Өлеңдер ✍️
МАХАББАТ БОП...
Олпы-солпы өтіп кеткен көп күндер...
Қасақана кейде тәлкек еттіңдер...
Қиып қимас қыршын ұлды құрдымға,
Қарлығаштар, қайда ұшып кеттіңдер?!
Байғұс жүрек өкінішін баса алмай,
Өксіп кетті-ау, жанарына жас алмай.
Ұлпа көңілді үсік шалып жазыңда,
Қатып қалды-ау, асуынан аса алмай...
Жаратқаным, берші нұрлы ақыл-ақ?
Арсыз істі жатпайыншы ақылап.
Тәңірісің, табынарым Өзіңсің,
Тірлігімді күзететін бақылап?!
Беу, дүние-ай,
Бедерің бар не түрлі,
Кейде жалын, кейде жәйдің оты ұрды.
Қайшылыққа толы мынау тіршілік,
Додаға сап мазамды әбден кетірді.
Бірақ, кімге жалынамын наз айтып?
Бара жатыр Хақтың ісін қаз айтып...
Сен ғанасың сырласарым адамнан,
Кеп-кетіп тұр мұңымды сәл азайтып.
Сәл ғана сәт ұмытайын қайғыны,
Арманымның жетсін барып Айға үні...
Махаббат боп ұласайын мәңгімен,
Көңілімнің құсқа толып айдыны...
1987.
Құлжа
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter