Өлеңдер ✍️
ҚАРҚАБАТ ПЕН ТҮБЕК
Түбек, елге мəлім, Найман, Орта жүз. Қарқабат – Ұлы
жүз ішінде Ысты деген ел – руы. Екеуінің дос болуына
мынандай себеп болды:
Ыстының ішінде бір ауыл Арғын көрші болып бірнеше
жыл жүреді. Ол Арғынның ауыл ақсақалы Ақылбек деген
кісі болады. Осы Ақылбек пысық ауылжігіті болыпжүреді.
Бір нəрседен ыза болып: «Тұлпар түбін табады», – деген, –
деп, Арқаға – еліне көшпек болады. Қарқабат сол кезде
жиырма бір жаста, үйленбеген. Тойда өлеңді тартып айтып
жүрген кезі еді. Өзі қызбалықты, жастарға жағымды, сері
жігіт болады. Ақылбектің Сұлушаш деген қарындасымен
көңілі жақын болып жүреді. Сол Сұлушашты Қарқабат
алайын десе, «Ішіміздегі көршімізді ауыл жақтықпен
алғанымыз ұят қой», – деп, «Өз жеріне барып алам», – деп,
Ақылбек Арқаға көшкенде, сол көшпен серілікпен ілесіп,
бірге кетеді. Сол Арқада бірнеше жыл жүріп, Ақылбекпен
еншілес болып, баяғы Сұлушашты алып, бала-шағалы
болып, Орта жүздің көп жігіттерімен таныс болып, араласып жүреді. Атақты əрі ақын болып, жиындарда көптеген
жігіттермен араласып, таныс боп кетті. Түбекпен танысып,
дос болып, ұстаз етіп, дегеніне жетіп, бірнеше жылдарда
елге қайтады.
Сонымен Қарқабат бірнеше жылда баяғы үйренген Сарыарқаның елін сағынып, досы Түбекті сағынып, сол елге
бір барғысы келіп, жаз айларында жүріп кетті. Қасына екі
жарамды жігіт алып, бара жатып Арқаны суреттеп, Түбекті
сағынып, əн қосып жырлағаны:
Сағындым Сарыарқаның сары белін,
Той тойлап, жиын іздеп жүрген жерім.
Түрленген тар кілемдей қайран сабаз,
Сарыарқа сағынатын сары көлін,
Кең қолтық, келте шапан өңкей ерім,
Жасымнан көкпар тартып, сайрандаған,
Көзіме елестейді өскен елім.
Аңқылдаған иісі жұпар, денең балқып,
Үйректей жүзіп қайтам, қаздай қалқып.
Үйренген өрісіне барғанынша,
Мамада тұра алмайды, тұлпар тарпып.
Тумаппын Сарыарқада кіндік кесіп,
Осы жерде ел таныдым, бақытым өсіп.
Бір көрмесем, тарқамас іштегі арман,
Бір күні тағдыр жетіп, кетсем көшіп.
Сағындым достым Түбек – ұстазымыз,
Бір көріп, қолыңды алмақ – мұқтажымыз.
Мұхиттың дариясындай сөзің терең,
Өлеңге болмаушы еді қыспағыңыз.
Тіліңнен бал тамызған, қайран Түбек,
Айқасқан достым едің күнде білек.
Естимін, ұзынқұлақ рас болса,
«Жатыр, – деп, – қауіпті ауру, қатты жүдеп», –
деген жырды айтып, жүріп кетті. Сонымен, Найманның
шетіне кіргеннен:
– Түбек аман ба? – деп сұрай бастады. Найманның
бірқатар жеріне барғанда, анық жайын білді.
– Түбек бір сұлу қатын алып еді. Сол қатын жады қылып, жеті жыл болды, ауырып, жадысы ішіне түсіп, шемен
болып, іші басынан асып, жарылуға жақын болып, жүктей
жастыққа сүйеніп отырады. Өзі кісі танымайды. Басына
кебінін жастап, аузына мақтамен су тамызып жатыр, – деді.
Сонда Қарқабат:
– Уа, дариға! Көп жолдас болған досым еді. Көзінің
тірісінде бір барып көрейін, – деп, жедел жүріп, Түбектің
үйіне түсе қалады. Келсе, жастықты арқасына қойып, көзін
жұмып жатқан екен. Қарқабат сəлем беріп, қолын ұстады.
Түбек танымады. Қарқабат таныту үшін ақырып, ашулы
дауыспен сөйлегені:
– Апырым-ау, ана тау ма, мына тау ма?
Көрінген басы биік қара тау ма?
Қарасам, жүзің солғын көрінеді,
Басыңды көтерсеңші. Денің сау ма?
Жатқаның, қайран достым, мақұл емес,
Баяғы өзім көрген ақын емес.
Тірлікте бір сөйлесіп, аттанайын,
Дүниеден көшкен адам екі келмес, –
деді.
Сонда халі кетіп жатқан Түбек көзін ашпаған бойынша
жүкке қолын созды.
– Домбырамды əпер, – дегендей болды. Домбыраны
əпергенде, сөйлеуге əлі келмей жатып, шалқасынан жатқан
бойынша ыңыранып: «Басым, досым», – деп, əн салып,
сөйлей бастады.
Түбектің сөзі:
Жасымда талай жедім бай баласын,
Шырағым, дүние қусаң, айналасың.
Танимын, даусыңнан шырамытып,
Айтсаңшы аты-жөнің. Қай баласың?
Қайырмасы:
– Басым, досым, шабыт, қайтем! – деп тоқтады.
Қарқабаттың танытып сөйлеген сөзі:
Құлпырып, серіліктен келдің мақат,
Өлеңді соқтырушы ең жүндей сабап.
Көңліңді сұрай келдім, естіген соң,
Ақыны Ұлы жүздің мен – Қарқабат.
Айлық жол, Ұлы жүздей елден келдім,
Алатау алабындай елден келдім.
Тиген соң суық хабар құлағыма,
Өзіңді өлмей тұрып келді көргім.
Түбек:
Белгілі Алты Алашқа салған əнім...
Кетіп тұр осы күнде менің сəнім.
Көңлімді сұрап келсең, рахмет,
Жамандық, жағың түспей, көрме, жаным!
Қарқабат:
– Ұшушы ең ақ тұйғындай қатты түлеп,
Өміріңе кім қас қылды, сені билеп?
Аурудың түрі жаман көрінеді.
Қалайша жүдеп қалдың, ойбай, Түбек?!
Бұл жерге, он жыл болды, келгенім жоқ,
Бас қосып, сізге сəлем бергенім жоқ.
Шошыдым, халің қашып, жүдеп қапсың,
Өмірімде мұндай ауру көргенім жоқ.
Түбек:
Атым жоқ ат дейтұғын, атым – Түбек,
Ұшушы ем қыран құстай қатты түлеп.
Алланың, бұл да болса, құдіреті,
Жатырмын жады аурудан қатты жүдеп.
Қарқабат:
Өтті ғой талай кəрі, талай бала,
Сыйласып жүрмек едік, келсе шама.
Қатының екеу десем, біреу екен,
Бұл пəле əлдекімнен болды жала.
Жөніңді айт, қайран Түбек, адал досым,
Қосылды жаның барда бүгін басым.
Сізбенен амандаспай қалған болсам,
Қан болмақ еді көзден аққан жасым.
Түбек:
Қарқажан, балалықтай заман бар ма?
Заманды əркім құмар амалдарға.
Қасымда жолдасымнан зиян тарттым,
Көңлін шайтан бұзса, амал бар ма?
Қарқабат:
Қиядан сөзбенен жол қазып салдың,
Алаштан қызыл тілмен азықтандың.
Халыққа алтын нұрлы, қайран Түбек,
Шіркінге қай жеріңнен жазып қалдың?
Осының анық маған шынын айтшы,
Жолдасың не себептен қайғы салды?
Сыншы едің бір кісідей көпті көрген,
Қай жерден бұл пəлені тауып алдың?
Түбек:
Сөзбенен бұзушы едім таудың тасын,
Өтті ғой тамашамен талай жасым.
Білмеймін қай жерімнен тапқанымды,
Күнінде ат пен шапан тапқан басым.
Қарқабат:
Түбегім, сен болмасаң, келер ме едім?
Ажалсыз оқ атқанмен, өлер ме едім?
О, шіркін, Түбек өліп, байға тисең,
Мен кепіл, сонда сені көрер ме едім.
Түбегім, дос болып ең аруақтыға,
Бір залым кездесіпсің күн қақтыға.
А, Түбек, осы аурудан жаның қалса,
Шіркінді сатып жібер бір тоқтыға.
Түбек:
Ақ қошқар, ай мүйізді қойым да бар,
Жазылсам осы аурудан, тойым да бар.
Жаныма бір шыбындай себеп болса,
«Шіркінді сөйтсем», – деген ойымда бар.
Сонда қатын: «Үйге келген кісі тыныш келіп, тыныш
кетпейді екен», – деп күңкілдеп, үйден шығып кетті. Қатын
жақтырмады. Түбек өлгелі жатыр. Қарқабат аттануға тура
келді. Қарқабат аттануға рұқсат сұрап айтқаны:
Қар жауса, теріс жақтан соғады жел,
Алдымда көрінуші ең, асқар тау, бел.
Алысқа талап қылған мен – жолаушы,
Ер достым, көңліңмен рұқсат бер.
Құдайға мал да – аманат, жан да – аманат,
Ажалдан кім алады арашалап?
Түбегім, осы аурудан жаның қалсын,
Егер де өліп кетсең, сол – жаман ат!
Жасыңнан үлгі болдың бозбалаға,
Шын жүйрік өзі шаппай, олжа ала ма?
Түбегім, аман-есен жазыларсың,
Ауырған өле берсе, жан қала ма?
Түбек:
Қарқажан, оңалады сенің қосың!
Жан достым дəл өзіңдей қайдан болсын?
Мың рахмет басып келген қадамыңа!
Рұксат, қайда барсаң, жолың болсын!
Жыланнан жылдам ойла жүрісіңді,
Ешкімге білдірмегін сыбысыңды.
Бір ойдан шерім де жоқ, шемен де жоқ,
Барады өлең жарып қу ішімді.
Рұқсатын алып, қоштасып, сонымен Қарқабат аттанып
кетті. Түбек үйінде қалды. Дүбірге шыдай алмайтынжүйрік
қолына таяқ ұстап, далаға шығады. Белдеуді ұстап, үйге
сүйеніп отырады.
Сол заманда Найман Тəнеке батырдың жиыны болып, ат
шауып жатқан. Соған бірқанша кісілер кетіп бара жатып,
Түбектің аулының тұсынан өтіп бара жатып: «Уа, қайран
Түбек! Сау болса, осыжиынға елден бұрын баратын еді. Біз
келгенше бар ма, жоқ па? Көңлін сұрап кетейік», – деп, көп
жігіттер түсе қалды. Сонда Түбек далаға шығып отырған
кезі еді. Амандасқанда, барлығын таныды.
Шулаған көп жолдасы Түбекке:
– Сіз «кісі танымайсыз» деп естіп едік. Қашаннан бері
жақсы болдыңыз? – деді.
Түбек:
– Нашар-ақ едім. Ұлы жүздің ақыны – Қарқабат деген
досым бар еді. Арқаға кетіп бара жатыр екен. Көңлімді
сұрап, қазір аттанды. Көңілімнің жарымы соған ілескендей
болып, далаға шығып отырмын, – деді.
Сонда келген көп адамдар:
– Көп жиыннан бір тəуіп табылар ма екен? Сол жиынға
апарайық, – деп бір атқа таңып, алып барды.
Түбектің шинəда жатып, жиналған елге амандасқаны:
Дүниенің көріп өттім ылди-өрін,
Ал, жəне талай көрдім артық-кемін.
Сендерді көрмегелі көп жыл болды,
Жүрмісің аман-есен, қайран елім?
Айқаймен қандырушы ем құлақ құрышын,
Көрмедім жеті жылдай жанның тынышын.
Сағынып, екі көзім телмірді ғой,
Жүрмісің аман-есен, қайран жұртым?
Шын тұлпар етке түспей, шабылар ма?
Шешендер шаршы топта жаңыла ма?
Жаныма бір шыбындай себеп болар,
Бір кісі көпті көрген табылар ма?
Сонда бір жігіт:
– Жаңа мен көрдім. Осы жиында бір Қолаба деген шал
бар екен. Сол үлкен тəуіп көрінеді. Соған көрсетіңіздер, –
деді.
Түбек сол жігітке қарап айтқан сөзі:
– Ей, жігіт, тəуіп айтқан бермен келші,
Тəуіпке өзің көрген өзің баршы.
Əпкелсең сол тəуіпті жылдамырақ,
Ақыңа бір ат пенен шапан алшы, –
дегенде, баяғы жігіт аттың басын бұрып, Қолабаны алып
келді. Қолаба білегін ұстай салып, жиналған көп кісіге
көзін қысып қойып:
– Бұл жады емес. Жады деген кісінің өзі жады болсын.
Аман-есен жазылады, – деді.
Көпшілік сонда:
– «Аурудың атын тапқанға бақтыр», – деген, сен бағып,
ақысын ал. Өлсе, Құдайға аманат, – деп тапсырады.
– Жарайды, – деп, Түбекті үйіне алып қайтты. Үйіне
апарып, үш жылғы ту биені сойып, қазысын сылып алып,
арақ беріп, мас қылып, жарып, жадысын алды. Жібекпен
тігіп, жылқының қазысына бөлеп қойып, үш айда жазып,
атқа мінгізді. Түбек жазылып, той жасап, бір байдың сұлу
қызын алды.
Баяғы қатынды бірқанша мал қосып, жазған тəуіптің
ақысына беріп жіберді. Сол үш айда Қарқабат көп малдар
тауып, Арқадан қайтқан екен. Мерзімдіжергежеткенде, Түбектіңжайын сұрай бастады: «Жазылдыма, өлді ме?» – деп.
Бір кісі баяғы жағдайды толық түсіндірді. Сонда Қарқабат:
– Уа, шіркін! Ашумен бір сөзді айтып едім. Сол істі
орындаған екен ғой. Мұсылман екеуі екі жақта өлсе, обал
болатын болды. Сол тəуіпті қусам, жете алар ма екем?
Қатынын алып келіп, өзіне қайтадан қоссам немесе бір
бірінен ырзалық əперсем, мен жетем бе? – дегенде, баяғы
кісі: – Жетесің, – деді.
Қарқабат айдаған малын бір ауылға тығып қойып,
тəуіпті қос атпен қуады. Еркімен бара жатқан тəуіпті жол
үстінде қуып жетті. Тəуіптің қолын алып амандасып,
Қарқабаттың сөйлеген сөзі:
– Мағалайкүм ассалам, дəрігерім!
Береке кісі екенсің жүрген жерің.
Нəпсіге ермейтұғын адам бар ма?
А, шіркін, дүниеге бармас едім.
Иман күт, кəрия болдың, барғын Мекке,
Тау-тауға құлжа құсап шықтың жеке.
Түбектің тандап алған қатыны еді,
Барасың қай жаққа алып, тəуіпеке?
Баяғы Қолаба тəуіп жасында ақын екен. «Қартайдым», –
деп, өлеңді қойған кезі екен. Бірақ ақылмен тəуіпшілікті
кəсіп қылып кеткен екен. Айқайлауға шамасы жоқ, көкірегі
сырылдап, өлеңмен жауап береді.
Тəуіп:
Үш жүздің таныс болдым жақсысына,
Кез болдым Қолабадай бақсысына.
Түбекті жады болған үш ай бағып,
Көп мал мен қатын алдым ақысына.
Қарқабат:
Тілі ұзын болады өнерпаздың,
Даусы əдемі келеді қоңыр қаздың.
Түбектің дерті жаман, шошып едім,
Айтсаңшы, тəуіпеке, қайтіп жаздың?
Тəуіп:
Асына Тəнекеңнің алып барды,
Шақырған соң, білегін ұстай алдым.
«Жады емес, жады деген – өзі жады», –
Дедім де, елге көзім қысып салдым.
Көпшілік: «Сен баққын», – деп, барған соң,
Кешікпей, тез үйіне алып бардым.
Мас қылып, арақ беріп, жығып тастап,
Жадысын ішіндегі жарып алдым.
Құдайым абұйырын берді маған,
Түбекті жады болған сөйтіп жаздым.
Қарқабат:
Бұл емес, кəрия, сенің тең құрдасың,
Дүниеге мұнша неге қызығасың?
Қолыңызда аз емес алған олжа,
Қатынның маған байла жалғыз басын.
Тəуіп:
Менің де ойлағаным – қызықшылық,
Салмағын арамызға бұзықшылық.
Сұрасаң, мына малдың бəрін берем,
Келісіп қалып едім, ойнап-күліп.
Жас қатын аз өмірге жаңа тауып,
Жақсы боп қалып еді, тізем жылып.
Міндет қып жастығыңды жол үстінде,
Бұл сөзің – маған салған бүліншілік.
Қарқабат:
Қиядан жөнін тапқан жол қазады.
Шын тұлпар шаба берсе, күнде озады.
Қол жетпес мəуеге əуре болып,
Надандықпен кейбіреу қол созады.
Қартайып, өзі тұлпар болғанменен,
Ойлашы келешекті, қай озады.
Түбекті жады болған сен жазыпсың,
Өзіңді жады қылса, кім жазады?
Тəуіп:
Достастық бұның сөзін бұза алмаймын,
Ауруды жеңіл-желпі ырымдаймын.
«Түбек жөн жүрмейді», – деп жады қылды,
Ол құсап басқа жаққа бұрылмаймын.
Жетеді аз өмірге, қыз алмаймын,
Мен жүріп, алыс жерге ұзамаймын.
Қиырдан кінə тауып, өкпелейді,
Қасынан өлгенімше ұзамаймын.
Қарқабат:
Жарай ма ел бірлігін ұмытқаның?
Өлімге, жасың жетіп, жуықтадың.
Аразды тату қылып кетсең етті,
Ұят қой жас қатынға қызыққаның,
Кетпейді иман ұзап тобалыдан,
Дүниенің қызық көрдім талайынан.
Балаңның қатары екен, байқап қара,
Қаларсың жас адамның обалына.
Досың – сол, кемшілікті атап келсе,
Жамандық алыс емес, тақап келсе.
Қайтесің, көпке бірдей тəуіпсің ғой,
Алыстан өзіңді іздеп қос ат келсе?
Тəуіп:
Шықпаймын алысқа ұзап өлгенімше,
Бағамын əл-шамамның келгенінше.
Қоямын бақсылықты бұдан былай,
Сертім сол ең ақырғы өз көзіңше.
Қарқабат:
Келмейді өткен өмір орынына,
Дүние əбден жетік торуына.
Жүрсің бе «өлмеймін» деп, Қолаба шал?
Қара жер ақыр алар қойынына.
Өмірдің қысқарғанын осыдан біл,
Күніңнің қанша өткенін таныдың ба?
Маңдайдан нұр құйылып, гүл төккенде,
Ат терлетіп келгенге бармай қойсаң,
Аттың тері, ердің обалы болмасын мойыныңа.
Құдайдан қорыққан жан қауіптенер,
Қызықпа қартайғанда жас адамға,
Сыр бермей, ажал бір күн соғып салар.
Сенбеу керек əр істі кездеспейді деп,
Алдына ұл-қызыңның келіп қалар.
Тəуіп:
Шырағым, жақсы екенсің амалдарға,
Жас күндей ерегісер заман бар ма?
Сен де бір назар керде жігіт едің,
«Алдына ұл-қызыңның келеді», – дейсің,
Зиян болып кетпесін балаларға.
Мынау айткан сөзіңе мен жығылдым,
Қайтейін? Алсаң алшы. Амал бар ма?
Қарқабат:
Кəрия, жақсы болды-ау думанымыз,
Жол үстінде амандасып тұрғанымыз.
Əзілмен жақсы-жаман қалжыңдасып,
Қыздырып біраз дүкен құрғанымыз.
Адамның бала деген бауыр еті,
Ақыры шын сөзімді сыйладыңыз,
Айтқан сөзге түсініп, көңлің жұмсап,
Қош, қайыр, рахмет! Сыйладыңыз,
Көп өмірде бірталай қызық көрдің,
Өлгенде болсын жолдас иманыңыз.
Сол сөзбен Қарқабат Қолабаны жолға салып, қатынды
алып қайтты. Түбектің үйіне тура келтірмей, бір ауылға
тығып қойып, ештеме білмеген кісі құсап, өзі жалғыз
келіп, Түбекке көрісіп қалды. Түбек баяғыдай нұры жайнап, жақсы сұлу алған, ортекедей ойнап тұрған жеңгесін
көрді. Көңлі шаттанып Қарқабат: «Қайран, досым!», – деп
жырлай бастады:
– Жаһанға жарқ айналып, болдың көсем,
Мойны озған үш жүздегі сен бір шешен.
Аурудың түрі жаман, шошып едім,
Уа, достым, жазылдың ба аман-есен?
Көргенде алтын жүзің, шошып едім,
Көзімнен қанды жасым жосып еді.
Аман-есен көргенде, «Шүкір!» – дедім,
Жоғалсаң, табылмайтын асыл едің.
Түбек:
Дұрыс. Қуғанменен, болмас тамам,
Тең емес, өлшегенмен жүйрік-шабан.
Алдымда терең жарға жығылмады,
Байқамай, абайсызда басса қадам.
Тірліктен күдер үзіп қалып едім,
Лажсыз, көзім жайнап, қалмай шамам.
«Көргенге мың шүкірлік», – деп отырмын,
Қарқажан, ат-көлігің келдің бе аман?
Қарқабат:
Заманға қай пенденің көзі жеткен,
Жан бар ма тура жүрген əділетпен?
Шақыршы, бері келсін, амандасам,
Баяғы біздің жеңге қайда кеткен?
Еске алдым қайран жеңге сағынғаннан,
Үйреніп көз көрген ғой, не қылғанмен.
Қапа боп, ашуланып ұрысып ем,
Өкпелеп, келмей отыр тарынғаннан.
Түбек:
Өткен күн, балалықты сағынасың,
Кісіге ақылы озған бағынасың.
Жаныма бір шыбындай қастық еткен,
Бетпақтың атын атап, не қыласың?
Қарқабат:
Өкпелеп келмей отыр, шақыр бері,
Түзеліп қалар істің артық-кемі.
Шыдамай беті құрғыр тұрған шығар,
Біле ме надан пенде өлер жерін.
Түбек:
Үш жүздің таныс болдым жақсысына,
Кездестім Қолабадай бақсысына.
Жаныма себеп болды сол азамат,
Мал қосып бердім соның ақысына.
Қарқабат:
Əркімнің көңілінде көп арман екен,
Өзіне-өзі қайғы салған екен.
Ашумен бір ауыз сөз айтып едім,
Шіркіннің обалына калған екем.
Түбек:
Дүниеге əркім келіп, қайтып кеткен,
Шерменде өз жазасын тартып кеткен.
Өзімнің бір басыма қастық етті,
Кім үміт қылар дейсің қарабеттен?
Қарқабат:
Көңілдің досың жетер жарасына,
Достың дос қарамақшы шамасына.
Кектескен мұсылманға жараспайды,
Əпкелсем қатыныңды аласың ба?
Түбек:
Тең қылып жаратқан жоқ жанның бəрін,
Азаптың көрдім қанша кеңі-тарын.
«Жадыбас еткен қатын қайта алдың», – деп,
Бетіме салық қылар құрбыларым.
Ұятсыз дүниедегі масқарасы,
Залымның көрсетпегін сұм дидарын.
Қарқабат:
Тыңдағын, қайран достым, құлақ салып,
Кетпегін бұл сөзіме ашуланып.
Көңлің бұрынғыдай болмаса да,
Жүреді қызметкер боп, отын алып.
Кек кеткен мұсылманға жарамайды,
Қайта алғын қатыныңды, келдім алып.
Жаны басқа болғанмен, тəні бірге,
Мен келдім бір ашуға қолқа салып.
Көнбеймін, досым, сенің алмасыңа,
Қоймаймын осы жолы болмасыңа.
«Қатынды қоя берген қайта алды», – деп,
Айтқаны келе берсін өз басына.
Көңлім, сыйламасаң, қалады ғой.
Ей, досым, бір ашуды байламасаң,
Достық пен жолдастыққа саламын ғой.
Бұл сөзім – анық сырым, емес бекер,
Сертіме, қайтсем-дағы, тегі, жетем.
Бұл сөзді орынына келтірмесең,
Болса да таңда махшар, көрмей кетем.
Сонда Түбек достықтан қысылып, жылап тұрып,
қатынын алмақ болып сөйлегені:
Сөйледі сонда Түбек құлдық ұрып,
Көзінен сасқанынан жас төгіліп.
Бəрінен достық жолы қымбат екен,
Ақыры алмақ болды, дымы құрып.
Баяғы қазақшылық əдетімен
Өзіне қосқан екен, неке қиып.
Қарқабат үлгілі сөз көп сөйледі,
Достықпен шын жарын бетке берді.
Жол күтпеген жаман дос əр жерде бар,
Жаман дос болса, бекер кетпек еді.
Қарқабаттын ең соңғы сөзі:
Біреуді қойды көпке қалыс қылып,
Біреуді жаратты Алла шалыс қылып.
Жаманнан досың болса, азаматтар,
Кетеді жақыныңмен шағыстырып.
Оттағы жанбай жатқан шала құсап,
Кетеді, көсеу алып, қағыстырып.
Жақсы адамменен дос болсаңдар,
Кетеді, араз болсаң, табыстырып.
Қарашы Қарқабаттың кемеңгерін,
Ақыры кеткен екен табыс қылып,
«Мен – адал, мен де сондай пендемін!» – деп,
Кейбіреу сөзді шашар жарыстырып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter