Өлеңдер ✍️

  10.02.2022
  124


Автор: Құл-Керім Елемес

ОБАЛ-АЙ!

Ортақ дүние жүзсе де – нәсіп көлді,
Бір-бірінен неге адам асық болды?
Бір-бірінен неге адам қашық болды?
Бір-бірінен неге адам пасық болды?
Жер, су баспай біреуі кердеңсиді,
Көсемсиді, біреуі көргенсиді...
Адамдықтай Хақ Өзі берген сыйды,
Тәлкек етіп тәңірдей өрденсиді.
Ақыл жетпес біреуі данасиды,
Құдайсиды,
Құдайдай панасиды...
Ана сыйдан дәметіп, ана сыйды,
Кейі әлемде тек өзі ғанасиды.
Дүниені «мәңгілік» деп ұғынып,
Қызығына дүние көбі құнық.
Хаққа құлдық шынымен қылатыны аз,
Топырақтан жаралған тегін ұғып.
Малдан бетер қылығы көбісінің,
Хаққа қарсы мақсаты көп ісінің.
Миығынан қарайды дүниеге,
Көкке жетіп тұмсығы кебісінің.
Жаны жақсы көреді «мына менді»,
(Бұл да Аллаһтың білгенге сынағы, енді).
Кейі ешкімге еш дәмін таттырмастан,
Жұтып қана жерердей мына әлемді.
Хақпенен жоқ бір мысқал шаруасы,
Кейі-кейін қырады қару асып...
Тіпті өмірмен кейінің жұмысы жоқ,
Берсе болды табылып зәру асы.
Мәңгілігі көбінің осы-ақ әлем,
Өлшейді өмір бақытын босағамен.
«О дүние,
Жұмақ пен тозақ барды»,
Кейі амалсыз санатқа қосады әрең.
Көбі анығы бұл шынға нана алмайды,
Нанбағасын хақ нұрға қана алмайды.
 Нұрға қанып,
Хаққа құл болмағасын,
Ондай адам нақ адам саналмайды.
Осылайша нұр текті қор боп адам,
Өз нәпсісі өзіне зор боп адам,
Жарық келіп қараңғы сүруде өмір,
Құс секілді хафазда – торда қаған...
Хақ дінінен қашқақтап осқырынып,
Жамандыққа жатқасын босқа ұрынып,
Төрт аяқтап жатады дін сыртында,
Мәңгіліктен қылмастан ешбір үміт.
Обал-ай!
2012.1.23




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу