Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  173


Автор: Светқали Нұржан

Қалаға қайта оралу

1-өлең
Баққа бола, жоқ әлде, сорға бола
Қайта айналып келдім мен. —
Ар ма, Қала?!
Сары далаға сия алмай бейбақ басым,
Өз еркіммен қамалдым тар молаға...
Сірә, мені орта жоқ шеттетпеген,
Жұртқа жағу — ісім бұл көктетпеген.
Астанамнан безініп — тас ғаламнан,
"Бабалы көрсін жүзіңді!.." — деп кеткен ем.
Болмаса да баяғы жат астана,
Тағы шықты алдымнан топас қала.
Улы сусын ұсынып Жан шөліне,
Қасіретімді қарсы алды қапас пана.
Тіршіліктің құл қылғыш Заңы жегіп,
Тәнім тірі болғанмен, жаным өлік;
Қайта қақтым қаңғыған қайыршыдай,
Қапасымның қақпасын тағы келіп.
"Жолың дұрыс еді ғой бөлек кеткен." —
Басын шайқап қояды терек те еппен.
...Сұрғылт топан тәрізді ағады адам. —
Кім-ей, мұнша бұларды дедектеткен?..
Сұр топанға барады жұртым еріп,
Жүрек көзін дүниенің құрты көміп.
...Ақындықтың еңсесін езіп-жаншып,
Әкімдіктің кеңсесі тұр түнеріп.
Мұлғын ымырт теңізге жайлап шөгіп,
Қала оттары толқында ойнап сөніп;
Ұлым менің балконнан қышқырады,
Иттеріне қаланың айбат шегіп.
Алғаннан соң төріңе көшіп кіріп,
Көрсетерін кім білген нешік қылық?
Қой, қой, ұлым, сабыр ет, пәлелерді
Неғыласың өзіңе өшіктіріп?!
Жапшы есікті!
Ит даусын тыңдатпа, ұлым,
Ит — иттіктен көрсетіп жүр жаттығын...
Ұғармысың, мынадай мың қаладан
Маған титтей ауылымның қымбаттығын!?.
Ми қаңсытып сыбдыры тозған бақтың,
Аярсиды шуымен көзді арбап түн.
Автолардың ажалы ұйықтатпайды,
Жаршысындай басымнан безген Бақтың.
Ести алмай Әуенін Әлди-түннің,
Тозағына қаланың мәңгі үйтілдім.
"Қош аман бол!
Көргенше кім бар, кім жоқ?" —
Жалқы Мұңды тербетіп қалғитын Күн...

2-өлең
Қалалықпын. Ақтаудың тұрғынымын,
Үзетіндей тірлігім жыр жұлынын.
Тас қамалдың ішінде өтіп жатыр —
Есалаң күн, ауан ай, жынды жылым.
Запыран ой көңілді күпті қылған.
Көзім гүлдей қауызына шық тығылған.
Төбе шашы қурады үрейімнің,
Қала! —
Сенің шығам деп тұтқыныңнан.
Жетпейді осы өзіме неге күшім? —
Бір мандымай әлі күн келеді ісім.
Жанашырлар миымды жеп барады:
"Тыныш жүрсең жұрт құрлы — өлемісің?!'
...Өлең үшін кетіп ем Алматыға,
Ақтауға да оралдым өлең үшін.
Үйренбейтін құлағы шуға мына,
Қарғыс айттым бәңгі боп туғаныма.
Күн — орнында, әнеки, ай — қорымда,
Не жетпейді, ал сонда қу жаныма?..
Шақырғандай болғанға тағы далам
Барсам, жылу алмаққа жаныма одан. —
Көне қойтас,
Көк бөрі,
Көк мойнақ ат —
Қарайтындай жатырқап бәрі маған.
Қаққан миға шегесін ой ма батпан? —
Қалай ғана құтқарам бойды азаптан?
Қалаға да сиғызбай, далаға да
Қойғаның не өгей ғып ей, Жаратқан!?
Зіл езеді иықтан күн-түні ауыр,
Басты еңсеме аспанның бұлты бауыр.
Ана-а ойпаттың ар жағы —
Шың басында
Менің туған ауылым бар — жылқылы ауыл.
Қоныс қылып сол қыстау, сол ауылды,
Қоссам ба әлде бәйгіге жарауымды!?.
Қарыс ұзап қаладан шыға қалсам
Қытықтайды түтіні танауымды.
Өргізгендей мың жынын көне Қойқап,
Еліктіре береді неге Байтақ?..
Арамызда алайда апан жатыр,
Апан жатыр — Ең бағзы терең ойпат...

3-өлең
Қала. Түн. Боз құнан.
Түнгі теңізге телміріп балконда отыр едім. Радиодан Жаппас Қаламбаевтың орындауындағы қобыз күйлері беріліп жатты. Тереземнің тұсынан жалғыз жылқының кісінегені естілді.
Күзгі жел сапырғанда теңізді өктеп,
Жатырған жан жыртығын қобыз көктеп.
Тұсынан тереземнің бір боз кұнан
Тұрғандай кісінеді мені іздеп кеп.
Қапылдым боз құнаным күтпейтіндей,
Әлдекім қазынамды үптейтіндей.
Жануар терезенің алдында тұр:
"Жүр, кәне, ер соңымнан, шық!" — дейтіндей.
Қайтейін, өтті Дәурен, озды бағым,
Несіне келместі аңсап сөз қыламын?!
Япырмай, қайдан ғана тапты мені,
Адасқан үйірінен боз құнаным!?.
Жанары қарағымның өткір қандай?!
Ыстық дем танауынан бетке ұрғандай.
Балконнан жанталасып қолым создым,
Жебеуші — ақ періштем кеп тұрғандай...
Аспанның азулы шәр бұлтын жеген —
Жекірді мен түсінбес бір тілменен.
...Бауыздардай алқымымнан ай ақшиды,
Қанжардай әлі қаны сүртілмеген.
...Жә, қош бол!
Жолың болсын, жануарым,
Мен шыға алмайды екем бұл түрмеден.
Мөрі бар Аңсарымның жанарыңда,
Қаланың қалмашы енді аранында.
Жабылып көп бұралқы жемей тұрып
Жете гөр, жайлауыңа аманыңда. —
Тапталма темір-тажал табанында...
Сөзімді менің айтқан бек түсініп,
Күл қылып үмітімді көкке ұшырып,
Жанары шам нұрына шағылысып
Боз құнан қара түнге кетті сіңіп.
Кеткені дұрыс болды құса қылмай.
Біздің жай — боз құнанның мысалындай.
...Қызғылт ай бозғылт бұлтты іреп жатыр,
Қан жұққан қасапшының пышағындай...

4-өлең
Мынау қала, жасаған-ау, қай қала?! —
Сұрғылт үйлер, сұрғылт жүздер айнала.
Сұрқы қашқан көз жауы мен санаға
Әр беретін тек кешкілік Ай ғана.
Бір жағында көкжал теңіз арсылдап,
Бір жағында дала жатыр қалшылдап.
Кәрі қатын жаққан опа сықылды
Жидіп жауған қардан кейін сән-сымбат.
Құдайым-ау, мынау сонда Ақтау ма!? —
Өлең таппай қалушы ек қой мақтауға.
Тырбық талдың айтатыны бір-ақ ән —
Мұңның әні — басқа жыр жоқ жаттауға.
Тырбық талды ұстаз тұтқан шыбықтар
Таңнан тұрып мұңның әнін ұлытты, ал.
Терезеден мүсіркейді халықты
Төрге шығып төресінген мырықтар...
Қашағанның ескерткіші бұйығы
Мұңаяды, салбыраңқы иығы.
Бізге не сын — ет-сүйектен жаралған,
Қола ақынның түсіп кетсе иіні?!
Желтоқсанның естіледі ызыңы.
Ештеңенің қалмағандай қызығы.
Жүздер сұп-сұр, тек көздерге жұғыпты
Кешкі нұр мен ақшалардың қызылы...
Ай-ұстара көктің шашын күзесе,
Жұлдыз-жара ушығады жүз есе.
Сол жарадан тамған қанға ұқсайды
Көктегі ұшақ қонуға бет түзесе.
Бұл қаланың бір қалыпты әр түні,
Тек теңіздің көпіршиді алқымы.
...Желпілдейді төбесінде Ақ үйдің,
Жел жеп қойған Көк байрақтың тамтығы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу