Өлеңдер ✍️
Сөз ішіндегі сөз
СҰЛТАН
«С»-дан бастап оқысаң,
Ел ағасы сұлтанмын.
«Ұ»-дан бастап оқысаң,
Табандағы ұлтанмын.
Болғанша өзге ел сұлтаны,
Бол еліңнің ұлтаны.
САБАҚ
«С»-дан бастап оқысаң,
Оқитұғын сабақпын.
«Б»-дан бастап оқысаң,
Ру аты Абақпын.
Қасқыр аулар үй, білгін
Ескі мәні Абақтың.
Білдің мәнін Абақтың,
Жақсы оқы енді сабақты.
БАҚША
«Б»-дан бастап оқысаң,
Жұрт серуендер бақшамын.
«А»-дан бастап оқысаң,
Ел ырысы – ақшамын.
Алып билет ақшаға,
Кірген жақсы бақшаға.
АБАЙ
«А»-дан бастап оқысаң,
Абай атаң атымын.
«Б»-дан бастап оқысаң,
Бай болам, бар асылым.
Абайлатам тағы да
Талай істі жасырын.
Ұқсау үшін Абайға,
Алды-артыңды абайла.
ТЕҢ
«Т»-дан бастап оқысаң,
Атқа теңдер тең болам.
«Е»-ден бастап оқысаң,
Кереметтегі ең болам.
Ел теңдігі һәм тағы,
Теңдік белгі мен болам.
Келсе мықты ең болғың,
Барлық істе тең болғын.
БІЛІМ
«Б»-дан бастап оқысаң,
Білім болам алатын.
«І»-ден бастап оқысаң,
Артқа іліммін қалатын.
Жақсы білім алғаның,
Артқа ілім боп қалғаның.
ШАҚ
«Ш»-дан бастап оқысаң,
Дәп-дәлдегі шақ болам.
«А»-дан бастап оқысаң,
Түстің түрі ақ болам.
Дәл шақтап ки киімді,
Ақтап ұста үйіңді.
ТОН
«Т»-дан бастап оқысаң,
Киетұғын тон болам.
«О»-дан бастап оқысаң,
Сан түріндегі он болам.
Кисең-дағы тон жаман,
Алдан көрін он қадам.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter