Өлеңдер ✍️
ЕКІ ДҰҒА
І
Әссәләумуғалайкум, Оразалы!
Қаза етіп алсаң Намаз, Оразаны,
Күнәңді кешіп Аллаһ білмей еткен,
Сен үшін болмаса екен көр азабы?!
Жақсының екі әлемде жары Құдай!
Жарқылдап жүруші едің, жарығым-ай!
Жарқылдап жүруші едің, жарығым-ай,
Сол күннің санадағы жарығын-ай!..
Халқың ба, артыңдағы бейғам әлі,
Хақ ісінде аттатпауда ой қамағы.
Айналған дүние отын көбелектей,
Сияқты сүру де өмір той қонағы...
Хақ өлім талдамас қарт, жасты тағы,
Екенін білсе де елің масқытады.
Сен кеттің қазаң кеп ед қапияда,
Еменнің қиылғандай жас бұтағы!..
«Бір күні біз де осылай кетерміз» деп,
«Бүйтсек қор хақсыз болып өтерміз» деп,
«Бұлайша дінсіз, хақсыз өтіп кетсек,
Өзіміз түбімізге өз жетерміз» деп,
Шынымен шырқай Хаққа бір ойламай,
Иманмен екі әлемді сүре ойламай,
Анығы елің әлі жатыр ұйықтап,
Дін ісін қорылынан тұра ойламай!
«Ертең, не бүрсігүні, арғы күн» деп,
Аллаһтың алмауда еске жарлығын бек...
Біреуі бардан асып басса жерді,
Біреуі жабырқауда «жарлымын» деп!
(Дін жайлы дүниені жайқуда өкпек...)
Кей қуған Раббы жолын айтуда ептеп:
Өмірге келу деген – келген беттен,
Ұғынып Хаққа екенін қайту беттеп...
Әлі оған мән беретін емес дұйым,
Секілді шын іс көптің жемес миын.
Шырағы сөніп қалған үй құсақты,
Надан мен адам құрса кеңес қиын.
Көңілін Хаққа қарсы нала қысып,
Есіне бірі сені алады ішіп.
Кейінің берекеті кесілуде,
Ауызын жалағандай ала күшік...
Дүние өзгеріссіз, өтуде күн,
Хақ білед өшуде кім, өсуде кім?
Қара Жер бетінде түк болмағандай,
Өткеннің ізін көміп көшуде құм...
Әуелден дамулы еткен сүйікті Егең
ғаламды!
Адам Оны сүйіп кеген
жоқ еді, сондықтан да адам салған
үй зәулім, жоқ сана әлі биіктеген...
Құлшылық екі әлемнің дәру асы,
Онымен ешкімнің жоқ шаруасы.
Иманын қорғамайды, дінін өліп,
Нәпсі ісін қорғағандай қару асып.
«Распен, дүние жалған, ұлас» деші,
«Дін тұтын, дін Тәңірліқ мұрас» деші.
Құлдық ет өмір сүру мәні сонда,
Айтқаны Құл-ағамның рас» деші!
«Мәнін біл, жаралудың мақсатын біл,
Өмірдің өте шығар әп-сәтін біл.
Құл болып Хаққа ғана, иманды өту,
Жәннәтқа мініп барар жақсы атың, біл,» –
Деп айтшы,
Өйтпегеннің қор боларын,
Олайсыз екі әлемі сор боларын,
Тең ойлап екі өмірді нұр сүргеннің,
Жақта анық өзің барған зор боларын,
Айтшы өзің, айтшы, бауырым, Оразалы!
Қаза етсең Намаз, Зекет, Оразаны,
Тілейтін, дұғам осы: «кешіп Аллаһ,
Сен үшін болмағай» деп көр азабы?!
Әмин!
«Әмин» де, әй, бауырым!
Алақан «әмин» деп жәй, бауырым!
Дін тұтып, дініңменен дұға еткенің,
Міндірген оған нұрдан – тай,
Бауырым!..
ІІ
Әссәләумуғалайкум, Оразалы, бауырым,
Тұлпар сынды ақын ең жел сыйпаған сауырын.
Айтып келмес ажалдың ақиқатын білсек те,
Көтере алмай қайыстық қазаң салған ауырын.
Қаза Хақтан, ол анық, айтып әсте ол келмейді,
Қаза – қайту Хаққа адам,
Қайтады, әсте ол өлмейді.
Бірақ, шіркін, тіріде қаза жайлы кеп қалар,
Ойланбайды ол анық, көңіл де оған бөлмейді.
Сен кетуің, сенімен дәуірлестер біздерге,
Қайта қарауды ескертті басып өткен іздерге.
Қайта қарап, әнеки, сені көріп отырмын,
Өнердегі ақшаңқан сенің кемең жүзді өрге.
Сенің кемең ақ кеме желкендерін Көкше етіп,
Тартқан күйі, тағдыр-ай, арғы әлемге кетті өтіп...
Өмірді өтпес көретін адамдарға абайсыз,
Ақ пен қара,
Жоқ, шынды жүректерде екшетіп.
Көп өкінді,
Мен бе, мен, мен де әрине өкіндім!
Бірақ, одан да анығы өтер күнге бекіндім.
Бекіндім де,
Сен барған шын дүние Иесі,
Хақ Аллаһтан күнәңді кешіруін өтіндім!
Олай ету тірінің артта қалған міндеті,
Жанбас мұнда мәңгілік қай-кімнің де күнде оты.
Қатарында жақсылар атың қалды, сан шүкір,
Теңеп айтсам жап-жарық секілденіп Күн беті.
Даурықпайын «жоқ еді артық сенен ешкім» деп,
Хақ қарсы кеп «мезгілсіз жанбай неге өштің?» деп.
Абыроймен Хақ берген қалып халқың аузында,
Көшкен алтын секілді өте шықтың көшкін боп...
Бізде бір күн барамыз мәңгілік ол мекенге,
Кімдер жүрген жоқ дейсің мәңгілік ол мекенде?
Адам атаң бастаған пайғамбарлар шоғыры,
Әулиелер,
Данышпан сонда, бауырым, көсем де...
Күтудесің ол анық Есеп күнді ақымда,
Арман бар ма өзіңдей айтып өткен ақында?
«Обал-ай» деп қояды ойсыз-ойлы бауыр көп,
Менше сенің қалмады дүниеде еш ақың да!
Өйткені, Аллаһ ісі хақ кімнің қанша жасауы?
Кімнің қандай ақын боп жырдан жамбы қашауы?
Тілі болып қауымның тіліп түсіп айтқасын,
Кейде орынды секілді көңілдердің босауы...
Мен, сан шүкір, түсіндім, өлім сыры не екенін...
Кетед тастап неге адам нұр дүние мекенін?..
Сондықтан да тілеймін күнәңді Аллаһ кешуін,
Аллаһ кешкен құлының жеңілдетпек есебін...
Қозыларың жүретін анасына жамырап,
Анасы – аппақ Ажарың сен кетіп ең қаңырап,
Қалғандай боп жүрді де, тағдыр ісі, әрине,
Ол да кетті,
Кетті ұшып өзің жаққа аңырап...
Дұрыс болса Аллаһқа,
Дұрыс болмақ адамға!
Өзгерту жоқ, әрине, тағдыр ісін адамға.
Біз қимадық,
Дегенмен Хаққа ұнады солай боу,
Мүмкін емес ұнамау Хаққа ұнаған адамға.
Мен тілеймін екеуің бір кіруді Жәннәтқа,
Жақсыларға орын кең дүниеден Жәннәтта.
Қайтады адам өлмейді,
Иә, сендер қайттыңдар,
Қол ұстасып бір боңдар мәңгі, мәңгі Жәннәтта!..
Мүмкін, жүріп айтысып болса амалың етпеген,
Болса арманың шындық пен туралықта жетпеген,
Жеткен ісіңді еселеп,
Абыройыңды асырып,
Рахымды, Өзі Аллаһ, рахымын төксе екен?!
Рахымды, Өзі Аллаһ, рахымын төксе екен?!
Мұнда жақсы еткендей, жақсы онда да етсе екен?
Сеніміңде, бауырым, секілді еді ақау жоқ,
Күнәңді Өзі кешіріп Фердауыстық етсе екен?!
Әмин!
2012.2.20
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter