Өлеңдер ✍️
ТҮБЕК ПЕН БАЙҚАДАМНЫҢ КЕЗДЕСУІ
Түбек:
Əй, Бəке, толып жатыр ақыл-айлаң,
Тигізші ақылыңнан бізге пайдаң.
Қашанғы сенен қорқып күнелтеміз?
Кім артық осы күнде Кеңесбайдан?
Байқадам:
Кеңесбай артық па еді тірі жаннан,
Мəмбеттің малы артық түздегі аңнан.
Көшіңді Кеңесбайға орай қылса,
Байқараң қалай озбақ Алханнан?
Түбек:
Баласы Аққайдықтың – он екі ауыл,
Бойында үлгісі бар, əні тəуір.
Көшіңді Кеңесбайға орай қылдық,
А, Бəке, мына сөзің тиді ауыр.
Байқадам:
Баласы сұлтанымның бес тап елдей,
Дəулеті өзіне сай, шалқар көлдей.
Менімен дəулет жағын көп санаспа,
Сындырар домбыраңды соққан желдей.
Түбек:
Сен Сарыжомарт болғанда, Байғарамын,
Ақылым толып жатқан, дəп даламын.
Менімен дəулет жағын көп санаспа,
Ағаң артық жаратқан мен боламын.
Байқадам:
Сен – Байғара болғанда, мен – Мəмбетпін,
Еліңнің байын айтшы менен өткен?
Арғын, Найман жиылып, тең болмайсың,
Байлығы дəулетімнің Мекке кеткен.
Түбек:
Əкем аты – Құттыбай, ұлылық менде,
Тиістің бе, Сарыжомарт, келген жерде.
Келбетіңе жауабың орай емес,
Мырзам бар Кеңесбайдай біздің елде.
Байқадам:
Кеңесбай қандай мырза еді біздің елде?
Солай деп айтты дерсің көрген жерде.
Кедей болсам, еліңе бармас па едім?
Домбыра алып жүрсің ғой біздің елде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter