Өлеңдер ✍️
Жыршы ағаның тойындағы «Топ тарқатар жыр»
Жатқанда таңғы ұйқыда талаурап қыр,
Талықсып жасын сықты алаурап гүл...
Менің де алай-дүлей көкірегімде
Сен айтқан ән-жыр кетті бабаурап бір.
Ақбоз үй сәуле сауып белестегі,
Балқиды сары майдай тегештегі.
Жатады көшіп менің көз алдымнан,
Өткеннің енді оралмас Елестері.
Жыр-күйді сен отырсаң қатар өріп,
Марқаяр оқ жонтан ұл ата көріп.
Аралбай, Абыш, Ақтан, қарт Қашаған
Тұрғандай Сәттіғұлға бата беріп.
Тарихта мен ашпаған парақ бардай,
Кеудеңді құмар қанбас сан ақтармай. –
Қайыптар Ақбөбекке қолын бұлғап,
Қалнияз Ауған ауып баратқандай.
Бекеттің бел жайлауын ел жайларда,
Сап салып көңілдегі көп жайларға,
Қаланың қапасынан —
Әніңе еріп,
Кетеді көшкім келіп Қолғайнарға.
Ән тынбас аспаным бар — ел есенде,
Сарқылмас дастаным бар — Сен есенде...
"Тоя алмай Қыземшектің қызығына,
Қайтсақ қой қайта барып Көгесемге..."
Кербез күй, сырбаз әуен, өлеңі асқақ —
Үркітер көп қайықты кеме жасқап.
Көзіме көрінесің кейде менің,
Ақбас нар келатқандай келе бастап...
Алты Алаш, Әлім, Табын, салқам Адай —
Жиылсын — жайсаң іні, дархан ағай.
Мұралық беріп сенің, аға, бүгін,
Құралың қарағұрым тарқамағай!..
Алаштан озбасақ та би атанып,
Сыр айттық ақ қағазға — сия тамып.
...Өткен шақ — мен көрмеген Ертегі еді,
Жүре бер Ертегіме жиі апарып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter