Өлеңдер ✍️
Көңіліне келіп қалар...
...Біздің Дала көнбістіктен көнге айналған тәрізді.
Өз ұлдары өгей шығып жүректен қан ағызды.
Парыз қайда алдындағы ертең келер ұрпақтың?
Қайда асырдық әруақтарға төленбеген қарызды?!. —
Деп ем, кенет бұғып жатқан шығып кетті тастан үн:
"Ойбай, тыныш! Көңіліне келіп қалар басқаның..."
Ал көнейік.
Сонда біздің кім қарайды көңілге?
Есектен де ессізденіп митыңдау да өмір ме?!
Қанмен жиған қазынамды тегін беріп тексізге,
Құл мен Құтан билік айтты Абыз сөйлер төрімде...
Әлгі Дауыс Мидың көзін жарқ еткізді қас-қағым:
"Ойбай тыныш! Көңіліне келіп қалар басқаның..."
Біздей самас еренсізді есі дұрыс кекетті ел —
Сәл Саңылау қалса Баста сол мазаққа төтеп бер.
Отан жайлы ұғымыңа ұрып қолын қояды —
Қотанына қасқырлармен бірге шапқан көпектер.
Тағы да әлгі үн естілді:
"Жақ жаппауын қасқаның! —
Ойбай, тыныш! Көңіліне келіп қалар басқаның..."
Бостандықтың бозасына тойып алып оталап,
Сөйлесе Ерлер — жұрт қарайды жанарлары боталап.
Елдің қамын жегенсініп, Жердің Қанын жұтуда —
Қызғылт құлқын, сұрғылт тәбет,
бозғылт ындын — махаббат.
Тап жаңағы Үн:
"Қозғау мүмкін емес Сордың тас-тағын,
Ойбай, тыныш! Көңіліне келіп қалар басқаның..."
Бұл неғылған топас — түйсік, кердең — ұғым, кер — сана?..
Сүйегімде Тірі ет қалса жұл да, отыңа боршала.
Ұлы Төзім ұйықтап жатыр біздің мең-зең
Далада Селт етпейтін — көзін ойып, тілін кесіп алса да.
Тастың даусы тұр естіліп:
"Жағынды енді ашпағын,
Ойбай, тыныш! Көңіліне келіп қалар басқаның..."
Менің жерім қаза-қаза көрге айналған сықылды,
Жиған ырзық-несібесі көңге айналған сықылды.
Өлікті де ұйқысынан шошытардай кешегі
Көрген Түсім шыныменен Өңге айналған сықылды.
Тастың Даусы қатты шықты:
"Ойлау керек бас қамын,
Ойбай, тыныш! Көңіліне келіп қалар басқаның..."
Зорға жеткен Азаттығым ғасыр жалғап ғасырға,
Бұлың етіп жоғалардай үрейленем расында...
Бабалардың Сүйектерін сатып байып алғандар
Той тойлауда — Болашақтың Моласының басында!..
Боздап қоя берді кенет менің Басыр Аспаным:
"Тыныш, ойбай! Көңіліне келіп қалар Басқаның..."
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter