлдей едім, – деді.
Сонда Маман:
– Дұрыс айтасың. Сенің сол күнің бүгін Толғамбайдың
басында тұр, – деді.
Сонда Түбек:
– А, солай ма? – деп, отыра кетті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter