Өлеңдер ✍️
ОҒЛАН
Мадақ ол Хаққа,
Мен сені мақтайын деген жоқ едім,
Хақ Өзі хақтап хақсызға атылған қарсы оқ едің.
Дәл қазір жұртты тас қара надандық түнек ішінен,
Оятуда сен жалғыз-ақ парламент өзің боп едің!..
«Халық» дегенді халық өзі қорғап тұра алмай аттырған,
Күн өткен бастан халыққа өзіне-өзін саттырған.
Мысалы,Тұрар, Мыржақып, Ахмет, Дулат, Мағжандар,
Тұлғалар еді халықтың қамын ойлаудан сап құрған!
Сұмдық-ай деші, оянбақ,
Ой алмақ қашан бұл қазақ?
Қолқасына өзі қол саумен өзіне ылғи қылды азап.
Қайтадан тіпті ханданған,
Жанданған мына ғасырда,
Жарығын жалмап басқаға ету ғой өзін бұл мазақ!
Тексізден емес, тектіден тексіздік іздеу не сұмдық?
Арланын талай бұл қазақ жібермеп пе еді мешін ғып.
Қыранын қалың қарғаға қансоқталата шоқытқан,
Сұмдық-ай сұмдық, сұмдықтан,
Сұмдықтан мұндай шошындық!..
Абайла, ей, қазақ, абайла,
Туыңды қолдан құлатпа!
Туыңды қолдан құлатып, тұлғаңды қайта жылатпа!
Қамың жеп, қазақ, «ұлтым» деп, еңіреген оғлан ұлыңды,
Қасқырша бассап бауыздап,
Тартқылай көрме лақша!
Көзіңді аш, қазақ, күн туды жұмулы көзіңді ашатын,
Кез емес мынау қазақтың қазақ өз қанын шашатын.
Самғайтын кезі бұл анық діні мен ділі үндесіп,
Ілім, ғылымды қанат қып, ілдірмей шаңға шашасын!
Ішінде ел қазір біздіңше шындық пен жалған тірескен,
Жалғанды шындық қозғауда ғасырлап мұздай сірескен.
Надандық жеңбек күш қылса,
Адамдық жеңбек іс қылса,
Байқау шарт, сұмдық басталмақ ортада шайтан ысқырса...
«Нем кетер» деме, ей, қазақ,
Басталса сұмдық нең кетпес?
Рухтан азса ұлысың жарасын жанға емдетпес.
Көз ашқан нұрға жүректі арсыздық бітеп антұрған,
Жайқалып жалған жақсылық шайқалып тынар,
Меңзетпес...
Бұл да бір сынақ арбасқан қараңғы менен жарыққа,
Қараңғы қамап жарықты итермелеуде жар, ыққа...
Жабылып бәрі жарықты өшірмекке өле кіріскен,
Айналып ақыр тынбасын біздің бұл қоғам ғарыпқа!..
«Ұлтшыл» көп, қызық, «тіл» дейтін, не етуді ол жайлы білмейтін,
Ауызша «салт» деп айғайлап, салтты өзі көзге ілмейтін,
Ділінде ұлт жайлы дыбыс жоқ, ол жайлы қоймас ұлуды,
Сөздері ғана жасырған халықсыз ішкі тұл кейпін...
Кигені басқа, ішкені, ұлтының кимін кимейтін,
Жүргенмен тілі «ұлтым» дап, жүрегі ұлтын сүймейтін,
Адамның,
Екі ғаламның Раббы – танып Аллаһын,
Тұтынып дінін ұлт тұтқан, Хаққына басын имейтін...
Көп бізде қазір осындай айырмас ақ пен қараны,
Ырысын ұлттың соруға ашылған абы* – араны.
Қазақты қазақ тілімен, дінімен тұтас сүю жоқ,
Қасқыр мен қойды бір қамап отырмыз жауып қораны...
Сұмдық-ай, қорлық болды бұл, ағымның бәрі осында...
Төрт мыңы төрт мың үй тігіп, айналды төрт мың қосынға...
Біріне кіріп біртіндеп арбаған абыға арбалып,
Айналып кетіп барады жауыңа жақын досың да...
Хаққым-ай, Өзің кешіргін?
Бәрі де Сенің сынағың
екенін біліп тұрсам да, пенделікпенен сынамын...
Көтеріп дінім беделін, біздегі жұрттың басына,
Біреулесуді бер, Аллаһ, қалдырмай бір де бір ағым?!
Сабыр қып жалғыз Иеге,
Аман болшы әуел, бауырым!
Ел мойнына ауыр жүк түссе арқалап жүрдің ауырын!
Тілейік Хақтан бауырдың, тез оянуын тілейік,
Оянса бауыр, Иншаллаһ, таниды бауыр бауырын!
Сондықтан сабыр Хаққа етіп,
Болшы аман, оғлан – бауырым!
2011.9.28
*Абы – жыланның бір түрі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter