Өлеңдер ✍️
МАХАББАТТЫ ЖАУЛАСА ЕГЕР ЕРКІНДІК
Бисмилләһир Рахманир Рахим!
Бүгін кейбір қалаңызда қайнаған,
Нәпсіге елткен сайтан тірлік ойнаған...
Керең кеуде кезбелерді көресің,
Хағын жалмап, қасіретін тойлаған...
Бұлай болса құрығаны наздың да,
Бұлай болса азайғаны аздың да...
Бұлай болса тіршіліктің қожырап,
Махаббаттың айналғаны азғынға!
Бұлай болу даламыздың салтында
Жоқ, жоқ, рас біздің қазақ халқында
хақ иманды өткен талай ғашықтар,
Арын таза сатпайтұғын алтынға.
Шын жүректер шырқамайды жәй әнді!
Хақтың ісі хақшылдарға аян-ды...
Ер жүрегі еңірейді хақ бұзған,
Есіне алып Қозы менен Баянды...
Бізден ешкім аса алмайды «нұрлі ек» деп.
Сұлулықтың өзі сырлы бір мектеп...
Біз ежелден хақиқатты растап,
Келген елміз махаббатты құрметтеп!
Қақың қанша ед қасиетке налуға?
Әлің жетпес арды сатып алуға.
Мазасы жоқ махаббаттағы еркіндік,
Баянсыздар базарға өзін салу ма?
Қызойнаққа айналдырған сауықты,
Хақ білместер мысықтайын мауықты...
Бұлай болса іңкәрліктің тозғаны,
Тіршілігің әлде қайда қауыпты!...
Махаббатты махаббат деп білу құт!
Ол ғаламға бағыштайды жылыулық.
Өз іреңін өзгертеді дүние,
Жер бетінен жойылғанда сұлулық!
Кер даланың кермаралы кекілді,
Кері ынтықтың кесірінен кетілді...
Махаббатты жауласа егер еркіндік,
Сүюді адам ұмытатын секілді!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter